Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы маңызды заңға қол қойды. Алты күннен кейін, 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттік Тәуелсіздікті жариялады. Сондықтан 1991 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін шын мәнінде ел дамуының бағдарын айқындаған тағдыршешті кезеңге айналды. Содан бері елімізді халықаралық аренада мойындалған, экономикасы өркендеп, іргесі бекіген мемлекетке айналдыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Соның бірі – президенттік институттың дамуы.
Президенттердің сіңірген еңбегін мойындау – өркениетті қоғам мәдениетінің бір бөлігі және өз тарихына деген құрметтің белгісі. Биыл Қазақстанда Тұңғыш Президент күні оныншы рет аталып өтті. Кейінгі 30 жыл ішінде президенттік институт Н.Назарбаевты көшбасшы ретінде қалыптастырып қана қойған жоқ, сондай-ақ көшбасшының өзі де институттың тынысын ашып, оған саяси, тарихи сипат берді.
Осы уақыт ішінде президенттік институт айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бір қарағанда, республикаларда президенттік билікті енгізу Одақтық орталыққа еліктеу секілді көрінгенмен, мән-жайларды мұқият талдау әрбір нақты жағдайда оның ерекшелігін, ерекше конституциялық формуласын және ең бастысы, президенттік институтты дамыту және өзгерту жолдары әртүрлі екенін көрсетеді. Тиісінше, әрбір жағдайда президенттік биліктің қалыптасуы мен дамуы нақты факторлар арқылы анықталды.
Тәуелсіздікті сақтау мен қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының бүкіл ауыртпалығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың иығына түсті. Алдыңғы қатарға көшбасшы мен тұлға факторы шықты. Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап жаңа Конституцияны әзірлеу Н.Назарбаевтың басшылығымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Конституциялық комиссияның 1992 жылғы 6 қаңтарда өткен отырысында Президент жаңа Конституцияның негізгі тұстары орын алған нарық жағдайын, барлық тұжырымды, соның ішінде мемлекеттік басқаруға қатысты құқықтық қамтамасыз етуді есепке ала отырып, мұның республика азаматтарының құқықтары мен міндеттерін нақтылау екеніне тоқталды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген кезімізде мемлекет пен қоғамды жан-жақты жаңғырту қажет еді. Бұл ауқымды міндет бірқатар объективті және субъективті жағдайға байланысты қиындай түсті. Н.Назарбаев осындай аса күрделі тарихи жағдайларда модернизация теориясы мен тәжірибесін жетік меңгерген, үйлестіре білетін саяси көшбасшы ретіндегі қасиеттерін жан-жақты танытқанын атап өткен жөн.
Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады. Конституцияда мемлекеттік билік заң шығарушы, сот, атқарушы ретінде бөлінді. Сондай-ақ Ата заңның тікелей әрекет ету принципін және барлық басқа заңнан үстемдігі бекітілді. Алайда Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңы билік жүйесінің, мемлекеттік құрылымның негізгі мәселелерін шеше алмады. Бірқатар жағдайда атқарушы биліктің шешімдері мен жарлықтарын Жоғарғы Кеңес назарына алмады.
Жергілікті жерлерде де, орталықта да билік тармақтары арасындағы күрес ағымдағы және болашақтағы мәселелерді жедел шешуге кедергі келтіріп, мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісін тежеп, тәуелсіздіктің мәні мен логикасын деформациялады. Еліміз президенттік басқару формасын таңдады. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Өйткені тарихтағы сындарлы, бетбұрыс кезеңдерінде әрдайым және барлық жерде биліктің орталықтандырылуы ешбір шарттылықтармен, формальдылықтармен шектелмейтін, жеке адамдардың да, қоғамның да жаңашыл, жасампаздық қасиеттерін ашатын соны жолмен жүретін көшбасшылықты талап етті.
Нәтижесінде, Қазақстанда таңдап алынған президенттік институттың үлгісі алғашқы кезеңде айтарлықтай тұрақты болып шықты. Осылайша, Үкіметті құруға Жоғарғы Кеңес қатысып, сонымен бірге Президенттің өкілеттігі айтарлықтай нығайды.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сақталуына және дамуына өз дамуының алғашқы кезеңінде қабылданған еуропалық (президенттік модель шеңберіндегі) мемлекеттілік тұжырымдамасы (құқықтық, саяси, мәдени және өркениеттік тұрғыдан) көмектесті. Бұл таңдау этноұлтшылдық амбициялар мен ұлтаралық қақтығыстар кезеңінен салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік берді. Қазақстан мүдделі саяси күштер арасындағы қызығушылықтардың тепе-теңдігі түріндегі орта жолды таба білді.
Шын мәнінде, Қазақстан Президенті стратегиялық жоспарлау бағытын ұстанған алғашқы саяси көшбасшыға айналды. Егемен Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу үдерісінде Президент Жолдауларының орны ерекше. Онда Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы, ел көшбасшысы мен сыртқы әлем арасындағы диалог қалыптасты. Мемлекет пен қоғамның алдағы ұзақ жылдарға арналған стратегиясы пысықталады.
