• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Желтоқсан, 2021

Бақытгүл Хаменованың ұсталуына байланысты жаңа деректер анықталды

1364 рет
көрсетілді

Жергілікті «Ақжайық» басылымы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуына қатысты істің мән-жайын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

10 желтоқсанда шенеуніктен жауап алынғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол пара алды деген күдікке ілінген.

Басылым мәліметінше, Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай Құнанбаев ескерткішін орнатуға Мемлекеттік сатып алу шартын жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алған. Кейін Рысқалиев кінәсін мойындаған, ал Хаменова ұсталып, жауап алынғаннан кейін УҰИ-ға қамалған.

Абай ескерткішіне келетін болсақ, былтыр ақын ескерткішін орнатуға екі рет ұсыныс жасалған - алдымен облыстық мәслихат сессиясы кезінде, содан кейін ақынның 175 жылдығын мерекелеу аясында.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар бұл идеяны қолдаған, содан кейін тендерге дайындық жүргізілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, келісімшарт сомасы - 150 миллион теңге, ал мәдениет басқармасы бірінші траншты өткізіп үлгерген.

Басылым мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер тергеу сотында Хаменованы екі айға қамауға алу туралы өтініш береді.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменова былтыр 13 наурызында облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін «Нұр Отан» партиясынан VI шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.

Басылым қазіргі уақытта Атырау облысы әкімінің басқа екі орынбасары: Нұрлан Таубаев 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген айыппен және Қайрат Нұрлыбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бола тұра, ол 80 миллион долларлық ауыл шаруашылығы субсидиясын заңсыз бөлді деген айыппен сотталып жатқанын еске салды.