«Қазцинк» ЖШС-ның бас директоры Александр Хмелев бізге берген сұхбатында адамдардың компанияның бүгінгі аяқ алысы, ондағы қызметкерлерге жасалған жалпы жағдай туралы айтып берді. Сондай-ақ басшылық құрамның құпияларымен де бөлісті.
Мүдде – ортақ
– Александр Леонидович, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығынан бөлек, «Қазцинк» компаниясының 25 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Осынау ширек ғасырда компания қандай жолдардан өтті, нендей жетістіктерге жетті?
– «Қазцинктің» жүріп өткен жолы еліміз өткерген кезеңдермен бірдей. 1990-жылдардың өткелегі көп өтпелі кезеңіндегі кәсіпорындардың жағдайы қандай болғаны жұртшылықтың жадында. Бірінші кезеңде өндірістік циклдарды қалпына келтіру міндеті тұрды. Ал даму бағытындағы жолымызды «нөлден» бастадық. 2000 жылы Малеев кеніші іске қосылды. 2003 жылы алғашқы күкірт қышқылы цехы жұмыс істей бастады. Содан кейін олар ауқымды жобаларға көшті. Атап айтқанда, 2010 жылы 560 млн доллар көлеміндегі инвестицияға Васильков кен орны пайдалануға берілді. Құны 1 млрд доллар болатын «Жаңа металлургия» жобасы аяқталды. Оған мыс зауытының құрылысы, күкірт қышқылы зауыты, қорғасын зауытын жаңғырту кірді. Осы жылы Жәйрем байыту фабрикасы іске қосылып, жобаға 500 млн доллар жұмсалды. Күрделі құрылыстан бөлек компания жыл сайын техникалық қызмет көрсетуге, қайта құруға 350-400 млн доллар жұмсайды. Мұның бәрі дамуға жасалған қадамдар.
Алғашқы күндерден бастап инвесторымыз Glencore компаниясы мен мемлекет арасында түсіністік қалыптасты. Тиісінше, олар бізден жедел түрде нәтиже талап етпеді. Инвестор мүмкін болатын нәрсені еншілеп, кейін табанын жалтырату үшін келген жоқ. Glencore ұзақ мерзімді бағдарламамен келді. Біз тапқан қаражаттың барлығын «Қазцинк» компаниясы өндірісті дамытуға, жаңғыртуға жұмсады. Алғашқы 15 жылда акционерлер ешқандай дивиденд көрген жоқ. Есесіне, бүгін біз барлық акционерлерді, соның ішінде мемлекетті, өндірістік бағдарламаларды орындап қана қоймай, дивидендтер төлеу арқылы қуантып отырмыз. Мұндай қаржылық көрсеткіштер көңілге қуаныш ұялатады, әлбетте.
Компания әрқашан Үкіметке маңызды қадамдарды ашық түсіндіруге тырысты және әрқашан түсіністік танытты. Соңғы ірі нысанды біз Қарағанды облысында пандемия кезінде салдық. Туындаған мәселе де көп болды. Бірақ мемлекет пен жергілікті атқарушы биліктің қолдауы арқылы бәрі ойдағыдай өрілді. Біз мемлекеттің қаржы институттарымен, оның ішінде Қазақстан даму банкімен жақсы қарым-қатынастамыз. Біздің өндірістер шоғырланған қалалар мен кенттерді барынша қамқорлыққа аламыз. Яғни ауруханаларды құрал-жабдықтармен қамтып, қарттар мен балалар үйлеріне қолдау көрсетеміз. Спорттың дамуына қомақты қаражат құйып келеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстанда біздің араласуымызбен салынған инфрақұрылымдық нысандар жеткілікті. Оның үстіне біз бәрін өзіміздің адамдар үшін жасауға тырысамыз. Егер теннис орталығын салатын болсақ, онда қызметкерлеріміздің балалары ойнайды. Егер ауруханаларды жаңғыртсақ, онда «Қазцинк» қызметкерлері де емделеді. Компания жыл сайын әкімдіктермен жасалған меморандумдар аясында мұндай мақсаттарға орта есеппен 12 млрд теңге жұмсайды. Яғни компанияның мүддесі мемлекет мүддесімен ортақ.
– Сіз үшін өндірістік жетістіктердің қайсысы әлдеқайда маңызды?
