Екібастұзда ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды. EkibastuzFerroAlloys компаниясы бұл жобаға Қазақстанның даму банкінен қаржы тартып отыр. Ферросилиций шығаратын жаңа жобаның жалпы құны 92,2 млрд теңгеге тең. Оның 72 млрд теңгесі Қазақстан даму банкінің кредиттік желісі арқылы берілсе, қалған 20 млрд – инвестордың қаражаты.
Заманауи зауыт 94,5 МВА-лық 4 пештен тұрады. Оның ең жоғары өндірістік қуаты – жылына 240 мың тонна жоғары сапалы ферросилиций өндіру. Толық автоматтандырылған жаңа кәсіпорынды іске қосу 2023 жылға жоспарланған. Кәсіпорын ферросилицийге деген жаһандық сұранысты қанағаттандыру үшін салынып жатыр. EkibastuzFerroAlloys компаниясы Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка нарықтарында өз өнімдерін сатуды жоспарлап отыр. Дайын өнімді өткізуге арналған тиісті келісімдер мен офтейк келісімшарттар жасалды. Алдын ала есептеулерге сәйкес, экспорт құнының көлемі жылына 76 млрд теңгені құрамақ.
– Кәсіпорынның Екібастұз қаласын жаңғыртуда стратегиялық маңызы бар. Жоба экологиялық тұрғыдан таза болып саналады. Өйткені қалдықтардан микрокремнез өндіріледі. Ол да әлемдік нарықта сұранысқа ие. Жаңа зауыттың өнімі әлемдік стандарттың барлық талаптарына толық сәйкес келеді және 100 пайыз экспортқа бағдарланған. Біз алдымызға өршіл мақсаттар қойып отырмыз. Яғни экспорт географиясын әлемнің 52 еліне дейін ұлғайту және ферросилицийдің әлемдік нарығында көшбасшы позицияға ие болу. Жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді және қаланың білікті техникалық мамандарын ұстап қалуда маңызды рөл атқарады, – дейді EkibastuzFerroAlloys ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.
Жаңа кәсіпорын «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің жанында орналаспақ. Бұл шикізат пен электр энергиясы көздеріне жақын орналасқандықтан өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Осыдан бір ай бұрын Павлодар облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен болып, моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізді. Еске сала кетейін, биыл Мемлекет басшысы біздің моноқаламыз – Екібастұзды дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жоспардағы ірі инвестициялық жобаларының бірі – EkibastuzFerroAlloys компаниясы жүргізетін ферроқорытпа өндіру зауытының құрылысы. Оны жүзеге асыру Екібастұзды дамыту жоспары бекітілгеннен кейін бірден басталды. Бұл Президенттің ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасының орындалғанын көрсетеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында заманауи кәсіпорын құрылысының басталғаны туралы хабарлау екі есе жағымды. Жоба 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорынның жұмысы есебінен ферросилицийдің шикізаттық емес экспорт көлемі 4 есе өседі деп күтілуде. Жоба республикалық Индустрияландыру картасына және Павлодар облысының 2020-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Жаңа кәсіпорынның ашылуы экономиканы әртараптандыруға және біздің аймақтың, сонымен қатар тұтас елдің дамуына оң әсер ететініне сенімдімін, – дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
EkibastuzFerroAlloys ЖШС акционерлерінің бірі Давид Кемертелидзенің айтуынша, әлемдегі ферросилиций нарығы тұрақты. Өйткені ол ірі тоннажды ферроқорытпалар класына жатады.
– Оның жаһандық қажеттілігі тұрақты болып қалады. Сондықтан біз мұны өте перспективалы бағыт деп санаймыз. Екібастұздағы кадрлық әлеуеттің жоғарылығы да жобаны табысты іске асырудың кепілі болмақ. Жоба табысты болатынына және белгіленген мерзімде іске асырылатынына сенімдімін. Осындай ірі инвестициялық жобалардың болуы, оған инвесторлардың белсенді қатысуы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың қолайлы екенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл Үкімет тарапынан инвесторларды қолдаудың нақты мысалы, – дейді Давид Кемертелидзе.
Оның пікірінше, өнімнің өзіндік құнындағы қазақстандық қамту үлесі 96 пайызды құрайды. Себебі өндіріс үшін негізгі ресурстар Павлодар облысынан алынады.
Кәсіпорын құрылтайшыларының айтуынша, зауыттың техникалық жабдықталуы барлық әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келмек. Осындай жүйе бойынша ұқсас жобалар (YDD Corporation ЖШС және Qaz Carbon ЖШС) Қарағанды қаласында іске асырылған.
– Екібастұздағы жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы акционерлер тобымен бірлескен алғашқы жобамыз емес. Бұрын Қарағанды облысында ферроқорытпа зауыттары мен агломерациялық фабрикаларды іске қосу кезінде ынтымақтасқан едік. Екі жоба да өңір үшін, тұтас ел үшін табысты, экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды болды. Сондықтан толысқан тәжірибе мен тиісті құзыреттер қазақстандық металлургияны әлемдік индустрияның жаңа деңгейіне шығара алатын осы жобаны табысты іске асырарына сенімдіміз, – дейді Қазақстан даму банкінің басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Қазақстан даму банкі жобаның әлеуметтік құрамдас бөлігіне ерекше назар аударатындықтан, А.Сарқұлов Екібастұздағы жаңа зауыттың даму индексі жақсы екенін атап өтті. Зауыт экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да аймақтың дамуына оң әсер етпек.