Бастапқыда Н.Назарбаевтың стратегиялық жоспарлау саласындағы стилі ерекшеленді. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент мақсат қоюдың жаңаша көзқарасын көрсетті. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, саясаткерлер мен сарапшылар көбінесе қазіргі тенденцияларды алыс болашаққа экстраполяциялауға, яғни сызықтық перспективаны қолдануға бейім. Бұл әдіс қолда бар ресурстар шегінде нақты және орындалатын тапсырмаларды қоюға мүмкіндік береді. Алайда мұндай ойлау стилі әуелде-ақ ұлтты мазмұны мен болмысы жағынан біршама шектелген қарапайым өмір сүру міндеттерін жүзеге асыруға бағыттап, тығырыққа тірейді.
Сондықтан Н.Назарбаев өзінің жаңғырту стратегиясын қалыптастыра отырып, сызықтық емес, кері перспективаны қолданды. Соған сәйкес ең алдымен алыс болашақтың қоғам мен ел үшін қолайлы және қалаулы үлгісі жасалады. Содан кейін ғана осы үлгіні негізге ала отырып, ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді кезеңге арналған міндеттер қалыптастырылады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан ТМД-дағы әріптестерімен салыстырғанда тиімді артықшылыққа ие. Н.Назарбаев шынымен де экономикалық және саяси жаңғыртудың, ішкі және сыртқы саясаттың, елдің жақын және ұзақмерзімді мүдделерінің арасындағы аса қажетті тепе-теңдікті таба білді.
Экономикалық реформалар жолында Н.Ә.Назарбаевқа саяси жауапкершіліктің ауыр жүгін көтеруге тура келді. Қайта құрудың әр кезеңінде Тұңғыш Президент Қазақстанды осы жолда қандай мәселелер мен қиындықтар күтіп тұрғанын ашық айтты. Қазақстанның экономикалық іргетасы нығая түскен сайын Елбасы күшті әлеуметтік саясат жүргізу міндетін одан әрі ашық, әрі айқын ұсынып келе жатқанын айта кеткен жөн. Н.Назарбаевтың пікірінше, қазақстандықтардың, қазақстандық қоғамның барлық тобының әлеуметтік әл-ауқатын ұдайы жақсарту мемлекеттік саясаттың бірінші мақсаты және солай болып қала бермек.
1995 жылғы Конституцияда Қазақстан демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, унитарлық мемлекет деп жарияланды. Ел Президенті Мемлекет басшысы ретінде ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесін алды.
Н.Назарбаевтың қоғамды реформалау мен қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы жанқиярлық күш-жігері оның халықаралық бастамаларында заңды жалғасын тапты. Ішкі жағдай ойдағыдай жолға қойылмаса, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер съездері идеясының жүзеге асуы екіталай еді.
Жаңа мемлекеттілік өткеннің барлық жақсысын, ең озық тұстарын бойына сіңірді. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамында адамдар арасындағы татулық пен келісім, мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ету заңдары мен әдет-ғұрыптарын сақтау, билеушілердің даналығы мен көрегендігі жоғары бағаланды. Елбасының саясатымен, басшылығымен құрылған мемлекеттілік дала демократиясының әлеуетін тиімді таныта білді.
Елбасы шын мәнінде күшті билік пен президенттік жүйені, қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ететін, қазақстандық бірегейлік пен жалпықазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыратын қазақстандық үлгінің негізін қалады. Ұлтаралық келісім көпэтносты қазақстандық қоғам жағдайында ерекше маңызға ие. Бұл жалаң саяси прагматизмнің мәселесі емес. Осыған байланысты ұлттық мәселелерді шешуде бейбітшілік пен эволюциялық көзқарастың жақтаушысымын деп жариялаған Елбасының берік және дәйекті бағытының маңызын атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси көшбасшы, стратег және реформатор ретіндегі ерекше қасиеттері Қазақстанның астанасын көшіру мәселесін шешуде айқын көрінді.
Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан жағдайында жаңғыртуды жүзеге асыруы, жаһандық ойыншылардың стратегиялық серіктесі ретінде әрекет етуге қабілетті, күшті және қарқынды даму жолына түскен мемлекет құруы Н.Назарбаевты президенттік билік үлгісінің өкілі ретінде көрнекті реформаторлармен теңестірді.
Осылайша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында күшті президенттік үлгі шеңберінде либералды қоғамдық құрылыс пен демократиялық саяси жүйенің басты негіздерін бекіткен маңызды институционалдық және құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды. Сонымен бірге қоғамда туындауы ықтимал қауіпті мәселелер ішкі қайшылықтарсыз шешілді. Саяси реформаларды біртіндеп жүргізу стратегиясы қазақстандық қоғамға күрделі өтпелі кезеңнің қауіпті «қайта бастамаларына» төтеп беруге мүмкіндік берді.
