Сұранысқа сай, сапалы маман даярлау жоғары оқу орындарына жүктелетін жауапты міндет. Кәсіби білімнің іргетасы берік қаланса ғана маман өз саласын өрге сүйрей алады. Елімізде 130-ға тарта жоғары оқу орны бар десек, олардың 92-сі жекеменшік білім ошақтары. Жауапты ведомство тарапынан қолдау тапқан педагогикалық қайта даярлау курстары бүгінде бірқатар оқу ошақтарында жемісті жүзеге асып отыр.
Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университет – бұл бастаманы оңтайлы іске асырып отырған бірден-бір білім ошағы. Құрылғанына 25 жыл толған іргелі шаңырақ ширек ғасыр бойы Орталық Азия елдері арасындағы білім беру саласының көшбасшы халықаралық провайдеріне айналуды мақсат етіп келеді. Дәрістерінің басым бөлігі ағылшын тілінде өтетін заманауи оқу ордасы болашақта өз ісінің әлемдік деңгейдегі шеберіне айналатын түлектерге қолайлы білім ордасын қалыптастырып отыр. Айталық, жыл басында университет қабырғасынан педагогикалық қайта даярлау бойынша арнайы оқу бағдарламасы құрылып, алғашқы 20 тәлімгер кәсіби шеберлігін шыңдауға жолдама алған. Мерзімі алты айға жалғасатын толыққанды оқу курсынан өткен мамандар еліміздегі кез келген мектепте заңды түрде мұғалімдік қызметке кірісе алады. Университет мамандарының айтуынша, педагогикалық курстан өту үшін 100-ге жуық азамат өтінім білдірген. Алайда саннан бұрын сапаның маңызды екенін ескерген ұжым, тәлімгерлер қабылдау ісінде жан-жақты іріктеуден сүрінбей өткендерге ғана мүмкіндік берген.
– Педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы педагогикалық білімі жоқ, бірақ мектепте сабақ бергісі келетіндерге арналған. Мектептерде мұғалімдер тапшылығы әлі де бар. Әсіресе – информатика пәні мамандары, физика инженерлері секілді мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Мемлекет қолдауы арқылы мұғалім мамандығы соңғы кезде жақсы мансаптық мүмкіндіктерді берді. Бір сөзбен айтқанда, аталған бағдарлама PGCE қазақстандық аналогы болып табылатын зияткерлік өнім. Бізге тапсыру үшін талапкердің жоғары, не орта білім алғанын растайтын құжаты болуы қажет. Оған қоса ағылшын тілін меңгеруі кем дегенде А2 деңгейінен төмен болмауы тиіс. Оны растайтын сертификат талап етіледі. Сертификат болмаған жағдайда, өтініш беруші СДУ-да ағылшын тілінен тест тапсырады. Талапкер өз бағытын таңдауға ерекше назар аударғаны жөн. Айталық, инженер қазақ тілі немесе биология пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасына кіре алмайды. Бағдарлама барысында студенттер негізгі теориямен айналыспайды, басты назар пәннің өзіне және оны оқыту әдістеріне аударылады. Мысалы, биологияны оқытудағы бар қиындықтар, биология пәні бойынша барлық мектеп бағдарламасы, оқытудың интерактивті әдістері және т.б. Яғни бағдарламаға ену үшін адам биология негіздерін білуі керек. Тренинг аралас форматта өтеді. Бағдарламаның көп бөлігі онлайн режімде өрбиді. Бірінші кезекте, бағдарлама тыңдаушыларға педагогика бойынша білім қорын меңгеруге мүмкіндік береді. Курс барысында тыңдаушылар орта білім беру орындарында тиімді оқытуға жол ашатын педагогикалық компоненттерге назар аудара алады, – дейді TEFL бағдарламасының координаторы Арман Арғынбаев.
