Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы», «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» экспозициялық залдары ашылды. Салтанатты іс-шараға қатысқан мәдениет, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға экспозициялық залдардағы жәдігерлер таныстырылды.
– Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – қайта жаңғырған Қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Еліміз осы кезеңде әлемдегі өркениетті елдер қатарынан көрінді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміздің шекарасы шегенделіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қуатты Қарулы Күштер құрылды. Ата Заңымыз қабылданды, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламалары қабылданып, экономикасы озық отыз елдің қатарына қосылуды межеледік, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен нығаю тарихынан сыр шертетін материалдарды тоғыстырған, Елбасының өмір жолын баяндайтын тарихи деректер мен қайраткерлік қырын көрсететін мұрағат құжаттары топтастырылған «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы» экспозиция залының маңызы ерекше. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында ашылған «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» залының жас буынды отаншылдық рухта тәрбиелеуге тигізер ықпалы зор болмақ.
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің пікіріне сүйенсек, экспозициялық залдарды тарихи сананы жаңғырту жолындағы кезекті қадам деп айтуға болады. Музей – тарихи жәдігерлерді сақтау ғана емес, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған мұралар арқылы тәлім-тәрбие беруге арналған үлкен әлеуметтік нысан. Сондықтан ел тарихынан сыр шертетін мұндай экспозициялық жәдігерлер көпшілік арасында көбірек насихатталуы керек. Өйткені ұжымдық тарихи жадымызды қалыптастыру арқылы ұлттық санамызды жаңғырта аламыз.
Атырау облысы