• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Желтоқсан, 2021

Мереке қарсаңындағы мейірім

431 рет
көрсетілді

Биыл еліміз үшін мерейлі мереке: Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. 1991 жылы егемендігін жариялап, шекарасын шегендеген Қазақстанның бүгінге дейінгі өсу жолында түрлі оқиғалар, бас­тамалар мен үлкен шешімдер болды. Жеке мемлекет ретінде қайта қалыптасудың алғашқы кезеңі еліміз үшін оңайға соққан жоқ. Сондықтан тәу етер тәуелсіздіктің бергені мен берерін бағамдап, өткен отыз жылдағы жетістіктерді саралау – бүгінгі мерекенің негізгі мақсаты болып отыр. Әлқисса.

Өңір-өңірде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Осы орайда елордада Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштері Ұлт­тық әскери-патриоттық орта­лы­ғы Орталық әскери оркестрінің со­лисі, Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қайраткері, капитан Қайыржан Бер­­дібайдың «Тәуелсіздік – тұғы­рым» атты шығармашылық кон­церті өтті. Қайырымдылық мақса­тында өткен кешке Нұр-Сұлтан қа­ласының «Шарапат» Қарттар үйінен көрермендер келіп қатысты.

Кеш авторының айтуынша, қайырымдылық кешін өткізу жос­пары бір кездегі Қарттар үйіндегі концерттен туындаған екен.

«Концерттің негізгі мақсаты – қарттарымыздың жүрегіне жылы­лық сыйлап, көңілдерін көтеру. Алдағы жылы Балалар үйінің балаларына да осындай кеш өткізсем деймін. Сол жердегі өнерлі балаларды да сахнаға шығару ойда бар. Одан бөлек мүгедек жандарға да қайырымдылық кешін өткізу жос­парда тұр», дейді әнші.

Әрбір тарихи дәуірдің өзін­дік мәдениеті болатыны секілді әр ха­лықтың өзіне тән дәстүр­лері бар. Ата дәстүрден жалғас­қан ұлттық аспаптық музыка хал­­қымыз үшін ерекше орын ала­ды. Шығармашылық кешті сүйе­мелдеген Еркеғали Рахма­диев атындағы мемлекеттік ака­де­миялық филармониясының Қазақ оркестрінің өнерін тамашалап отырып, осы ойға тағы да беки түсесің. Айта кетейік, оркестрдің бас дирижері – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов болды.

Қайырымдылық кешінде Абай, Сәкен, Ілия Жақанов, Ру­дольф Фольва, Александр Заце­пиннің – барлығы он сегіз ән орындалды. Айта кетейік, концертте Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Секен Тұ­рысбек, Жеңіс Ысқақова, Рама­зан Стамғазиев пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығы Орталық ансамблінің хоры өнер көрсетті.

«Концертті Жұбан Молда­ғалиевтің рухты оятатын «Мен қазақпын» әнімен бастауымның өз себебі бар. Жұбан Молдағалиев – Колбинге қарсы сөйлеген қазақтың батыр, біртуар азаматы. Бұдан бөлек орындалған барлық ән қазақ құлағына сіңген, жүрегінен орын алған шығармалар. Жал­пы, алдағы ұлық мереке – ел Тә­уелсіздігінің 30 жылдығы қар­саңында қазақ өнерінің інжу-маржан шығармаларына айналған әндерді халыққа ұсынып, рухын оятып, патриоттық сезім ұялататын кеш өткізе алғаныма қуаныштымын. Бұл, әрине, ең алдымен ел егемендігінің арқасы», дейді әнші.

Қайыржан Бердібайдың репертуарында Ілия Жақанов, Секен Тұрысбек, Мұқан Төлебаев, Кеңес Дүйсекеев, Исраил Сапарбай, Марат Ілиясов, Қапан Мусин сынды басқа да композиторлардың әндері, сондай-ақ шетелдік шығар­малар да бар. Ол бұған дейін Абай атындағы қазақ мемлекеттік ака­­демиялық опера және балет театрын­да өнер көрсеткен. «Қыз Жі­бек» операсында Шегенің рө­лінде ойнаған, сондай-ақ «Ри­голетто», «Травиата», «Аида» опе­­­ра­ларында шағын партиялар­ды орындаған. Кейін әскери қыз­метке кеткен соң репертуарында көбінесе патриоттық әндер жи­налған.

«Әскери оркестрдің солисті болғандықтан, түрлі жағдайларда ән шырқауға тура келіп жатады. Мәселен, әлем елдерінің делегациялары Қазақстанға ресми сапармен келгенде міндетті түрде сол ұлттың әндері орындалады. Сондықтан мұндай жағдайларға да әрдайым дайын жүреміз», дейді Қ.Бердібай. Сондай-ақ келесі жы­лы Ілия Жақановтың, Исраил Сапарбайдың, Секен Тұрысбектің шығармашылық кешін және Кеңес Дүйсекеевті еске алу кешін жос­парлап жүргенін айтты.