Үстіміздегі жылы «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде
мүгедектерге арналған 5 мың жұмыс орны құрылады
«Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы күні өткен Республикалық қоғамдық қабылдауда Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне арналған селекторлық кеңес өтті. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Аталған жобаны төрт бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған: мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу; мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау; қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту; мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру. Жоба шеңберінде 2014 жылдың соңына дейін 5 мың мүгедекті жұмысқа орналастыру қарастырылған. Оның сыртында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, үстіміздегі жылы 5 мың мүгедекті жұмысқа тұрғызатын еңбек орны құрылады. «Кедергісіз келешек» жобасы іске қосылған бірінші айда 1300 мүгедекке жұмыс табылды. Мысалы, таяуда ғана Тараз бен Павлодар қаласында өткен бос орындардың жәрмеңкесінде мүмкіндігі шектеулі 600 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жалпы, үстіміздегі жылы еліміздің барлық аймақтарында мүгедектерге арналған 440-қа жуық бос орындардың жәрмеңкесі өтеді. Олардың негізінде «Нұр Отанның» алғашқы партиялық ұйымдары құрылған мекемелерде 14,5 мыңға жуық мүгедек еңбек етеді. Ондағы мүгедектердің санын белгіленген 3% квотаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарының 83%-ға (15,5 мың) жуығы мүгедектерге қолжетімді емес. «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдары ол жақтағы нысандарды құжаттау мен бейімдеу мониторингі жұмысын бастап кетті. Қазақстанда 630 мыңға жуық мүгедек өмір сүреді. Бүгінгі таңда жұмыс істей алатын жастағы 405 мың мүгедектің 20%-дан астамы (83 мың адам) жұмысқа орналасқан. Солай бола тұра, 17 мың мүгедектің жұмыс істей алатын қабілеті бар. «Егемен-ақпарат».