Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов Алматы қаласына жасаған сапары барысында жергілікті басқару қызметі өкілдерімен кездесіп, бірқатар басқосуларға қатысты.
Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау отырысы болды.
«Бүгінде қала бойынша Елбасы ұсынған маңызды стратегиялық құжатты түсіндіру жұмысымен айналысатын жалпықалалық ақпараттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Қазіргі таңда бір қалалық және аудандық деңгейде құрылған 835 арнайы топтың Елбасы Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында атқарған жұмыстары өз нәтижелерін бере бастады», деп атап өтті бұл жиында қала әкімі Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде Ә.Байменов еліміздің бүкіл әлеуметтік тобының өкілдері шоғырланған Алматы қаласының ел өмірінде алар орны ерекше екендігін, алып мегаполистің қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктері соның айғағы екендігін жеткізе келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалар ретінің Алматыда жоғары деңгейде жүзеге асатындығын тілге тиек етті.
Әкімдік ғимаратындағы кездесуден кейін Ә.Байменов бірқатар жоғары оқу орындарын аралап, студент жастармен жүздесті.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.