Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы коронавирустың «омикрон» штамын анықтау жұмыстары жөнінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Екі айда бір рет қаланың эпидемиологиялық қызметі, бүкіл республика секілді қандай вирус басым екенін бақылау үшін коронавирус инфекциясының штамдарын анықтау және зерттеу бойынша мониторинг жүргізеді», деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ПТР-сынамалардың бірқатары зерттеу сатысында тұр.
«Қазіргі уақытта «омикрон» әлемнің көптеген елдерінде таралғандықтан, біз Денсаулық сақтау министрлігі мен санэпидбақылау комитетінен оң ПТР-зерттеу сынамаларын секвиндеу үшін зертханаға жеткізу туралы тапсырма алдық. Бүгінгі таңда біз материалды Сараптама орталығы зертханасының Нұр-Сұлтандағы филиалына жеткіздік. Яғни, қазір 35 сынама зерттеу сатысында тұр. Соның нәтижесінде біз елордада және жалпы республика бойынша «омикрон» айналымы бар-жоғын айта аламыз. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», деді С. Бейсенова.