– «Қазцинк» өндірісі 100 пайыздық, кейде одан да көп жүктемемен жұмыс істейді. Біздікі вертикалды-интеграцияланған компанияға жатады: кенді өндіреміз, концентрат аламыз және одан әрі тазартылған металл өндіреміз. Барлық бөлімшенің үйлесімді жұмыс істеуі өте маңызды. Бәрі тұрақты режімде жұмыс істеген кезде ғана акционерлер мен мемлекеттің көңілі тоқ һәм тыныш болады. Мына бір қызықты сәтті айтпай кетуге болмайды. 2020 жыл бүкіл әлем үшін пандемия әуреге салған ауыр жыл болды. Ал «Қазцинк» осындай қиын кезеңге қарамастан, тиісті көлемді ойдағыдай өндіріп, үздік нәтиже көрсетті. Біз бір секундқа да тоқтамадық. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, компания салық төлемдерінің көлемі бойынша республикада үшінші орынды иеленді. Бұл тыныш, тұрақты жұмыс істеудің маңызды екенін айғақтайды.
Маңызға ие металдар
– Еліміздің алтын-валюта қорының 60 пайызы «Қазцинк» компаниясынан алынған алтын екені рас па?
– Дәл солай. 1997 жылы біз 2 тоннаға жуық алтын өндірдік, бүгінде 22-24 тонна өндіреміз. Компания бағалы металдың бүкіл көлемін ел ішінде қалдырады, яғни ешқайда экспорттамайды. Шығыс Қазақстанның полиметалл кен орындарында бес негізгі түсті металл – мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс бар. Біздің міндетіміз – оларды кеннен барынша толық шығару. Бүгінгі таңда біз Қазақстандағы қорғасын өндіретін жалғыз компания болып саналамыз. Сондай-ақ аффинирленген мырыш өндіретін бірден-бір өндіруші екеніміз көпке аян. 2010 жылдан бастап мыс өндірісі пайда болды.
Жасыратыны жоқ, кен орындары уақыт өткен сайын таусылып барады. Болашақта экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп саналатын күрделі шикізатты өңдеуге мүмкіндігі бар компаниялар табысқа кенеледі. Бұл тұрғыдан алғанда «Қазцинктің» бір жерде үш зауытының бірегей үйлесімі бар. Мұндай дүние әлемнің еш жерінде жоқ. Сонымен қатар бізде байыту фабрикалары бар. Өнімдердің бір бөлігін байытуға қайтарамыз, концентратты қайтадан аламыз және металлургиялық циклге жібереміз. Өкінішке қарай, әлемде күрделі шикізатпен жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Тіпті жетекші теоретиктердің өзі бізге кеңес бере алмайды. Сондықтан біз мұндай технологияларды эксперименттік тұрғыдан пысықтайтын бағдарламаны қолға алдық. Нақты өндірісте тәжірибелер жүргіземіз, нәтижелерін ғалымдарға береміз, олар ұсыныстар білдіреді. Әрине, өндіріске басқа шикізат түскен кезде нәтиженің қандай болатынын түсіну мүмкін емес. Бірақ компания келешек қадамдарын есептегені үшін шығын шығарады. Қазақстанда теңізге тікелей шығатын жол жоқ. Сондықтан қазақстандық өндірушілер бәсекелестік кезінде тек жоғары технологиялық есеп тұрғысынан ғана алға шыға алады. Біз бұл мәселені жоспарлы түрде шешіп жатырмыз.
– «Қазцинкте» цифрлы жобаларды енгізуге қаншалықты басымдық берілген?
– Тау-кен металлургия саласында роботтандыруды елестету қиын. Өйткені шикізат әртүрлі, сыртқы жағдайларға тәуелділік жоғары. Бірыңғай технологиялық режімді әзірлеу де мүмкін емес. Екінші жағынан, байыту және металлургия физика мен химияның мәселелері болып саналады. Ғалымдар бізге формулалардағы әрбір қайта бөлу процесін сипаттауға және оларды компьютерлік бағдарламаларға аударуға көмектесті. Содан кейін біз нақты уақыт режімінде параметрлерді бақылау үшін өндірісті сенсорлармен жабдықтадық. Қазір технологиялық процестерді оптимумға барынша жақындату үшін қолдан келгенін бәрін жасап жатырмыз. Тапсырма қарапайым естілгенімен, оны шешу өте қиын. Соңғы үш жылдың ішінде біз сенсорларға 30 млн доллардан астам қаражат жұмсадық. Бір мыс балқыту зауытында 700 шақырымнан астам түрлі кабель төселді. Есептеп көріп едік, бір тәулікте «Қазцинкте» шамамен 30 млн бастапқы көрсеткіш қалыптасты. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Мұндай көлеммен тек математикалық өңдеу әдістері арқылы ғана жұмыс істеуге болады. Біздегі талдаушылардың тобы да ерекше. Олар жастар – қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Олар бастапқы деректерді алады, өңдейді, заңдылықтарды табады және оны технологтарға береді. Бұл компания қосымша кіріс ала алатын әдіс саналады. Яғни бір жерде металл өндірісін ұлғайту, енді бір жерде реагенттерді қолдануды азайту осылай анықталады.
