Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, белгілі абылайтанушы Зарқын Тайшыбай Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап «Абылай хан тарихы» атты 3 томдық жинақ шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Онда ұлы ханға қатысты Ресей архивтері мен Қазақстан қалаларындағы ханға қатысты архив материалдары топтастырылған. Бұл – ғалымның көп жылдық еңбегінің нәтижесі. Болашақ абылайтанушылар архив шаңдарын жұтпай, бір кітапқа шоғырландырылған ханға қатысты мәліметтерді осы жинақтан таба алады.
Бүгін Қызылжар қаласындағы ең үлкен мәдениет орны саналатын Жасөспірімдер сарайында кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оны университет ректоры Ерлан Шоланов ашып жүргізіп отырды. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов облыс әкімінің құттықтау хатын оқыды және еңбектің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Мыңнан артық құжаттың басын құраған еңбектің танымдық маңызы аса зор болмақ. Олар ұлы ханымызды бүгінгі және болашақ ұрпаққа жан-жақты танытады», деді ол өзінің сөзінде. Еңбектің маңыздылығы жөнінде СҚУ ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева, облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қартова, «Рухани жаңғыру» зерттеу институтының басшысы Гүлнәл Ахметжанова және өзгелер айтып өтті.
Кітаптың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов, облысқа белгілі азаматтар Құдайберген Қалиев, Жомарт Омаров, Нағашыбай Барлыбаев, Кемел Оспанов кесті.
ҚЫЗЫЛЖАР