Қостанайда «Тәуелсіздік жылдары кәсіпкер әйелдердің өңір экономикасына қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында кезінде тәуекелге барып бизнесін бастап, бүгінде көпшілікке табысты кәсіпкер ретінде танылған іскер әйелдердің тәуелсіздікпен тамырласа өрілген тағдыры туралы әңгіме айтылып, әйелдер бизнесінің бүгіні мен ертеңі қалай болады деген мәселелер төңірегінде сөз өрбіді.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлсара Жаманқұлованың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Қостанай өңірінде бизнес саласында ірі табысқа жеткен немесе ірі компанияларға басшылық етіп жүрген, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардағы жауапты орындарда басшылық қызмет атқарып жүрген іскер әйелдердің бірнеше буын шоғыры қалыптасқан.
– Тәуелсіз Қазақстанның әйелдері деген ұғымға бүгінде асыл жар, ардақты ана, табысты кәсіпкер, қоғам белсендісі, бір сөзбен айтқанда, сыртта еңбек пен жетістіктің, үйде жылу мен сүйіспеншіліктің, тәрбиенің ұйытқысы болып жүрген арулардың бәрі кіреді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әйелдердің қоғамдағы орны өсіп, барлық салада жоғары табыстарға қол жеткізіп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, облысымыздағы іскер әйелдер қауымдастығында 68 әйел бар. Олардың бәрі де жаны нәзік болғанымен, өздерін әр салада мойындатқан мықты әйелдер, – деді Г.Жаманқұлова.
Басқосу мінберіне шыққандар агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру, шағын бизнес саласындағы бүгінде толғауы жеткен өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Қостанай қалалық көшбасшы әйелдер клубының төрайымы Гүлвира Құдайқұлова бизнестің бірқатар саласы, соның ішінде әсіресе қоғамдық тамақтандыру орындары бүгінде кадр тапшылығын қатты сезініп отырғанын және пандемия бұл мәселені одан сайын ушықтырып жібергенін айтты. Ал «Сарыбай» компаниялар тобының басшысы Светлана Михайленко өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген әйелдерді үлгі ете сөйледі.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар жиын аяқталған соң, облыстық филармонияның залында ашылған «Әйелдер. Бизнес. Тағдырлар» атты фотокөрмені тамашалады.
Қостанай облысы