Н.Назарбаевтың аса күрделі жағдайда қазақстандық қоғамды терең жаңғырту трансформацияларын бастауы тарихи шешім еді. Бұл шараларды Елбасының реформаларынан бөлек қарастырмау керек. Тұңғыш Президент саяси күресте біржақты позиция ұстанып, Қазақ елін, экономика мен қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды жалғастыруды табанды түрде жақтады.
Озық қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген ауқымды қайта құрулар жағдайында жаңғырту процестерінің айқын мақсаттары мен міндеттері, басымдықтары, табысқа жеткізетін әдістері болады. Ол саяси және экономикалық модернизацияны толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Қазақстан үшін әрқашанда ашықтық, инновация және прогреске деген өркениетті және құнды таңдау тән.
Елбасы ұсынған жетекші идеологема – ашықтық, өзгерістерге дайындық, саламатты прагматизм, бүкіл қазақ қоғамының рухани және мәдени динамизмі арқылы жүретін реформалар. Жаңғыру – әлеуметтік-мәдени құбылыс. Оның астарында адамның дүниетанымы, оның қоршаған әлемді және ондағы орнын түсінуі, мінез-құлық мотиві мен стилі, құндылық бағдарлары мен мәдени артықшылықтардың игерілген жүйесі, әлеуметтік, оның ішінде саяси, өмір сүру формалары, белгілі бір жүйе құқықтары мен міндеттері тұр.
Жаңа заман тарихындағы саяси көшбасшылық факторы ауқымды және өсіп келе жатқан маңыздылыққа ие. Ерекше тарихи миссия мен жауапкершілік қоғам мен мемлекеттің түбегейлі қайта құру процестеріне жетекшілік ететін және бағыттайтын саяси көшбасшыларға жүктеледі. Нұрсұлтан Назарбаев феномені президенттік институт шеңберінен шығып, Елбасы – Ұлт Көшбасшысы дәрежесіне көтерілді.
Бұған Елбасының әлеуметтанулық мониторингтердегі рейтингі дәлел. Тіпті дағдарыстық 2008-2009 жылдары да Н.Назарбаевты қолдайтындар саны 85 пайыздан төмен болған жоқ. Бұл қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін Президент тұрақтылықтың, сондай-ақ мақсаты мен қол жеткізген нәтижесі демократиялы, гүлденген, өзіне сенімді, қоғамдық бірлескен, дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған Қазақстанды қалыптастырудың саяси бағытын бұлжытпай ұстанудың сенімді кепілі болғанын байқатады.
2010 жылы Қазақстанда маңызды құжат Н.Назарбаевқа Елбасы атағын және президенттікке шексіз рет сайлану құқығын берген Тұңғыш Президент туралы заң қабылданды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің жаңа заман тарихындағы айрықша сіңірген еңбегі, оның қазақстандық мемлекеттіліктің жаңғыруының көшбасшысы ретіндегі көрнекті рөлі мойындалды.
Тұңғыш Президент билік жүйесін трансформациялау және қазақстандық қоғамды барынша демократияландыру мен өзіндік ішкі тұрақтылыққа ие осындай жүйені құру жөніндегі өз бағытын табанды түрде жалғастырып келеді. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында әрбір қазақстандық үшін маңызды бастамалар айтылды. Nur Otan кадрлық құрамының жаңаруы осы үдерістің алдыңғы қатарында тұр. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жетті. Партиялық тізімге енгендердің үштен бірі және әрбір бесіншісі – жастар.
Ата заңның 40-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары саяси-құқықтық мәртебесінің нақты тарихи іске асуы әлемдік деңгейдегі тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың деңгейімен айқындалды. Тұңғыш Президентіміз – қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы, тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен жетістіктерінің шабыттандырушысы және ұйымдастырушысы.
Қазіргі таңда Елбасының ісін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табысты жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы конституциялық артықшылықтарға сәйкес еліміздің бірлігі мен ілгерілеуін қамтамасыз етіп, Конституцияны, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің кепілі. Президент қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыратын жүйелі реформаларды жүзеге асырып отыр. Президенттің пікірінше, өзара сенім және жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттестігінсіз тұрақты даму мүмкін емес.
Мемлекет басшысының елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуі Қазақстан Республикасының президенттік басқару нысанын қазақстандық қоғам алдында заңды еткен басты шешуші артықшылығы.
Nur Otan партиясының Саяси кеңесінде Елбасы бүгінде мемлекеттігіміздің тұғырын сақтау бұрынғыдан да маңызды екенін, оның ішінде Тәуелсіздік – әрбір ел азаматының басты құндылығы екенін атап өтті. Президент Қ.Тоқаевтың төңірегіне халықты біріктіріп, мемлекеттің одан әрі дамуы маңызды. Тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық басты құндылыққа айналып отырған кезде осылай ғана жаһандық қиындықтарды жеңуге болады.
Зарема ШАУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры