Қашанда ауылдың қуанышы мен басқа да жаңалықтарын Мақсат інімнен біліп тұрамын. Оңтүстік Қазақстанның теріскейі Созақтың қиырындағы Қарақұр ауылында қарапайым ұстаздар отбасында 1969 жылы 15 тамызда дүниеге келген Мақсат – нағыз шығармашылық өнер иесі. Ол желтоқсан көтерілісіне де қатысқан.
1986 жылғы желтоқсанда Мақсат Жеңісұлы Қарғабай да қазақ жастарымен бірге кеңестің өктем әрі озбыр саясатына қарсы шыққан еді. Қарақұр ауылындағы Ф.Энгельс атындағы орта мектепті 1986 жылы бітіріп, сол жылы Алматы мал дәрігерлік институтының зооинженер факультетіне оқуға түскен еді.
Қазақы ауылда мектеп бітіріп, оқуға жаңа барған бала Мақсат нені түсіне қояды дейсіз, тіпті, қаланы аралауға да уақыты жоқ, бар білетіні – сабақ оқу еді. Сол кездегі жастар желтоқсан көтерілісінің мәнін ұзақ жылдардан бері басқа түскен бодандыққа қарсы бұлқыныс деп түсініп, бойларын патриоттық бір күш билейтін.
Иә, толқу болатын сол күні студенттерді күндегіден ерте қоңырау дауысы оятқан. Жатақхананың іші ары-бері суыт сүргін жүріспен басталған. Мақсат жататын №216 бөлмедегі кішкентай радио Үкімет үйіндегі жаңалықты тарата бастайды. Әйгілі желтоқсанның рухани күші осы шағын бөлмеде, осы кішкентай ғана радиодан қуат құйғандай болды, сонымен бірге студенттер жаңалықтарды бір-бірінен қайта-қайта сұрастырып жатты. Естуінше, алғашқы уақытта бейбіт шеру жасалып, жастардың алаңға шығуына ешқандай да тыйым болмаған. Алайда жоғары жақтан нақты нұсқаулар келген бе, әйтеуір жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары өз студенттерін жатақханадан шығармауға тырысып, декандар, кураторлар, комсомол, партком хатшыларының бәрі кетпей, жатақханаларда болғанын Мақсат кейініректе жиі айтып отыратын.
Сол күндері оқытушылар өз студенттерін күзетумен болған еді. Жатақханаларды жауып тастап, алаңға ешкімді шығармауға тырысты, мұғалімдермен бірге форма киген әскери кісілер де болды.
– Иә, 17-ші желтоқсан таңы осылай басталды, сағат 11-ден асқан кезде алаңға үлкен шеру келіп тоқтады. Біз терезеден қарап тұрмыз. «Ұшқыннан жалын лаулайды», «Әр халыққа өз көсемі» деген ұрандар жазылған плакаттарды жоғары көтеріп алған олар: «Жігіттер, тез шығыңдар, бізді осылай басынып, қорлай бере ме, наразылық білдіреміз!», деп айқайлады. Тордағы қырандай жігіттер ызаға булығып, аласұрды. Енді бір сәтте бір қыз ортаға шығып: «Жігіттер, қыз басымызбен біз де шықтық қой, жігіттік намыстарың қайда? Осылай терезеден қарап, телміріп тұра бересіңдер ме? Секіріңдер!» демесі бар ма? Сол-ақ екен, екінші қабаттан секіру басталды. Одан есік бұзылды. Жатақхана түгел дерлік көшеге шығып кетті.
Шеру алаңға келгенде Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні шырқалып жатыр екен. Алдымыздан деканымыз Арынғазы Егеубаев ағайымыз шыға келіп: «Қане, тез қайтыңдар, айналайындар!» деді. Біз қайтпадық.
Жастық жігер бойымызды кернеп, жасы үлкен ағаның ақылын тыңдатар емес. Алаңға шыға бердік. Менімен бірге шардаралық Қалмомын Алайдаров, қызылордалық Мейірхан Әбенов, нарынқолдық Жомарт Унасбаев, талдықорғандық Бекзат Ахметов, Қайрат Оразбаев, Елубай, ақтөбелік Қалмұрзаев Ерлан сияқты азаматтар болды. Біз АЗВИ-дің №2-ші жатақханасынан шығып, Абай даңғылын бойлап, Фурманов көшесінің қиылысындағы құрылыс техникумына, одан СХИ-ға, АГМИ-ға барып, жастарды қатарымызға толықтыра бердік. Содан кейін Сейфуллин көшесімен жүріп отырып, ЖЕНПИ-ге келіп, одан кері қайтып алаңға келдік. Бұл уақытта алаң тола бастады. Осылайша, алаңда екінші күні кешке қарай әскерлер келіп, ұрып-соғу, ұстап-қамау, тексеріп-тергеу жұмыстары басталды. Қазіргі кезде бұл – тек естелік қана.
