Польшалық Boxing.pl сайтының редакторы WBO тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, америкалық боксшы Деметриус Андрадені міндетті қарсылас Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден бас тартқаны үшін айыптады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Оның түкке тұрғысыз кәсіби мансабы үшін Жәнібек Әлімханұлымен өтетін жекпе-жек үлкен маңызға ие. Ол өзін чемпион ретінде көрсетіп, қарсыласты қабылдайды немесе екінші орта салмаққа ауысады. Әрине, «Канело» ол үшін әдемі сылтау ғана. Меніңше ондай сылтау Андраденің түкке татымайтын кәсіби мансабының табытына қағылған шеге ғана секілді. Ол элиталық боксшы емес шығар, алайда өте талантты спортшы. Әйткенмен, кәсіби мансабында ылғи да мықты қарсыластардан қашып жүрді. Ондай тәсілді қалай меңгергенін білмеймін. Андрадені жақында бәрі ұмытады. Өйткені ол үлкен жекпе-жекке шығатын мүмкіндігі болған кезде де шаршы алаңға шыққан жоқ.
Мен адамдарды мүмкіндігіне қарап бағалағанды құп көремін. Андрадеде боксшы ретінде тамаша мүмкіндіктер болды. Алайда ол қатардағы чемпиондардың бірі деген аттан әрі аса алмады. Андраде көпшіліктің қызығушылығын тудыра алмаған боксшы ғой. Ол үшін өзі кінәлі. Мықтылардан қашып жүрді. Бұрын Сергей Деревянченкомен шаршы алаңды бөлісуден бас тартса, енді Жәнібек Әлімханұлынан қорқып отыр», деп түйіндеді ол твиттердегі жазбасын.