Тәу етер тәуелсіздігімізді тұғырға қондырып, тұрақты Қазақстанның кепілі болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық үшін жасаған ерен еңбектерін қанша жазсақ та, айтсақ та артық етпес. Сол себепті Елбасына қатысты кез келген дерек, пайымды пікір, оймақты ой дәріптелуі де маңызды.
Тұңғыш Президентке қатысты құнды жәдігерлердің біразы туған өлкесі – Жетісу жеріндегі бірқатар мұражайда сақталған. Соның ішінде ақын Серік Қалиев басшылық ететін Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі де бар. Рухани орталықта Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан, қызметтік жолынан сыр шертетін заттары түпнұсқада насихатталуда. Солардың бірі – тапсырыспен арнайы дайындалған Елбасы Н.Назарбаевтың қаламсабы. Бұл жазу құралын Италияның Montegrappa фабрикасы өндірген. Ғаламтордың дерегіне сүйенсек, мұндай қаламсаптар оны таңдаған адамның стилін көрсетеді. Бәлкім, Тұңғыш Президенттің қолына түсуі де бекер емес шығар. Жалпы, аталған фирманың қаламсаптары өте қымбат болып саналады. Әрі оны дүние жүзінің ең беделді адамдары, яғни, саяхатшылар, әншілер, кәсіпкерлер, спортшылар және тағы басқа білікті басшылар қолданады.
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Гүлжан Аянбаеваның айтуынша, орталыққа келушілердің көбісі жерлесіміз Нұрсұлтан Әбішұлының заттарына көп қызығушылық танытады. Олардың арасында ерекше көзге түсетіні де осы қаламсап екен.
Montegrappa компаниясының Елбасы үшін дайындаған қаламсабында ұлттық құндылыққа қатысты нәрселер барынша қамтылған. Жазу құралының төменгі жағында Қазақстанның географиялық картасы орналастырылған болса, жоғарғы бөлігінде мемлекетіміздің Елтаңбасы бейнеленген. Ал қалпағының дәл төбесінен туымызды байқауға болады. Сондай-ақ оның беткі сақинасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың талай құжаттарға қойған қолының көрінісі көрсетілген. Қаламсаптың қалпағымен қосқандағы жалпы ұзындығы – 14 сантиметр.
Рухани орталықтың ерекше жәдігері болып саналатын жазу құралы естелік қорапқа салынған. Елбасымыз осы қаламсаппен кезінде мемлекеттік маңызы бар құжаттарға қол қойып, тіпті, кездесулерде өзінің жылы лебіздерін жазған екен.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Алматы облысы,
Қарасай ауданы