• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2014

Интеграциядан қазірдің өзінде қайтарым бар

368 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Мәскеуге келген болатын. Кеше Ресей астанасында өткен отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко, сондай-ақ, Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.  Кездесу барысында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ, ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасына дайындық барысы қаралды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Комиссия өкілдерімен кездесу болып өткенін хабарлап, ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. – Мен құжаттармен тармақтары бойынша жан-жақты танысып шықтым және біздің сарапшыларымыз өте үлкен әрі қиын жұмысты жүргізуде деп санаймын. Барлық даулы мәселелер жөнінде де біз түсіністікке қол жеткізе аламыз деп үміттенемін. Белгіленген кестені сақтауымыз қажеттігі туралы пікірді қолдаймын. Сондай-ақ, мем­лекеттеріміздің тұрғындарына халық­тарымыздың игілігі, еуразиялық эконо­микалық интеграцияға қосылған ел­дердің пайдасы үшін біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмыстың қажеттілігін белсенді түрде түсіндірген жөн, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт екі бөлімнен – институттық және функ­циялық бөліктерден тұратынын айтты. – Бірінші бөлігіне сәйкес халықаралық экономикалық ұйым құрылады. Біз одақтың органдарында тараптардың өкілеттігінің тең болуы жөнінде уағдаластық. Осындай тәжірибе соттармен қатар, басқа органдар аппараттарын қалыптастыру кезінде де сақталады. Мемлекет басшыларының шешімдері болашақ одақтың органы үшін міндетті болуға тиіс. Жаңа мүшелерді қабылдауға қатысты айтсақ, оны «топтап» қабылдау негізінде жүзеге асыруға уағдаластық. Шарттың функциялық бөлігі бойынша экономикалық одақ құрған жөн екенін атап өтпекпін. Бұл тұста елдеріміз ішінде түсініспеушілік туғызатын қосымша мәселелерді енгізудің қажеті жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті келісілмеген жайттарды біртіндеп реттеу қажеттігін атап өтті. – Қалған мәселелерді келісу үшін шартты қабылдаудан бір ай бұрын жоғары органның тағы бір отырысын өткізу керек. Нақты шешім қабылдауымыз үшін алқаның төрағасына әрқайсымызбен кездесіп, ұстанымдарымызды келісіп алуға мүмкіндік берген жөн. Біз қазір­дің өзінде айтарлықтай ілгеріледік, бел­гіленген мерзімдерден кешікпеуге тиіс­піз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Ресей, Беларусь және Қазақстан интеграция жолымен жүйелі түрде ілгерілеп келе жатқанын, одан қазірдің өзінде нақты нәтижелер мен қайтарымның барын атап өтті. – 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендегеніне қарамастан, «үштік» аясындағы тауар айналымы азайған жоқ, қайта арта түсіп, 64,1 млрд. долларға жетті. Ресей елдеріміз арасындағы экономика саласында қалыптасқан сындарлы, теңқұқылы және ашық қарым-қатынастарды оң бағалайды, – деді Владимир Путин. Беларусь Президенті Александр Лу­ка­шенко кездесу барысында шартқа келі­сіл­ген мерзімде қол қою үшін өзара тиім­ді шешімдер табылатынына сенімін білдірді. – Интеграциялық жобамызда біз нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс­піз. Мұндай нәтиже Кеден одағын құ­ру жөніндегі жұмыстың ешқандай шек­теу­лерсіз және олқылықтарсыз аяқта­луы болмақ. Бұл мәселеде, тіпті, алға ілге­рі­ледік. Біз тиісті шешімдер қа­былдап, эко­но­ми­калық одақ құру бағы­тында алға қарай мейлінше белсендірек қадам бас­қа­­ны­мыз жөн, – деді Александр Лука­шенко. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.