• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Желтоқсан, 2021

Ахмед Хамди Аян: Бизнестегі принциптер адамгершілікке негізделуі керек

406 рет
көрсетілді

Ел егемендігімен бірге еңсе тіктеген түрлі бизнес салалары мемлекет экономикасының өрістеуіне елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, қонақүй бизнесінің елдің туристік әлеуетін арттыруға, мемлекет имиджін қа­лыптастыруға ықпалы зор. Тәуел­сіздік мерекесі қарсаңында, осыдан 29 жыл бұрын Елбасының шақыртуымен Қазақстанға келіп қонақүй мен құрылыс саласында айтулы табысқа жеткен танымал инвестор Ахмед Хамди АЯН мырзаны әңгімеге тартқан едік. Мыңдаған азаматты тұрақты жұ­мыс­пен қамтып отырған кәсіп­кер Тәуелсіздік жылдарының жетіс­тіктері туралы ой толғады.

– Ахмед Хамди Аян мырза, тәуелсіз­діктің алғашқы жылдары Қазақстанға келіп, қонақүй бизнесі саласына тың сер­пін әкелген іскер жандардың бірісіз. Күні бүгінге дейін еліміздегі қаншама маңыз­ды ғимараттар құрылысының басы-қасында жүрсіз. Бәрі қалай басталып еді?

– Оныңыз рас, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған елең-алаң тұста байтақ өлкеге ат басын бұрып өз кәсібін өрге дөңгелеткен бақытты жанның бірі менмін. Өзіңіз айтып өткендей, Алатау баурайындағы алып қала Алматыдан бес жұлдызды қонақүй салып осы саланың алғашқы қарлығашы атандық. Сондықтан тәуелсіздіктің мерейлі белесі біз үшін маңызы ерек мереке. Мұның өзіндік символикалық мәні де бар. Мәселен, биыл Қазақстанның егемендігіне 30 жыл толса, біз алғаш іргетасын қалаған Алма­тыдағы InterContinental Almaty қонақ­үйінің ашылғанына 25 жыл толып отыр. Қазақстанның осы отыз жыл ішіндегі тұтас даму тарихы, асқан асуы, аттаған белестері менің көз алдымда. Азаттық таңымен бірге арайланып жатқан жас мемлекеттің өткені мен бүгіні, алғашқы жылдардағы қиындықтар, жемісті кезеңдер – бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр.

 Қазақ топырағына 1992 жылдың сәуір айында табаным тиді. Құрамында Түркия­ның жоғары лауазымды тұлғалары бар түрік кәсіпкерлері бірлестігі өкілдерімен бірге Алматыға келдім. Туысқан елдің дер­бес мемлекет атанғаны бәріміз үшін үл­кен қуаныш еді. Араға бірер ай салып Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркияға келгенде ол кісімен жақынырақ танысудың сәті түсті. Арнайы қабылдауында болып, жас мемлекеттің алға қойған жоспарын, бағыт-бағдарын ел тізгінін қолына ал­ған қайраткер азаматтың өз аузынан естідік. Ол тұста Түркияның Кемер қала­сын­­да менің бес жұлдызды қонақүйім бола­тын. Нұрсұлтан Әбішұлы менен: «Алма­тыға да дәл осындай қонақүй са­ла­сың ба?» деп сұрады. Мен бұл ұсыныс­ты қуана қабылдадым. Қазақстанға табан тіреуіме түрткі болған басты оқиға осы еді. Осы­лайша, 1993 жылдың 8 сәуір кү­ні қонақүйдің іргетасы қаланды. Бұл рә­сім­ге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түр­кияның сол тұстағы Президенті Тұрғыт Өзал арнайы қатысты. Іргетас құйғандағы естелік тасқа «1996 жылы бұл қонақүйдің құрылысы толығымен аяқталады» деп жазылған болатын. Белгіленген мерзімге сай сол жылдың 16 желтоқсанында қонақ­үйіміз ашылып, алғашқы меймандарын қабылдай бастады. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары басталған соң араға бір апта салып Тұрғыт Өзал дүние салды. Ал 1996 жылы ғимараттың ашылу лентасын Түркияның тоғызыншы Президенті Сүлеймен Демирел мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кесті. Содан бері ширек ғасыр өтті. Біздің бизнесіміз де Қазақстанмен бірге өркендеп, дамып келеді.