Жалпы, біз цифрландырумен 15 жыл бойы айналысып келеміз және оның алғашқы жемісін енді ғана көре бастадық. Өткен жылы экономикалық нәтиже 30 млн долларды құрады. Іс жүзінде барлық бөлімшеде өндірісті басқару орталықтары құрылды. Онда барлық дерек жиналады. Қандай да бір ауытқулар болған жағдайда диспетчерлер жедел шешім қабылдайды.
– 25 жылдың ішінде «Қазцинк» қаншалықты өзгерді?
– Бұрын бәрі тез жасалуы мүмкін сияқты көрінетін. Бірақ тау-кен металлургия өндірісі инерциялық сипатқа ие. Мұнда тетікті саусақпен баса салу арқылы бір нәрсені өзгерту мүмкін емес. Бұған нақты мысал – біздің қауіпсіз еңбек жөніндегі бағдарламамыз. Неғұрлым алға қадам басқан сайын соғұрлым тағы жұмыс істеу керектігін жақсы түсінеміз. Егер 25 жыл бұрын бізге егер қауіпсіздік техникасы бұзылса, кез келген жұмысшы, кез келген шебер өндірісті тоқтата алады дегенде, мұны далбаса дейтін едік. Ал бүгінде бұл – маңызды норма. Бұл бағыттағы бастамалардың генераторы – Директорлар кеңесінің басшысы Никола Попович. Осы уақыт ішінде ол мамандығын өзгертті. Әуелде экономист еді, бірақ кейін байытушы да, металлург те болды. Мысалы, қазір барлығы экологияға, көміртегіні азайтуға алаңдайды. Николаның компания алдына қойған міндеті – көмірқышқыл газының шығарылуын барынша азайту үшін пирометаллургиядан гидрометаллургияға көшу нұсқаларын табу.
– Александр Леонидович, сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен Сібірде туғанмын, ауылдың баласымын. Металлургтер мен кеншілер туралы кеңестік фильмдерден біліп өстім. Онда шахтадан шыққан лас жұмысшылар мен Домна пештері көрсетілетін. Өскеменге Новосібір университетін тәмамдағаннан кейін келдім. Бұл қаланы өзім таңдадым. Егер сол кезде біреу маған компания үшін жауап бересің деп айтса, сенбес едім. Бірақ тағдыр осылай болды. Көшбасшының жұмысындағы ең басты қасиет – әртүрлі мамандарды біріктіру. Мен білімім бойынша экономистпін әрі технологтармен және металлургтермен білім саласында бәсекеге түсе алмаймын. Кез келген инженер, кез келген жұмысшы өз жұмысын қалай істеу керектігін жақсы біледі. Бірақ мен олардың айтқандарын тыңдап, ең жақсы нұсқаны табуға, жағдай жасауға көмектесе аламын. Есімде, алғашқы уақытта түнге дейін жұмыста болатынмын. Маған қарап, қызметкерлерім де жұмыста ұзақ жүретінді шығарды. Сондықтан қазір жұмыс күні аяқталса, бірден кеңседен кетемін. Үйде поштаны ашамын, құжаттарды қараймын – бұл тек менің жұмысым. Бір қызығы, 2020 жылғы пандемия әйелдердің қашықтан тиімді жұмыс істейтіндігін көрсетті. Күні бойы олардың үй жұмыстарымен, балалармен айналысатыны белгілі. Ал кешкі 10-нан түнгі 2-ге дейін олар барлық қажетті жұмыс көлемін жасай алды. Себебі олар шайға, әңгімеге алаңдамайды. Біз есеп беруді бұрынғыға қарағанда тезірек қалыптастыра бастадық. Биыл дәл осы осындай тәртіпті қалдыруды жөн көрдік. Әйел қызметкерлер бір-екі күнге кеңсеге жаңа заттарды көрсету, бір нәрсені немесе біреуді талқылау, сөйлесу үшін келеді. Содан кейін үйлеріне оралып және барлық норманы тез әрі тиімді орындайды. Егер бұрын біз ең жақсы жағдайдың өзінде есепті айдың 25-інде жапсақ, өткен айда бәрі айдың бірінші аптасында дайын болды. Пандемия сияқты қиын жағдайды да компанияның мүддесіне пайдалануға мүмкіндік бар.