• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Желтоқсан, 2021

Елге қызмет елеусіз қалмайды

358 рет
көрсетілді

Кеше Н.Погодин атындағы орыс драма театрында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне арналған «Жасай бер, Тәуелсіздігім!» атты салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты шара Қазақ­стан­ның тәуелсіздік алған 30 жыл­дағы қол жеткен табыстары мен алған асуларына арнал­ған көркем көріністермен ашыл­ды. Соның ішінде Семей яд­ролық полигонының жабылғаны, Тоқ­тар Әубәкіровтің ғарыш­қа ұшуы, Мемлекеттік рәміз­дер­дің қабылдануы, ұлттық валю­таның өмірге келуі, жаңа Конс­ти­туцияның қабылдануы, ҚХА-ның құрылуы, «Қысқы Уни­вер­сиада» мен ЭКСПО-2017-нің өткізілуі – бәрі қамтылды. Об­лыс халқын ұлық мерекемен құт­тық­таған Спикер Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «алдымен – экономика, одан кейін – сая­сат» деген сали­қалы саясатының арқасында еліміздің барлық қиындықтан аман-есен шығып, бір биіктен бір биікке жеткенін атап өтті. Осы жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің даму стратегиясын одан әрі жалғастырып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Сонымен қатар Нұрлан Нығ­матулин Солтүстік Қазақстан облысы мен тұрғындарының тәуелсіз Қазақстанның жетіс­тік­теріне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы атап өт­кендей, қазіргі уақытта Сол­түс­тік Қазақстан облысы өндіріс­тік салада жоғары нәтиже көрсе­тіп, онда жыл сайын жаңа кәсіп­орындарды іске қосып, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуда. Өнімнің көп­теген түрі тек Қазақстанда ға­на емес, әлемдік нарықта да бел­гілі.

Осыдан әрі Парламент Мәжі­лі­сінің Спикері Президент Қ.Тоқаев­тың тапсырмасымен мемлекет­тік наградалар тапсырды. Мара­патқа ие болғандардың арасын­да ғалымдар, ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндіру­шілер, мұғалімдер мен дәрігер­лер, жұмысшылар мен құтқару­шылар, кәсіпкерлер, әртістер мен спортшылар бар. «Парасат» орде­німен археолог Виктор Зай­берт марапатталды. Ол Сол­түс­тік Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша бірнеше ғылыми жаңа­лықтың, көптеген кітап пен мақала авторы. Қазақстандық ғалым тарапынан жыл­қы­ны қолға үйретудің ең көне ескерткіші саналатын энеолит дәуірінің «Ботай қонысы» бірегей ескерткішінің ашылуы әлемдік танымалдылыққа ие болды. «Құр­мет» орденімен Петропавл ба­лалар әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Елена Кислякова, кәсіпкер Екпін Әбиев және туған ауылдарын да­мытуға қаржылық қолдау көрсетіп отырған фермерлік шаруа­шы­лық­тардың басшылары Қалым Даньяров, Абдурахим Нукаев мара­патталды. III дәрежелі «Ең­бек Даңқы» орденін еңбек арда­гер­лері, механикалық жинау це­хы­ның токары Сергей Каретов және құрылыс саласында 40 жылдан астам жұмыс істейтін краншы Фархан Сафаргалеев иеленді. «Ер­лігі үшін» медалі 16 адамның өмірін құтқарған өрт сөндіруші Айтбай Сәдуақасовқа, «Ерен ең­бегі үшін» медалі – кардиолог дәрігер Асқар Молжігітовке, жеңіл атлет Ирина Эктоваға, «Ша­пағат» медалі – балалар үйі­нің тәрбиешісі Айым Әбдірах­мановаға, Уәлиханов аудандық ауруханасының бас медбикесі Марина Охматқа тапсырылды.

Марапаттан соң Нұрлан Нығ­ма­тулин өңір тұрғындарын айтулы күнмен және жоғары награ­далармен құттықтай отырып, солтүстікқазақстандықтар елі­міз дамуының маңызды кезе­ңінде жаңа табыстарға жететініне сенім білдірді.

Осыдан кейін сөз облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа бе­рілді. Өңір хал­қын 30 жылдық ме­рей­­­той­мен құттықтай отырып, әкім «тәуелсіздіктің маңы­зы­на және облыстың осы жыл­дар­да қол жеткізген табыстарына тоқталды.

– Тәуелсіздік – біздің ұлы құн­дылығымыз, ең биік жетістігіміз. Еліміз 30 жылда кемелденіп, да­мудың жаңа белесіне шықты. Ұлы жерлесіміз, ақын Мағ­жан Жұмабаев айтқандай, «біз ғасыр­лар тоғысында ата-баба­лары­мыз аңсап, армандап кеткен азат­тықтың алтын айына қол создық. Ежелден еркіндікті аңсаған қазақ ұлы мұратына қол жеткізді. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстанның айдай әлемге танылуына ерекше еңбек сіңірген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні кеше ғана жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Тәуел­сіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Міне, бүгін біз қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз, – деді.

Бүгінгі таңда аймақтық жалпы өнім 30 жылда 15 есе өсті. Жан басына шаққанда ІЖӨ көле­мі 23 есе артты. Еңбек өнімді­лігі соңғы 10 жылда 7 есе өсті. Ауыл­ ша­руа­шылығының биылғы жалпы өнімі 890 млрд теңгеге жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе өскен. Ал өнеркәсіп өнімі биыл 360 млрд теңгеге жетіп, алдындағы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артты. Тәуелсіздік жылдарында облыс экономикасына 2,2 трлн теңге инвестиция салынды. Әкімнің баяндамасында осы және басқа да жетістіктер айтылды.

Одан әрі салтанатты іс-шара мерекелік концертке жалғасты. Оған жергілікті өнерпаздармен қа­тар, Абай атындағы опера жә­не балет театрының әртістері Аза­мат Ас­қаров, Жанель Тукеева, Жә­ми­ла Серкебаева және басқалар қатысты.

 

Петропавл