• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 10 Желтоқсан, 2021

Балалар арасында мәнерлеп оқудан республикалық байқау қорытындысы шықты

859 рет
көрсетілді

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында балалар арасында мәнерлеп оқудан «Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» атты республикалық байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл байқауды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Shuǵylakіtap» баспасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының өңірлік жобалық кеңсесі ұйымдастырды.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кітап оқитын ұлтты қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Осыған байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Жол картасына сәйкес,  балалар оқуының республикалық конкурсы өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, өскелең ұрпаққа өз елі үшін мақтаныш сезімін ояту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын түсіндіру.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 3 600-ден астам жалпы білім беретін мектептен 37 мыңнан астам орта буын оқушысы қатысты. Байқау процесі өңірлік әкімдіктердің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің көмегімен ұйымдастырылды.

Қорытынды республикалық кезеңге Қазақстанның бес өңірінен 25 бала қатысты. Байқау барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптері бойынша сұрақтарға жауап беріп, квестке қатысты.

Бүгін, 10 желтоқсанда, Нұр-Сұлтанда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының кеңсесінде республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, «Рухани жаңғыру» КИОР Басқарма Төрағасы Асылбек Есенбаев, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жеңімпаз өңірлердің білім басқармаларының басшылары және тікелей байқауға қатысушылар қатысты.

«Бұл байқаудың  тәрбиелік негізі болған кітаптарда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тарихи ескерткіштері, киелі жерлері туралы айтылады. Халық мақал-мәтелдері, жұмбақтары, сондай-ақ тау мен дала туралы аңыз-әңгімелер түріндегі ғасырлар даналығы мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық кодтың сақталуына ықпал етеді», деді Б.Тлепов қатысушыларды құттықтау сөзінде.

Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес, бесінші орынды Жезқазған қаласындағы «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Назым Жолтай иеленді. Төртінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушысы Фатима Муапыкова алды. Үшінші орынға елордалық №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Ералы Қозы ие болды. Екінші орынды Байқоңыр қаласындағы №273 орта мектептің оқушысы Ұлдай Қаратаева жеңіп алды. ШҚО Аягөз ауданы №5 орта мектебінің оқушысы Жанель Тоқанова «Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов кітап оқуға деген қызығушылықты одан әрі арттыру мақсатында аудан, қалалардың жүлдегерлері мен мектеп кітапханаларына да сыйлықтар жіберілгенін атап өтті.