Астанада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі отырысының бүгін соңғы күні. Кеңес жұмысы бұрнағы күні басталған болатын. Оған Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысуда.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, үш күнге ұласқан кеңес отырысында негізінен Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімшарт жобасы талқылануда. Бұл жөнінде кеше журналистермен өткізген брифингте Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда біз Еуразия экономикалық одағы туралы келісімшарттың негізгі бағыттары бойынша кезеңдік және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық негізінде интеграциялық процестерді дамыту қажеттігі туралы жалпы түсінік бар деп айта аламыз», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ, мұнда жалпы алғанда институттық және функциялық бағыттар қаралып жатқанына тоқталды. Негізгі көп ұсыныс айтылып, көп талқылауға түскені қазіргі функциялық жағдай болып отыр, дей келе, отырыстың қатысушылары келісімшарттың функциялық бөлігі, яғни сауда саясаты туралы ереже, салық саясаты, қаржы секторы, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіптік саясат туралы мәселелер жан-жақты талқылағанын атап өтті.
«Сарапшылар арасында келіспеушілік тудырған сауалдарды кеңес деңгейінде талқылай бастадық», деп толықтырды Б.Сағынтаев.
Кеңесте қамтылған тағы бір мәселе – Арменияның Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістікке кіру жөніндегі желтоқсан айында жасалған жол картасы болып отырғанын да айтып өтті. Бүгінгі күні сол жол картасының елу пайызы Армения тарапынан орындалған. Ал олар өздеріне алған міндеттерін биылғы жылдың мамыр айына дейін орындаймыз деген ұсыныс айтып отыр, дейді Б.Сағынтаев. Айтып өтсек, бұл кеңеске Кеден одағындағы үштік елмен қатар Армения өкілдері де қатысып жатқан болатын.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».