Ахаң – Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың осыдан жүз жыл бұрын «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп дүйім елден сүйінші сұрайтыны бар еді ғой. Әрине, одан бері ұлтымыз ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты бастан өткеріп, елдегі халық саны айтарлықтай азайды. Ал биылғы ұлттық санақтың алғашқы нәтижесіне сүйенсек, «Әлхамдулилла, 13 миллион қазақпыз!» деп жер-жаһанға жар салатын жағдайға жетіппіз. Құдай көп көрмесін тек!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері туралы баяндаған Премьер-Министр Асқар Маминнің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адамға тең. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде алғаш рет өткізген ұлттық санағынан бері, яғни 1999 жылдан бері қарай халықтың саны 4,1 млн адамға көбейген. Бұл – үлкен жетістік!
1989 жылғы санақ бойынша елдегі халық саны 16 222 324 адамға тең болған еді. Бұл санақ Қазақстанның бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған кезінде жүргізілгенін ескеру керек. Себебі алып империя құлап, 90-жылдардың тоқырауы басталған кезде түрлі жағдаймен қазақ топырағына табаны тиген өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына үдере көшкені белгілі. Сонымен қатар елдегі тұрмыстың нашарлауына байланысты демографиялық жағдай да кері кетті. Сөйтіп 1989 жылғы 16 222 324 адамнан елімізде 1999 жылы 14 981 281 адам қалған. Яғни халық саны 1,2 млн адамға азайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс ұстанған саясатының нәтижесінде, еліміз 90-жылдардың қиындығын ойдағыдай еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Осылайша, Қазақстан аз ғана жылдар ішінде өмір сүруге қолайлы мемлекетке айналды. Демографиялық жағдай да түзелді. Тәуелсіздік жылдары ел халқының 4,1 млн адамға көбеюі – соның айғағы. Өйткені адам баласы тұрмысқа қолайлы, тыныштық салтанат құрған жерде ғана тамыр жаятыны бесенеден белгілі.
Мақтанып айтар тағы бір жетістік, биылғы ұлттық санақтың алғашқы нәтижесі бойынша еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткен. Бұл дегеніміз – 13 453 190 адам. 1989 жылғы санақ бойынша еліміздегі қазақтардың саны 6 496 858 адам еді. Сонда 30 жылдан аса уақыт ішінде қазақтардың саны 2 есе, яғни 6 956 332 адамға көбейген. Бұл жерде Қазақстанның өмір сүруге қолайлы ел екендігінен бөлек, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдердегі қандастарды Қазақстанға шақырып, ұлы көштің қанат жаюына себепші болғанына баса назар аударуға тиіспіз. Елге ел қосылып, еңсеміз одан әрі көтерілген жоқ па?!
Биылғы ұлттық санақтың алғашқы нәтижелері Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас екенін көрсетті. Түсіне білген адамға, бұл да жақсы көрсеткіш. Бұл Қазақстандағы адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігінің жоғары екенін көрсетеді. Аталған көрсеткіш бойынша біздің ел әлемнің біршама мемлекетінен әлдеқайда алда тұр. Мәселен, 2020 жылғы дерекке сүйенсек, Германиядағы орташа жас – 47,8, Испанияда – 43,9 жасқа, Ұлыбританияда – 40,6 жасқа, Қытайда 38,4 жасқа тең. Демек, Қазақстанның бұл көрсеткіші болашақта үлкен басымдыққа айналады деген сөз.
Осы орайда бұған дейінгі ұлттық санақтардағы халықтың орташа жасына тоқталайық. Мәселен, 1989 жылы қазақстандықтардың орташа жасы 29,9 жасты, 1999 жылы 31,6 жасты құраған. Демек, Қазақстан халқы 30 жылдан аса жылдың ішінде тек 2,04 жасқа «қартайған».
Ұлттық санақтың деректері Қазақстан халқының жасарып келе жатқанын аңғартты. Мәселен, жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, ал 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Соның ішінде халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған. Бұл ретте мамандар Қазақстандағы орташа жастың төмендігі мен еңбекке жарамды адамдар үлесінің жоғарылығы алдағы уақытта ел үшін әлеуметтік-экономикалық маңызды жобаларды жүзеге асыруда тамаша алғышарт болады деп болжам жасауда.
Енді аз-кем биылғы ұлттық санақ жайлы сөз қозғайық. Басын ашып алатын бір мәселе Премьер-Министр атаған көрсеткіштер халық санағының алғашқы нәтижелері ғана. Санақтың басқа көрсеткіштерінің нәтижесі кезең-кезеңімен жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылады. Қазір деректерді өңдеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сондықтан «санақ аяқталды, нақты қорытындысы шықты» деп байлам жасауға әлі ерте. Алда әлі қыруар жұмыс бар.
Тағы бір атап өтерлігі, көпшілік ұлттық санақтың не үшін өткізілетінін әлі дұрыс түсінбейтін сыңайлы. Мұндағы мақсат – халықтың санын анықтау ғана емес. Басты мақсат – елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нақты картинасын жасау. Бұл не үшін керек? Болашақ реформаларды жоспарлау үшін керек. Яғни халықтан жиналған жауаптардың негізінде жан-жақты талдау жасалады, тиісінше алдағы бірнеше жылдарға арналған жоба-жоспарлар түзіледі. Осыны қаперде ұстаған абзал.