Осыдан бір ай бұрын Қызылордада «полиция қызметкері жоғалып кетіпті» деген әңгіме желдей есті. Ел ішіндегі әңгіме рас екен. Жоғалған жігіт Нұрбек Шөменов деген құқық қорғау органының қызметкері болып шықты. Бірақ оның не өлі, не тірі екені белгісіз. Із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал көлігі өртеніп кеткен жерінен табылған. Күдікті бар. Ол оның бұрынғы бастығы көрінеді. Тексеру-тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, ақпаратты жұртқа жария етуге болмайды. Оның үстіне, жоғалып кеткен Нұрбек Шөменовтың тірі екеніне үміт басым-тын.
Кейіннен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің бұрынғы басшысы Берік Шимановтың осы іске байланысты құрықталғанынан хабардар болдық. Шөменов аталған бөлімде инспектор болып істеген. Әлгі Шимановтың жұмыстан шығып кетуіне Нұрбектің тікелей қатысы болған. Өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесіне орай полиция қызметкерлеріне сыйақы тағайындалады. Мәселе осы жерде туындаған. Бастығы Нұрбекке бөлінген сыйақының тең жартысын өзіне беруді талап етеді. Ал Шөменов оған келіспейді. Анау қоқан-лоқы жасайды. Жас жігіт оған да илікпейді. Ақыры болмаған соң жоғары жаққа арыз түсіреді. Нәтижесінде, бөлім бастығының қылмысы әшкереленіп, қызметтен қуылады. Осы бір жағдай жас полиция қызметкерінің жоғалуына себеп болыпты.
Қай қылмыскер өз әрекетін мойындай қойсын? Бөлім бастығы да мойындамайды. Оның үстіне, нақты дәлел жоқ. Тек болжам ғана. Бір ай бойына әлгі қылмысын мойындамай отырды. Бұл кезде елдің назары басқа жаққа ауып, жұрт арасындағы жоғалған полиция туралы сөз де тыйылған. Десек те, құқық қорғаушылардың тыңғылықты тексеру-тергеу амалдарының арқасында қылмыскер өз ісін мойындады. Тіпті, жас жігіттің мәйіті қайда жатқанына дейін айтып беріпті. Нұрбек Шөменовтің өлі денесі қала шетінде көміп тастаған жерінен табылды. Бұрнағы күні жер қойнына берілді.
Полиция полицияны өлтіріп жатыр. Жақсылық емес, әрине. Қарапайым халықтың құқын қорғайды деген адамдар бір-бірін жер жастандырып жатса, несі жақсылық болсын?! Қылмыс ашылды. Кінәлі жазасын алар. Бірақ одан қара жамылған отбасының қайғысы жеңілдемейді ғой...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.