«Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында Қостанайда «Халық» қоры ұйымдастырған қайырымдылық шарада мүмкіндігі шектеулі балалары бар 200-ден астам мұқтаж отбасы азық-түлік себеттерін алды. Әрқайсының салмағы 50 кило болатын әлеуметтік қораптың ішінде күріш, қарақұмық, ұн, макарон, сұйық май, бұқтырылған ет, қант, шай және кәмпиттер бар.
Ауқымды шараға «Жанашыр бол» қоғамдық қорының волонтерлері де атсалысты. Ерікті жастар азық-түлік себеттерін қаланың әр түкпірінде тұрып жатқан тұрмысы төмен, сондай-ақ көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардың үйіне жеткізіп берді.
– Үш күн ішінде 251 отбасына азық-түлік себеттерін тараттық. Мұқтаж отбасылардың үйіне жылу сыйлайтын мұндай игі шаралар жиі ұйымдастырылып тұру керек. Әсіресе сәбилердің қуанғанын көргенде осынау шарапатты істің сауабы мол екеніне көзіміз жете түседі, – дейді «Жанашыр бол» ҚҚ-ның волонтері Салтанат Ықыласова.
Ұйымдастырушылар азық-түлік себеттерінің бәрін Тәуелсіздік мерекесіне дейін үлестіріп бермек. Мұндай іс-шаралар Қостанай қаласын ғана емес, облыс аудандарына қарасты алыс-жақын ауылдарды да қамтитын болады.
Қостанай облысы