Кеше Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Фируза Шәріпова ирландиялық Кэти Тейлормен күш сынасты.
Жеңіл салмақ дәрежесі бойынша WBC, WBA, WBO және IBF нұсқаларының чемпиондық белбеуі сарапқа салынған бәсекенің фавориті Тейлор еді. 35 жастағы Ирландияның өкілі кезінде Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, бес дүркін әлем және алты дүркін Еуропа чемпионы атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. 10 раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысы бойынша барлық төреші жеңісті бірауыздан ирландиялық спортшыға берді. Есеп – 98:92, 97:92, 96:93. Сөйтіп, Кэти Тейлор абсолютті әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.
27 жастағы Фируза Шәріпова үшін бұл кәсіпқой рингтегі екінші жеңілісі. Бұған дейін ол осыдан бес жыл бұрын, өзінің тұсаукесер кездесуінде ресейлік Софья Очигавадан ұтылған болатын. Содан кейін Шәріпова қатарынан 14 жекпе-жекте жеңіске жетті.