Тәуелсіздікпен бірге өрістеп келе жатқан университетте ел аймақтарынан және алыс-жақын шет елдерден келген 8 мыңға тарта студент білім алады. Әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы университеттермен әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатқан ұжым өз шәкірттеріне шетелдік білім ордаларынан дәріс тыңдап, білімдерін шыңдауға мүмкіндік туғызып отыр. Ат шаптырым аумақты алып жатқан оқу қалашығы заманауи үлгідегі технологиялармен жарақталған. Ерек үлгіде салынған кампус білім алушыларға айрықша шығармашылық ауан сыйлайды. 25 жыл ішінде университет түлектері еліміздің ғылыми, экономикалық, мәдени өміріне араласып, түрлі саланы алға сүйреген білікті мамандарға айналған.
– Сүлеймен Демирел атындағы университет 1996 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарындағы Түркия мемлекетінің 9-шы Президенті Сүлеймен Демирелдің қатысуымен ашылды. Білім – мемлекет дамуын алға сүйрейтін қуатты күш. Біздің университет осынау бедерлі жылдар белесіне үлкен жетістікпен, тың жаңалықтармен жетті. Технократия дәуірі адамзатты жаңа бағытқа баулыған тұста, жаңа заман адамы рухани қуаты биік, рухы күшті, технология тілін жетік меңгерген, мемлекетшіл, қоғамшыл, адами құндылықтарға бай, нағыз кәсіби маман болуы қажет. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Білім беру үдерісіндегі соңғы жаңалықтар әрдайым біздің назарымызда. Білім және ғылым министрлігі алға қойған талаптарды орындай отырып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Университетімізде отандық мамандармен қатар, шетелдік ғалымдар жұмыс істейді. Бай тәжірибе, жаңалыққа ұмтылыс, пайымды көзқарас ұжымды алға жетелеп келеді. Біздің құндылықтар адамзат өмірін, экономиканы жақсартуға, ұлтына қызмет етуге дайын жаңашыл, өз саласында кәсіби біліктілігі жоғары мамандарын тәрбиелеу мен білім беруге негізделген, – дейді Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры Давронжон Гаипов.
Университет құрамында Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары, Құқық және әлеуметтік ғылымдар, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар, Бизнес мектебі секілді 4 факультет пен арнайы Мультидисциплинарлық орталық жұмыс істейді. Мұндағы ғылыми орталықтардың бағытын ерекше атап кеткен жөн. Білім ошағында көп салалы зерттеулер институтының құрамында 8 ғылыми зерттеу орталығы және 23 ғылыми зертхана бар. Оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік, экономика, ақпараттық технологиялар саласы бойынша жобалар жемісті жүзеге асуда.
Университет қазақстандық рейтингтік агенттіктерінің көрсеткіші бойынша алғы сапта. Мәселен, 2020 жылғы «Атамекен» ҰКП рейтингінің нәтижелері бойынша алғашқы ондықтың қатарына еніп, 6-орынды иеленді. Ақпараттық жүйелер бойынша 55 ЖОО ішінде 3-орынды, Қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламасы бойынша 45 ЖОО ішінде 1-орынды, Шетел тілі: екі шет тілі бағдарламасы бойынша 52 ЖОО ішінде 3-орынды иеленді.
Университет үшін білім беру сапасын стандарттарға сәйкес жоғары көрсеткіштерге теңестіру өте маңызды. СДУ-дің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері бизнеспен серіктестік бағытында жұмыс істейді. Ол жобаларды университеттің технопаркі арқылы жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған. Түлектерге арналған SDUConnect арнайы қосымшасына 2 мыңнан астам адам тіркеліп, кәсіби даму, білім алу, байланыс, жұмыс іздеу туралы жаңалықтар мен пікір алмасып отырады.
Университеттің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі – интернационализация. Бұл бағыт бойынша бүгінге дейін университетке шетелдік топ менеджерлер тартылып, профессорлық-оқытушылық құрамның қатарына шетелдік мамандар шақырылған. Жыл сайын жүзге жуық білімгер мобильдік ұтқырлық саясатымен шетелдерде білім мен тәжірибе алмасып келеді. Қазіргі күні университет факультеттерінде Орталық Азия, Африка, Қытай, Ресей, Моңғолия сияқты елдерден 185 шетелдік студент дәріс алуда. 26 мемлекеттегі 56 университетпен ынтымақтастық меморандум жасалып, бүгінгі таңда академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар атқарылған.
АЛМАТЫ