Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің және Министрлер Кабинетінің төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен Қырғызстан мен қазақстандық өндірістегі автокөлік құралдарын сатып алу туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Құжатқа ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев, Бішкек қаласының мэрі Айбек Джунушалиев пен «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қол қойды.
«Меморандум 2022 жылы Қырғызстанға лизинг шартымен Қазақстанда шығарылған Yutong маркалы 1 мың бірлік электрлі, газ және дизельмен жүретін автобустарды және 100 бірлік арнайы техниканы жеткізуді көздейді. Бұл ретте автобустар жолаушылар көлігі қозғалысын диспетчерлендірудің электрондық жүйесімен және ONAY PAY жол ақысын төлеудің автоматты жүйесімен жарақтандырылады», деп жазады Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсы.