Қостанайда «Алтын микрофон» халықаралық фестивалі мәреге жетті. Байқаудың шешуші кезеңінде еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шет елдерден келген жас әншілер өнер көрсетті.
Белгілі әнші Бейбіт Сейдоллаұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамына Армения, Болгария, Қырғызстан, Белоруссия, Украина мемлекеттерінің білікті мамандары отырды. Олардың әрқайсысы өздерімен бірге енді қалыптасып келе жатқан ең дарынды деген таңдаулы бір-екі әншіден ерте келіп, Тобыл өңіріндегі өнер байқауына қосты. Осыдан болар, биылғы «Алтын микрофонның» деңгейі жоғары болды. Кішкентай әншілердің арасындағы нағыз үлкен өнер бәсекесі деуге болады.
Өнер фестивалінің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова әр елден, әр өңірден үміт арқалай келген жас әншілерге сәттілік тілеп, бұл дәстүрлі байқаудың бәсі жоғары екенін айтты.
– Бүгінде бүкіл елге танылған Қостанай өңірінің таланттары осы байқаудан шыңдалып шыққан. Сондықтан, бұл фестивальды өз нәтижесін, жемісін берген тағылымды өнер мектебі деп айтуға болады. Мысалы, кезінде «Славян базарында» топ жарған Ернар Садырбаев осы байқаудан өсіп шыққан бала. Бүгінгі Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының белді солисі Балуан Беркенов те осы «Алтын микрофон» фестивалінен өсіп шыққан әнші, – деді Б.Есімова.
Байқаудың бастапқы кезеңдері онлайн түрде өтті. Финалдық бәсекеге осы іріктеуден өтіп, жүзден жүйрік шыққан 41 өнерпаз қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта, ересек және кәсіпқой топқа бөлініп, әрқайсысы екі-екі әннен орындап шықты.
Фестиваль жеңімпаздары қазылар алқасының қалауы бойынша анықталды. 7-10 жас аралығындағы балғындар ішінен Алсу Ұлтуғанова бірінші орынды жеңіп алды. Ал 11-13 жас аралығындағы қатысушылар арасынан қостанайлық Ясмина Аюпова, 14-17 жас аралығындағы өнерпаздардың ішінен Дария Матвеева үздік шықты.
«Кәсіпқойлар» тобы бойынша 1-орынды қостанайлық жас әнші Алмат Жаңабай жеңіп алды. 2-орынға түркиялық Волкан Талшык лайық деп танылды. Ал Гран-При сыйлығын Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас дарын Аслан Амангелдиев жеңіп алды.
Биыл фестивальда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көп жылдар бойы осы байқауға қазылық етіп, талай таланттың жолын ашқан композитор Кеңес Дүйсекеев атындағы арнайы сыйлық тағайындалды. Тұңғыш жүлдені Қызылорда облысынан келген тағы бір талантты жас өнерпаз Ералы Ескендір иеленді.
ҚОСТАНАЙ