 Ол кезеңдерге оймен сапар шексем түрлі оқиға есіме түседі. Бұл шынын­да да қиын кезең болатын. Одан бері Қазақстандағы қаншама маңызды нысан­дар­дың құрылысымен айналыстық. Ел астанасы Арқаға көшкен тұста жас қаланың жасампаз шаһарға айналуы жолында ел тілегімен үндес болдық. Парламент Мәжі­лі­сі мен Сенатының ғимаратын, Astana Tower бизнес орталығын, Есіл жаға­лауындағы 718 пәтерлік «Самал» шағынауданын, Риксос қонақүйінің қа­сын­дағы Дипломатиялық қалашықты, «Телекоммуникация ғимаратын», «ҚазМұ­най­Газ» компаниясының Атыраудағы бас кеңсесін, тағы басқа да ғимараттарды салып шықтық. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әлі де жүйелі жалғасын табуда. Алматыдағы 12 га аумаққа салынған «Эдельвейс» және 44 га аумаққа салынып жатқан «Ақкент» тұрғын үй кешендері де біздің қолтаңбамыз. Яғни 29 жылдан бері Қазақстанда бой көтерген қаншама сәулетті ғимараттардың тарихы біздің кәсіби машығымызбен тығыз байланысты. Бұл бағытта алға қойған жос­парларымыз сәтімен іске асуда.

– Қазақстанның бедерлі жылдар белесіндегі даму тарихы көз алдымда өр­­біді деп қалдыңыз. Кешегі күн мен бү­гінді салыстырғанда ойыңызға не оралады?

 – Әлбетте, 30 жыл ішінде көп дүние өзгерді. 1992 жылы біз мінген ұшақ Алма­ты әуежайына қонғанда жағдай мүлде басқаша еді. Кеңес саясаты ғимараттарға, адамдардың көңіл күйіне өз салқынын салып кеткендей көрінді. Халықтың жағдайы мүшкіл болатын. Әуежай ішінен қазақша сөйлейтін адам таппай таңғалғаным әлі есімде. Арнайы форма киген тәртіп сақшы­лары мен күзетшілердің көпшілігі өзге ұлттан екен. Жергілікті қазақтарды қала ішіне кіргенде бір-ақ кездестірдім. Мұны жай ғана мысал ретінде айтып отырған жайым бар. Бір баланың азамат болып бой түзейтін уақытында Қазақстан биік деңгейге көтерілді. Әлеуметтік, эко­но­микалық, мәдени табыстарға қол жет­кіз­ді, инфрақұрылым өрістеді. Халық­ара­­лық саясатта беделді, өз орны, өз үні, өз жолы бар мемлекетке айналды. Қан­ша­ма интеграциялық ұйымдар өмірге келіп, туысқан халықтарды бірлік пен ынтымаққа, мәдени-рухани байланысқа ұйыстырып отыр. Көре білген жанға бұл үлкен жетістік. Әрине, қоғам бол­ған соң, адамдар жүрген ортада түрлі кемшіліктердің белең алуы заңды құбылыс. Өйткені үлкен табыс­тар ұзақ жылдардың жемісі. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Айтпағым, болымсыз кемшіліктерді мы­сал етіп, үлкен жетістіктерді жоққа шы­ға­руға болмайды. Бұл мәселеге кең ау­қымды көзқараспен қарап, пайымды баға берген абзал. Бұрынғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның арасында даму дейтін даңғыл, қаншама еңбек, саяси сарабдал шешімдер жатыр. Бұл ретте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік еңбегін ерекше атаған болар едім. Жаһанды шарлап жүріп әлем елдерінен қандай жақсы нышан, нендей озық дүние көрсе, сол игілікті менің хал­қым да көруі керек деген ниетті алға ұстап келеді. Ынтымақты ту етіп көптеген ұлыс бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр. Әлемнің қай мемлекетіне барсам да зиялы қауым, мемлекет басқарған азаматтар ол кісінің еңбегін ерекше бағалайды. Әсіресе, бауырлас түрік елі Нұрсұлтан Әбішұлын түркі дүниесінің ақсақалы, қадірлі тұлғасы деп біледі. Ер мерейі – ел мерейі деген осы болса керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау қа­жет­тігін үнемі айтып келеді. Аталған бағыт­та арнайы бағдарламалар қабылданып, іскер азаматтарға салықтық және басқа да мәселелер бойынша көптеген жеңілдік қарастырылуда. Бизнесті қолдау тақырыбы жыл сайынғы Жолдаулардан да тыс қалып жатқан жоқ. Бұл – дамуға бет алған жасам­паз мемлекеттің бағыты айқын екенін көрсетеді.

