• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2014

Жанар-жағармай қоры жеткілікті

256 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерді толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Бұл жолғы брифингтің бұған дейінгілерден өзгешелігі, мұнай-газ компаниясының басшысы саладағы ахуал туралы таяуда болған алқа мәжілісінде толық баяндалғанын айтып, бірден шараның сұрақ-жауап бөліміне көшкенді жөн санады. Сөйтіп, тілшілердің қояр сұрақтарына жауап беруге дайын екенін білдірді. Алғашқы сұрақ жұрттың көңіліне алаң салып жүрген жанар-жағармай мен таяп қалған егіс науқанына қажетті дизель отынының бағасы туралы болды. «Дәл осы күні қорда мамыр айына дейін жететін дизель отыны мен сәуірге дейін еркін жететін жанар-жағармай бар», деп жауап берді С.Мыңбаев. Оған қоса, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай стансаларында баға саясаты қандай болатынын таратып айтты. «Бағаның деңгейi Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бекiткен шектен аспайды. Ұлттық компаниядағы бөлшек саудада баға саясатына қатысты өзгешелiк жоқ. Бiз ТМРА бекiткен бағаның аясында жұмыс iстеймiз. Алдағы уақытта бағаның өсiрiлуi жоспарланбаған», деп қосты ол. Келесі сұрақ бүгінде әңгімесі көбейген әйгілі Қашаған кен орнына қатысты қойылды. Кен орнындағы жұмыстар мен орын алған келеңсіздіктер жөнінде әңгімелеген төраға, ендігі өнім алу қашан басталатынына назар аударды. «Жылдың екінші жартысында мұнай өндіру жандануы мүмкін. Дегенмен, біз оны әлі де болса нақты айта алмаймыз. Ал мұнайдың қандай көлемде өндірілетіндігі туралы айту тіптен ерте. Наурызда келісімшартқа қол қойылған соң және газ құбырын ауыстыру бойынша инвестициялық шешім қабылдағаннан кейін ғана өндіру көлемі мен шығындар анық көрінетін болады», деп таратты сала басшысы. Елбасы биылғы Жолдауында төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы тапсырма бергені мәлім. Тілшілерді мазалаған сұрақ – ол зауытта өңделетін жанар-жағармай қандай елдерге экспортталмақ? Еуропаның талғамы мен Ресейдегі жағдай белгілі, ал Қытайдағы мұнай зауыттарымен бәсекелесу оңай емес екені аян. «Төртiншi мұнай өңдеу зауыты кемiнде төрт-бес жыл салынады. Дегенмен, ол зауыттың өнiмдерiнiң басым бөлiгiн экспортқа шығару керек болады. Оның болашақ нарығы қай мемлекеттерге таралуы ықтимал? Солтүстiгiмiзде Ресей нарығы мұнай өнiмдерiнен таршылық көрмейдi. Сондықтан онда тасымалдаудың мәнi жоқ. Қытайда технологиясы мен жұмыс күшi арзан болғандықтан, бәсекеге қабiлеттi зауыттар көп. Батысқа инфрақұрылым тарту ісі өте күрделi. Арада Каспий теңiзi жатыр. Үлкен қуаты бар Әзербайжан елiнiң зауыттары да жетерлiк. Сондықтан бiздiң негiзгi экспорттық әлеуетi бар нарығымыз ол – оңтүстiк. Олар – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан, Ауғанстан. Ол нарықта Ресей бар. Демек, Ресеймен бәсекелесу керек болады. Осы мәселелер қазiр Үкiметте талқыланып жатыр», деді С.Мыңбаев. Теңге бағамының өзгеруі «ҚазМұнайГаздың» бекiтiлген бюджетiне және даму жоспарына өзгерiс әкеле ме? Өзгерiс әкеледi екен. Әйткенмен, геологиялық барлау көлемiн төмендетудiң, соның iшiнде инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын кемiтудiң қажеттiлiгi жоқ көрінеді. Дегенмен, ҚМГ теңге бағамының өзгеруiнен мұнай экспортында ұтатын да сияқты. «Компанияның ерекшелiгi неде – бiз өнiмдi теңгемен өндiрiп, доллармен сатамыз. Десем де, бiздiң ұтылатын тұстар да бар. Бұл iшкi сатылымдарда, себебi iшкi нарықта газ бен мұнай өнiмдерiнiң бағасы өскен жоқ», деп сөзін аяқтады С.Мыңбаев. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».