Үстіміздегі жылы қазақтың халық композиторы, дала циркінің негізін қалаушы, ұлттық ат спортының түрлі тәсілін жаңғыртушы өнерпаз, жауырыны жерге тимеген алып күш атасы Балуан Шолақ (шын аты Нұрмағамбет) Баймырзаұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады.
Балуан Шолақ – заманында қазақ ән өнерінің тамаша орындаушысы, насихатшысы бола жүріп, өзі де ән шығарып, қазақтың төл өнерін өркендетуге үлкен үлес қосқан сазгер. Ұлт мақтанышының жиырмаға жуық әні болғанымен, бүгінгі күнде оның халық арасындағы насихаты көңіл көншіте бермейді. Ақындық қыры мүлде зерттелмеген.
Тіпті, Балуан Шолақтың өмірбаяны жөніндегі зерттеулер әлі күнге нақтыланбаған. Әркім өз дегенімен жүр. Қазақ руханияты ғана емес, мәдениетінің де қалыптасуында зор орны бар тұлғаның дүниеге келген жері мен қайтыс болған жылына қатысты деректерді де әртүрлі айтып жүрміз.
Сондай-ақ, ардақты азаматтың өз ұлты үшін жасаған күрескерлік қажыр-қайратын қазіргі ұрпақтың біле бермейтіні қынжылтады. Тіпті, болмысы бөлек, тұлғасы ерен ұлт айбынының ұлт-азаттық көтерілісіндегі орны да анықталмаған. Көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде және белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» туындысында айтылған байламдар жеткіліксіз деп есептейміз. Сондықтан, әлі де ашылмаған қырлары көп даңқты балуан, әнші, ақын, халық композиторы Балуан Шолақтың 150 жылдығында осындай олқылықтардың орны шамалап болса да толықтырылар деген үмітіміз бар. Ұлт тарихында қайталанбас қадірліміздің өмірбаянын, шығармашылығын толық зерттеп, лайықты бағасын берсек, Елбасының халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту ісіне қосқан үлкен үлесіміз болар еді.
Сондықтан Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулысына сәйкес Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының 150 жылдығына орай билік орындарынан төмендегі іс-шаралардың орындалуына ықпал етуді сұраймыз.
Бірінші – Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт және мәдениет сарайының алдына Алаш арысының ескерткішін орнату. Екінші – Ақмола мен Жамбыл облыстарында Балуан Шолақтың мерейтойына орай іс-шаралар өткізу. Үшінші – Астана немесе Алматы қалаларында тұғыры биік тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру. Төртінші – атақты баба туралы көркем және деректі фильм түсіріп, республикалық телеарналардан көрсету.
Елі еріне осындай игілікті істер атқарса, абыройы асады, мәртебесі көтеріледі.
Қожахан Жабағиев,
Парламент Мәжілісінің депутаты.