– Табыскер азамат ретінде бизнес­те биік межеге жетем деген жандарға қандай кеңес берер едіңіз? Іскерлікте қандай принциптерге сүйенесіз?

– Бұл сауалыңызға сағаттап жауап беруге болар. Кәсіпкерлікте әркімнің өз жолы, өз бағыты бар десек те, бәріне ортақ бір құндылық бар. Ол – өз ісіңді жан-тәніңмен сүю және соған өміріңді арнау. Яғни тәуекелсіз табысқа жетем деу бекер сөз. Аптаның басы, соңы демей қажырлы еңбек ету, арманыңа мақсаткерлікпен ұмтылу сені жетістік шыңына жетелейді. Мұның бәрі өз дәрежесінде өрбу үшін адамға, ең алдымен, биік адамгершілік парасат керек. Мәселен, адам бай болуы мүмкін, бірақ нағыз кәсіпкер бола алмауы ғажап емес. Адамдық жоғалған жерде береке болмайды. Мен басшымын, менің айтқанымның бәрі заң деу үлкен қателікке ұрындырады. Қарамағыңдағы қарапайым қызметкер болса да оның пікірімен санасып, ісіңнің ілгерілеуі үшін айналаңдағы кәсіби мамандардың ақылына құлақ асқан жөн. Мұндағы тағы бір маңызды дүние немен айналысатыныңды білу және қоғамға не қажетті екенін сараптай алу. Сенің кәсібің елдің сұранысына сай болса, қызметің мінсіз болса, бәсекелестікке қарамастан табысың молая береді. Басты айтарым, тура жүргеннің туы жығылмайды, түзу жүрген жанның тірлігі түзеледі. Менің бизнестегі принциптерім адамгершілік қағидаларға негізделген. Ұжымда, жұмыс бабында орын алған кез келген жағдайды ашық талқылап отырған дұрыс. Менің айтып отырғаным іс адамының жалпылама түсініктер қағидасы. Әрқашан сіз кәсіп бастаймын деп ұмтылған саладағы сізге дейін табысқа жеткен адамдардың ақылына құлақ асқанның еш артықшылығы жоқ.

 Бизнес тәуекелден тұрады. Бәрі бірден жақсы болып кетті деп айта алмаймын. Сан сынақтарды өткердік. 1998 және 2007 жылдардағы үлкен дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. Күш біріктірудің арқасында, бизнестегі бай тәжірибеміздің нәтижесінде бұл кезеңнен де аман шығып, аяққа нық тұрдық.

– Бүгінгі таңда қанша азаматты жұмыспен қамтып отырсыздар?

