Заман жаңарған сайын ақпарат таратудың жолы көбейіп келеді. Соның ішінде мысы басым, оқырман сенімінен ажырап көрмеген мерзімді басылымдардың жайы қалай? Оқырман қолына уақтылы жете ме? Осы және өзге сауалдарымызды «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаевқа қойған едік.
– Бүгінде жаңалық асқан жылдамдықпен таралады. Ал газет-журналдарда жарық көретін мақалалар күнделікті оқиғалар мен жаңалықтарға тығыз байланысты. Сондай-ақ журналистер кез келген мәселені сараптап, талдап жазады. Осыдан кейін газеттерді уақтылы жеткізу маңызды емес деп қалай айтпаймыз?! Бұл салада шешуді қажет ететін қандай проблемалар бар?
– Статистикаға сүйенсек, басылымдардың көлемі жыл сайын 10-15%-ға төмендейді. Сұраныстың төмендеуінің негізгі себебі – аудиторияның көп бөлігі жаңалықтарды интернеттен оқи бастады. Ол жерде жаһан жаңалықтарымен де танысуға болады. Бірақ онда жазылғанның барлығы шынайы бола бермейтіні бар. Осы тұста дәстүрлі газет тиражының құлдырауына пандемияның да әсер еткенін айта кету керек.
Газеттің негізгі және адал жазылушылары бұрыннан дағдыланып келген аға буын өкілдері болып қала береді. Сондықтан олар жазылған басылымдарды уақтылы жеткізіп беру маңызды екенін түсінеміз.
Өкінішке қарай, жеткізу саласындағы мәселелер пошта қызметкерінің жалақысының аздығына байланысты болды. Мысалы, газеттің өзіндік құны – 67 теңге. «Қазпошта» қала бойынша 1 жеткізілім үшін 13,3 теңге ғана төлей алады. Бұл қызметкерлерді аса қызықтырмайтыны сөзсіз. Тек 2018-2020 жылдары осы бағыт бойынша 5 млрд теңгеге шығындалдық. Соған қарамастан ауылдық елді мекендерге газет жеткізу жұмыстарын әлеуметтік жауапкершілігімізге алып келеміз.
– «Қазпоштаның» пандемия кезіндегі қиындықтарының бірі пошташылар қатарындағы кадрлардың көп тұрақтамауы болды. Тұтынушыларға азық-түлік жеткізу газеттерді жеткізуден әлдеқайда тиімді болғаны ғой...
– Иә, пандемия курьерлердің қазір нарықта сұранысқа ие екенін көрсетті. Жеке компанияларда олар бір тапсырыс үшін 250-300 теңгеден және одан да көп ақша табады. Өкінішке қарай, газеттерді жеткізу «Қазпошта» үшін тиімді қызмет болған емес. Біз пошташыға басқа ұйымдар сияқты бір газетті жеткізгені үшін 300 теңге төлей алмаймыз. Бірақ біз пошташыларды ынталандырамыз. Оларға жалақы төлейміз. Себебі егер ауылдарға газеттерді біз жеткізбесек, басқа кім жеткізеді?
Әрине, цифрландыру дәуірінде пошташы мамандығы бұрынғыдай танымал емес. Алайда ауылдық жерлерде тұратын 40%-дан астам қазақстандықтар үшін пошташы асыға күтетін «қонақтарының» бірі. Мамандықтың маңыздылығын түсіне отырып, компанияда 2022 жылды пошташылар жылы деп жариялаймыз. Бұл ендігіде дамудың негізгі векторларының бірі ретінде әлеуметтік бағытты таңдайтынымызды білдіреді.
«Қазпоштада» 4 мыңнан астам пошташы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының отбасы бар. Сондықтан адами ресурсты қолдау компания дамуының бір бөлігі саналады.
Ауылда бірнеше сұранысқа ие мамандық бар – дәрігер, мұғалім және пошташы. Бюджет саласының қызметкерлерін еңбекақыны көбейту есебінен мемлекет ынталандыратыны қуантады. Сол сияқты пошташылар мен пошта бөлімшелерінің операторлары халыққа қызмет көрсетуді жақсарту үшін қолдауға зәру.
– Ірі қалаларда пошташылардың жалақысын арттыруға бағытталған пилоттық жобалар іске қосылды. Бұл бастама нәтижесін берді ме?
– Нарықта курьерлік қызметтердің белсенді дамуы жеткізу процесінің, соның ішінде төлем жүйесінің икемділігі мен жеделдігін талап етеді. Бұл мәселені шешу үшін биыл «Қазпошта» АҚ пошташыларды кесімді еңбекке ауыстыруға шешім қабылдады. «Біздің адамдар» жаңа жобасын енгізудеміз. Соның тиімділігімен пошташылардың жалақысы көтеріледі. Жобаға сай әрбір пошташы белгіленген төлемнің орнына жеткізілген әр хат немесе газет үшін ақша алады. Басқаша айтқанда, неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым көп табыс табады. Сонымен қатар филиалдарымызда жеткізу бойынша курьерлер штатын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
– Егер қаладағы пошташылардың жалақысын көбейтсе, ауылдағы қызметкерлер қайтеді? Мәселен, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің көптеген оқырманы ауылдық жерлерде тұрады.
– Сіз өте дұрыс айтасыз, ең адал оқырмандар – ауыл тұрғындары. Пошташыларымызды ардагерлер, зейнеткерлер қауымы тағатсыздана күтеді.
