Синоптиктер жұма, яғни 10 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әлі де, ауқымды антициклонның ықпалымен республикамыздың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болады, тек ҚР батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, ҚР батысында жаяу бұрқасын, оңтүстігінде шаңды дауыл соғады», делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман түсіп, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарда желдің күші 15-20, екпіні 23-28 м/с жетеді.
Түнде және таңертең Алматы облысының оңтүстігінде тұман түсіп, күндіз Алакөл көлдерінің ауданында жел жылдамдығы 18-23 м/с жетеді.
Түркістан облысының оңтүстігінде, батысында және тау бөктерлі аудандарында тұман түсіп, облыстың солтүстігінде және таулы аудандарында жел күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, солтүстік-батысында жаяу бұрқасын, көктайғақ болады.
Атырау облысының солтүстігінде, шығыс және орталығында тұман түсіп, көктайғақ болады, облыстың солтүстігінде жел жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Күндіз Ақтөбе облысының батысында, оңтүстік-батысында көктайғақ болып, облыстың оңтүстік-батысында және орталығында жел тұрады.
Маңғыстау облысының батысында, солтүстік-шығысында жел болады.
Қызылорда облысының орталығында жел жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, Қостанай облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының солтүстігінде және оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде тұман түседі.