Ақмола облысының Щучинск қаласында бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста 12 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынды.
Бірнеше күнге созылған бәсекелер барысында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының бұрымдылары өздерін жақсы қырынан көрсетті. Бұл командалардың әрқайсысы үш алтыннан олжалады. Атап айтсақ, Алатау баурайынан келген арулар арасынан Алуа Балқыбекова (48 кило), Назым Қызайбай (50 кило) және Дариға Шәкімова (66 кило) қарсылас шақ келтірмеді. Елордалық сұлулар қатарынан Римма Волосенко (60 кило), Аида Әбікеева (63 кило) және Валентина Хальзова (70 кило) теңдессіз деп танылды.
Ал өзге салмақ дәрежелерінде ақмолалық Дина Жоламан (54 кило) мен Карина Ибрагимова (57 кило), қостанайлық Надежда Рябец (75 кило) және шымкенттік Фариза Шолтай (81 кило) мен Дина Исламбекова (+81 кило) алтыннан алқа тақты.