Атырау облыстық экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Бекболат Әнесовтің мәліметінше, жыл басынан бері қаржы пирамидасын құру, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, жалған шот-фактураларды қолдану және капиталды шетелге шығаруға қатысты бірнеше қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы 11 айда экономикалық қылмыстардан мемлекетке келтірілген жалпы шығынның көлемі 4,5 млрд теңгеден асып отыр. Оның 3,6 млрд теңгеден астамы мемлекетке қайтарылды. Жыл басынан бері Атырау облысында қаржы пирамидасына қатысты 2 дерек анықталды. Бұл істің материалдары одан әрі тергеу үшін басқа өңірлерге берілді. Сондай-ақ, биыл мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының жолы кесілді. Мәселен, Жылыой ауданындағы кен орындарының бірінен 913 тонна мұнай өнімдерін тиісті құжаттарсыз заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Осы іске қатысы бар адамдар сот үкімімен сотталды», дейді Бекболат Әнесов.
Сондай-ақ, жалған шот-фактураларды қолдану, капиталды шетелге заңсыз шығаруға байланысты анықталған қылмыстар туралы айтылды. Капиталды шетелге шығару – экономикалық қылмыстарды анықтау және оның жолын кесу тәжірибесінде сирек кездесетін жайт. Нақтылай айтқанда, Атыраудан Қытай Халық Республикасына 2,9 млн-нан астам АҚШ долларын (1 млрд 200 млн теңгеден астам) шығарған ЖШС директоры сотталды.