 – 25 жылдық тарихы бар қонақүйімізде бүгінге дейін 20 833 қызметкер еңбек етті. Олардың көпшілігі еліміздегі қонақүй саласында қомақты табысқа қол жеткізіп жүрген біздің түлектеріміз. Бүгінге дейін қонақүй қабырғасынан оқу орталығын ашып, мамандардың қаншама буынын салаға машықтандырдық. Мәселен, 1996 жылы «Анкара» (қазіргі InterContinental Almaty) қонақүйі алғаш ашылғанда салаға серпін берер деген ниетпен Түркиядан 500 қызметкер әкелген едім. Ал бүгінгі таңда қонақүйде бар жоғы 2 түрік азаматы ғана жұмыс істейді, қалғанының бәрі жергілікті халық өкілдері. Біз алғаш есік ашқанда білікті мамандар болмағандықтан, осындай тәжірибеге бардық. Еңбегіміз жеміс беріп, қызмет көрсетудің үздік үлгісін қалыптастырдық. Бірте-бірте басқа да жоғары санатты қонақүйлер, мейрамханалар ашылып, біздің кәсіби мамандарымыз сол жақтарға тартыла бастады. Нақты бүгінгі күні қонақүйде 225 азамат еңбек етеді. Ал, жалпы, Қазақстан аумағы бойынша мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Тіпті үлкен құрылыстардың қыза түскен шағында бір мезетте 6 мыңға тарта азаматты еңбекке тартқан кезіміз болды. Жұмыскерлеріміздің қауіпсіздігі, өмірі біз үшін өте маңызды. Оларға тек жұмыс берумен шектелмей кәсіби біліктілікке баулу негізгі ұстанымдарымыздың бірі. Барлық талапқа сай, сапалы қызметіміздің арқа­сында пандемия кезінде де жұмысымыз тоқта­ған жоқ. Елге қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық қорғаныс құралдарын тасы­малдаған әуе компанияларының қыз­мет­керлері біздің қонақүйімізді паналады.

– Осыдан 29 жыл бұрын Қазақстанға келгенге дейін де түрік елінде үлкен кәсіппен айналысып, табысқа жетке­ніңізді білеміз. Сұрағым келгені, бизнеске кедергі немесе керісінше кәсіпті қолдау тұрғысынан екі ел арасында қандай алшақтық яки ұқсастық бар?

– Жалпы, қызмет көрсету тұрғысынан АҚШ және Батыс Еуропа елдері әлдеқашан биік сатыға көтерілген. Ол жақта барлық процестер бір механизмде жұмыс істейді. Әр іспен өзінің кәсіби мамандары ғана айналысады. Бұл ұзақ жылдық тәжірибенің жемісі. Сол сияқты мемлекет табысының ауқымды бөлігін туризм арқылы жандандырып отырған түрік елі де аталған бағытта бай тәжірибеге ие. Бір ғана қонақүй қызметін мысал ретінде алсақ, Қазақстан бұл елдерден бір мысқал кем емес. Сөз басында айтып өткенімдей, Тәуел­­сіздіктің алғашқы жылдары бес жұл­дыз­ды қонақүйлер жоқтың қасы еді. Қыз­мет көрсету сапасы да солғын болатын. Ал осы отыз жыл салаға серпін беріп, Қазақстанның барлық қалаларында заман талабына сай қонақүйлер, мейрамханалар, түрлі деңгейдегі демалыс орындары пайда болды. Туризмнің тынысы кеңіді. Себебі қазақ даласының бай табиғаты, көрікті аймақтары саяхаттаушылар үшін айрықша жаңалық. Ал жалпы бизнестің өрісі туралы айтқанда, әлі де ширай түссе дейтін тұстар жоқ емес. Ел экономикасын өрге сүйрейтін негізгі сала – өндіріс ошақтары. Көптеген дамыған елде өндіріс орындары арнайы индустриялық аймаққа шоғырландырылып, сұранысқа сай жұмыс істейді. Бізде де арнайы индустриялық аймақтар құрылып жатыр. Солардың жұмысын жандандыру қажет. Мұндағы негізгі қағида – қоғам тынысын тану, халыққа нақты қандай өнім қажеттігін, нарыққа не керектігін саралай білу. Мысалы, Түркияда көптеген фабрика арнайы индустриялық аймақта шоғырланған. Олар бір-бірімен бәсекеге түсе отырып, ішкі нарық пен экспортты қатар қамтып келеді. Кәсіпкер өзінің жанына жақын, қолайына келетін іспен айналысса, сөзсіз табысқа жетеді. Бизнестегі басты принциптердің бірі осы. Мемлекет бизнесті қолдауға тиісті жағдай жасап келеді. Әсіресе, соңғы жылдары кәсіпкерлікке кедергі келтіретін проблемалар оңтайлы шешімін таба бастады. Билік те, халық та экономиканың негізгі драйвері кәсіпкерлік екенін түсінді. Ал басқа да ұсақ-түйек мәсе­лелер уақыт өте келе шешімін таба жатар.