Ауылдық байланыс бөлімшелерінде 8 сағат жұмыс істейтін пошташылар өте аз. Олардың жұмыс кестесі күніне 1 немесе 2 сағат немесе аптасына 2 күн. Интернет пен ұялы байланыстың дамуына байланысты жеткізетін хаттар, газеттер мен журналдар легі едәуір азайды. Жұмыс көлемі мардымсыз болғандықтан оларды тапжылтпай ұстау орынсыз. Көптеген пошташы бос уақытында басқа ұйымдардағы жұмыспен немесе қосалқы шаруашылықпен айналысады.
2022 жылы пошташыларға қолайлы жағдай қарастырылады деп үміттенеміз. Бұл ретте компания өз алдына бірқатар міндет те қойды.
– «Қазпошта» мемлекеттен дотация және басылымдарға жазылудан қаражат ала ма?
– Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазпоштаға» осы бағытта көмек көрсетеді. Газеттерді жеткізу шығындары тек ауылдық жерлерде субсидияланады. Еліміздің бірқатар қаласы мен аудан орталығында бұл қызметтер өтелмейді. Біздің болжамымыз бойынша компания биыл жыл соңына дейін қалаларда газеттерді жеткізу бойынша шығындарды 1,4 млрд теңгеге дейін қысқартады.
Егер ауылдағы дотациялар туралы айтатын болсақ, оған қатысты мемлекеттің қаржылық қолдауы жыл сайын төмендеп келеді. Бізге көрсетілетін қолдау ауылдық байланыс бөлімшелеріндегі шығындарды өтеуге қауқарсыз.
– Мұндай мәслелерді халықаралық тәжірибелер көмегімен реттеуге не кедергі?
– Газеттен тексерілген ақпаратты, сенімді сараптаманы іздейтін көзіқарақты оқырман барын білеміз. Мерзімді басылымдар ақиқаты мен жалғаны араласып кеткен ақпарат айдынында сұранысқа ие. Сондықтан біз басылым мен оқырманды үздіксіз байланыстырып отыруға тырысамыз.
Баспа басылымдарын жазылу бойынша таратудың халықаралық тәжірибесіне үңілсек, тиімді пошта қызметін мемлекеттің көмегінсіз құру мүмкін емес. Мысалы, кей мемлекеттер баспасөзді таратушы ұйымдарға жеткізу шығындарын өтеу мақсатында субсидия бөледі. Сондай-ақ жаңа басылымдар үшін дотациялар мен жеңілдікпен берілген несиелер пайдаланылады. Пошта тарифтерін төмендетеді, барлық газеттерді қосалқы құн салығынан босатады. Мысалы, Швецияда, Германияда және Финляндияда мемлекет баспасөзді жеткізу және жөнелту шығындарын ішінара субсидиялайды. Пошталық субсидиялар Швейцарияда да енгізілді. Кейбір елдерде баспагерлерді біріктіру және баспа үйлерін құру тәжірибесі бар. Олар тек жазылымды ұйымдастырумен ғана емес, өзінің жеткізу қызметімен де айналысады.
– Мерзімді басылымдарды мемлекет деңгейіндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне қосу дұрыс па?
– Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялайтынын ескерсек, мемлекет тарапынан қолдау қажет екені сөзсіз. Кейінгі жылдары жекеменшік газеттер мен журналдар тиражының төмендеп, полиграфиялық қызметтердің қымбаттауына байланысты қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Кейбірі электронды форматқа ауысты. Меніңше, баспасөзді сақтап қалу үшін салық салу кезінде субсидиялар, жеңілдіктер қарастырылуы керек.
– Әлемнің дамыған елдерінде адам көп жиналатын жерлерде (вокзалдар, әуежайлар, ірі сауда орталықтары) газет сатуға арналған автоматтар орнатылған. Біздің елде мұндай аппаратты өз басым байқамадым.
– Вендингтік аппараттарды қолдану арқылы газеттерді сату мәселесін «Қазпошта» бұрындары пысықтаған. Бірақ жүргізілген талдау жобаның тиімсіз екенін көрсетті.
Мұндай құрылғылар біздегі ахуалға байланысты өз шығынын ұзақ мерзімде ғана өтей алады. Сонымен қатар жабдыққа қызмет көрсету үшін операторлар штатын ұстау қажет. Демек қосымша жалақы қарастыру керек болады. Тағы бір фактор – трафигі жақсы аумақты жалға алудың құны қымбат. Қазіргі уақытта «Қазпоштаның» мұндай жабдықты орнатуға мүмкіндігі жоқ. Егер қолдаушылар табылатын болса құба-құп.
– Өздеріңізді мерзімді басылымдарды жеткізу бойынша монополист ретінде санамайсыздар ма? Жалпы, бұл салада бәсекелестік бар ма?
– Жоқ! Бізді монополист деп айту дұрыс емес. Мерзімді басылымдарды таратумен өңірлердегі жеке баламалы құрылымдар да айналысады. Бұл ұйымдар тек қалалық жерлерде жұмыс істейді. Басылымдарды заңды тұлғаларға жеткізеді. Кейбіреулерінің курьерлік қызметі бар. Жеке тұлғаларға жеке компаниялар жеткізбейді. Ауылдық жерлерде рентабельділікке байланысты бұл құрылымдар ұсынылмаған. Ол жақтағы жеткізу қызметін біздің пошташылар ғана атқарып жүр. Біз үшін, бұл – мақтаныш. Сондықтан да «Қазпошта» халықтың компаниясы болып саналады.