• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2014

Алып арманды арқалаған акция

347 рет
көрсетілді

Ақтау қаласында соңғы жылдары қатарға қосылған қаламен аттас  ірі сауда орталығы – ойын-сауық ке­шенінде көлемді акция өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Отанымыздың түкпір-түкпірінен жалғасын тауып келе жатқан акция Ақтөбе облысынан соң оныншы болып Маңғыстау төрінде жалғасын тапты. Ұл-қызы, кәрі-жасы, қазағы мен қазақ емесі бар 3 мыңнан астам адам жиылған шараның мәні – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясына үн қосып, қолдау көрсету болды. «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы Мемлекеттік ту мен «Мәңгілік Ел» жалауын желбірете қала көшелерін аралаған көліктер шеруімен басталып, «Ақтау» сауда үйіне атбасын тіреді. – Әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан өз орнымызды алған, дамыған, өсіп, өркендеген Қазақ­стан­да өмір сүру әрбір қазақстан­дықтың арманы. Кешегі баба­лардың аңсары, ертеңгі ұрпақтың тағдыры. Біздің бірлігіміз бекем, тату, берекелі болсақ, Мәңгілік Ел болу мүмкіндігіміз зор.  Бұл үшін осы биік мақсатқа жетуге ұмтылуымыз керек. «Мәңгілік Ел» идеясы бізді қайсарлыққа, та­бандылыққа, ел намысын қорғауға жетелейді. Егер біздің әрқайсымыз  бұл идеяны жете сезіне білсек, оны өмірлік сабақ етіп түйсек, онда нағыз «Мәңгілік Ел» болғанымыз, – деді шараны салтанатты жағдайда ашқан Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев. Акция мақсатына  мәнерлеп сырғанаушылар мұз айдынында  өнер көрсетумен қол­дау білдірсе, жуырда Алматы­дағы республикалық байқаудан жүл­демен оралған жас хоккейшілерге медальдар табысталды. Ал өнерлі жастар туған жер тақырыбындағы әндерді шырқады. Этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, өкілдері, ардагерлер мен  жастар қатысып, төрт қабатты сауда үйінің әрбір қабатынан жүздеген көрермен тамашалаған  акцияда «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің  өкілі М.Лорсанов, әнші Т. Асар сөз алып, тәуелсіз Қазақстан, «мың өліп, мың тірілген» Қазақ елі  үшін «Мәңгілік Ел» идеясының мән-маңызы қаншалықты екендігін салмақты да ойлы сөздерімен жас­тар құлағына құйып, жүректеріне жеткізе түсті. Ал жастар болса, оларға жауап ретінде Елбасы идеясын қолдайтындықтарын білдірді.  Өзге ұлт өкілдері мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, мұнайшылар мен жастар өкілдері «Тілек кітабына» ақ тілегі өрілген өз қолтаңбаларын қалдырды. Акция Маңғыстаудан соң Орал өңіріне салтанатты шеру тартты. Бірлік пен тірлік тек дыбыстық құрылымы жағынан ұйқас, таң­балануы жағынан ұқсас сөздер ғана емес, олар бірін-бірі іс-әрекет үдесінде толықтырып, берекенің, бе­ріктіктің, баяндылықтың ұйыт­қысы болар  атаулар. Алып арманы бар елдің басынан бағы, тө­рінен берекесі, жерінен базары тарқамай, тірлігіне бірлігі жараса берсе дедік. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.