– Қайырымдылық шараларына қан­ша­лықты көңіл бөлесіздер?

– Қайырымдылық ізгіліктің көрінісі әрі адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіретін де осы. Бүгінгі таңда қал-қадеріміздің жеткенінше қайырымдылық істен қалыс қалған жеріміз жоқ. Мұқтаж жандарға көмек көрсе­туді көздеген көптеген қор бізге ұсыныс­­тар­­мен кел­генде, оларға барынша үн қосу­ға ты­рысып келеміз. Алты құрлыққа ауыз салған пандемия кезінде жағдайы мүшкіл 200 отбасына азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен қолдау көрсеттік. Ұлттық спортты дамыту мақсатында күрес федерациясына, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап келген спортшыларға өз тарапымыздан сыйақы ұсынған кездеріміз де болды. Қолға алған қайырымдылық істердің бәрін тізбелеп жатудың қажеті жоқ шығар. Асыл дінімізде жасырын жасалған көмек садақаның абзалы деген түсінік бар. Менің ұғымымда адамға жақсылық жасау, қысылғанға қол ұшын созу – үлкен сауапты іс. Тіршілікті нұрландыратын мейірім мен жанашырлық, жақсылық пен қайырым.

– Қазақстанның өсіп-өркендеу жолында Тәуелсіздіктің рөлі қандай? Азаттық тойына айтар тілегіңіз...

– Азаттық – қастерлі ұғым. Оның қадір-қасиеті тым тереңде. Осы уақытқа дейінгі жарты өмірім қазақ елінде өтіп жатыр. Мен өзімді қазақ ұлтымен қаны да бір, жаны да бір, тілегі үндес, арманы мұраттас жан деп есептеймін. Тарихқа үңілсек, түбіміз бір, тамырымыз егіз елміз. Яғни Қазақстан Тәуел­­сіздігінің 30 жылдығы тұтас түркі дү­ние­сі­нің ұлы мерекесі. Мен жастарға үне­мі мына дүниені айтып жүремін. Адам үшін ақшадан да, атақтан да құнды бір нәрсе болса, ол – бабалар тарихымен тамырлану, ұлттық болмысыңды, ерекшелігіңді жоғал­тып алмау. Қазақ елінің басынан не түрлі қилы замандар өтті. Тәуелсіздік оп-оңай ке­ле салған жоқ. Ол үлкен күрестердің жемісі.

Жақында ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағы­лымы» атты мақаласында: «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде Көк түрік мемлекеті, Алтын Орда, хандық заман­дардағы қаһарман аталарымыз алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайы­лып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілі татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт», деп егемендік дейтін ұлы құндылықтың бағасын ұрпаққа ой сала отырып жеткізген. Бұдан артық не айтуға болады.

Азаттық алып, егемендікке қол жеткіз­ген отыз жыл тәуелсіз тарихымызға алтын әріптермен жазылды.  Халқымыздың бірлігі мен берекесіне, төзімділігі мен күш-жігеріне сын болған бұл жылдар қолымызды жүрегімізге қойып тәубе етуге де, қол соғып қошемет айтуға да лайық. Ал бүгінде бүкіл елді толғандырып отырған үлкен міндет – сол тәуелсіздікті келешекке қалай апарамыз, келер ұрпаққа қалай аманат етеміз деген ұлы сұрақ. Тәуелсіздіктің берік болуына әр адам өзінше үлес қоса алады. Кез келген кәсіп иесі өз саласында көшбасшы болуға талпынса, нағыз маман атануға күш-жігерін салса, ел дамуына тигізген пайдасы сол деп түсінем.

Ел іргесі аман, заманымыз тыныш, Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгі болсын!

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