Солтүстік Қазақстан облысында 7 жасар қыз отбасын туралап келген ажалдың аранынан құтқарып, ал өзі отқа жанып кетті. Бұл жантүршігерлік оқыс оқиға Мағжан Жұмабаев ауданының Чистов ауылында орын алды.
Түн ішінде үйде бықсып шығып жатқан түтіннің иісінен оянған қыз бала айналаны қаумалап бара жатқан жалынды көріп, әкесі мен шешесін орындарынан тұрғызады. Ал олар сол бойда жедел терезе әйнегін сындырып, басқа бөлмеде жатқан 2 ұл баланы дереу далаға шығарған. Өкінішке қарай, ересектер өздері сыртқа шығып алған соң ғана қыздарының іште қалып қойғанын байқайды.
Бірақ бұл кезде өзінің қаһарына мініп алған өрт үйді түгел қаусырып, орап алған еді. Сондықтан ішке қайта кіруге ешбір мүмкіндік болмайды. Шамасы, 7 жасар қыз тастай қараңғы мен қара түтіннің салдарынан тысқа шығар жолды таба алмай қалған сияқты. Тек келесі күні оның мүрдесі от толық басылғаннан кейін ғана күл қоқысы арасынан табылды.
«Өрт сағат түнгі 2:25-те сөндірілді. Ал таңғы 5-тер шамасында түгел ауыздықталды. Оның нәтижесінде 2 және 12 жастағы екі бала жеңіл жарақат алып, оттың түтінінен уланып қалған. Қазір олар ауруханада жатыр. Жалын пештен шықты деген негізгі болжам бар. Демек, пешті салған кезде сақтық шараларын қолданбаған», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Руслан ИГІЛІК.