«1988 жылы институттан әскер қатарына алынып, Германияның Вайнер қаласында азаматтық борышымды өтеп жүрдім. Бұл – тарихи қала екен. Адольф Гитлер осы қалада туыпты. Оның түбінде әлемге белгілі Бухенвальд концлагері тұр. Мені желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде тергеу-тексеру осы жерде басталды. Әскери билетімде «1986 жыл. Алматы қаласы» деген, оның берілген уақытын білдіретін жазу тұр. Тергеуге тірек болған да – осы жазу. Содан 6 ай тергеуде жүрдім. Нақақтан айтылған небір сөздер жанымды күйдірді. Амал жоқ, бәріне төзуге тура келді. Институтта осы оқиғаға байланысты небір қуғын-сүргінді көрсе де мойымай, ақыры ақталып шыққан қайсар мінезді, намысқой ағаларымызды көргенмін. Соларға ұқсап мен де мойымадым. Атам қазақтың әруағына сыйынып, ақ жолымнан жалтақтамадым. Қайта ауылдан домбыра алдырып, неміс жерінде халқымыздың тамаша әндерін шырқадым. Жаныма әнімді серік еттім. Сол жылы әскери бөлімдер арасында «Ән-88» фестивалі өтті. Осы фестивальге қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Онда мен ұлы Абайдың Гетеден аударған «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем қаламқасын» орындадым. Бірақ менің бұл табыстарым қолына шам алып, соңыма түсіп жүрген №58947 әскери бөлімінің полк командирі, подполковник В.Ивойловқа шаншудай қадалды. Кезекті бір комсомол жиналысында «бүлікші», «нацист», «декабрист» деп, мәселе көтерді. Бұл жолы мені алаңсыз мойындатпақшы болды. Бірақ мен тергеуде берген жауабымнан таймадым. Подполковникті жиналыстағы командирлер мен солдаттар қолдамады. «Аққа құдай жақ» деген рас екен. Ақыры ашуға мініп, долданған командир: «Встать, волчонок» деп айқай салып, келген бетте үстімдегі кительді айырып тастады да погондарымды жұлып-жұлып алып: «7 суток арест» деді ойланбастан. Ары таза адамға бұдан артық қиянат пен қорлық бар ма? В.Ивойловтың мақсаты менің қыр соңыма түсіп, мойындату арқылы қырағылық көрсетіп, өзінің шенін көтеру еді. Алайда оның мақсаты орындалған жоқ. Бұл маған өмірде үлкен сабақ болды, дегенмен осы «сабақ» рухани жан-дүниемді жаңартты» дейді Мақсаттың өзі.
Бүгінгі таңда Мақсат Жеңісұлы Қарғабай Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Созақ ауданындағы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастардың «Желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Аудандық ата-аналар комитетінің де төрағасы. Аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бәйдібек, Созақ аудандарындағы меншікті тілшісі.
Мақсат «Айдынға қонған аққулар», «Із қалдырған», «Өмірдің өзі», «Ерлікке ұран», «Созақ перзенттері», «Ғибрат», «Қарақұрлық ұстаздар», «Сұлтанбек», «Созақтың Сәуірбегі», «Әуесбек», «Біздің Тай ағай», «Созақ жылнамасы», «Елберген», «Әбдуәлі», «Сұр жебе», «Бабалар салған жолменен», «Дулат Тұрантегі» сынды 20-ға жуық әңгіме, жыр, публицистикалық кітаптың, сондай-ақ ҚР Президентінің Рухани жаңғыру бағдарламасына орай «Туған өлке – жұмбақ өлке», «Саялы бәйтерек» атты кітаптарының да авторы.
Міне, кешегі ақ қар, көк мұзда өз елінің Тәуелсіздігі үшін халқымен бірге күрескен теріскейдің түлегі 17 жасар мұзбалақ жігіттің асқақ арманы орындалып, Тәуелсіз елінде өзінің сүйікті ісімен айналысып, халқының үдесінен шығып еңбегі бағаланып, бақытты ғұмыр кешіп отырғанын көру қуантады.
Еліне бергенінен берері көп Мақсаттың өскелең ұрпақты өз Отанын сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу ниеті жазған кітаптарынан, әңгімелері мен мақалаларынан көрініп тұрады.
Қаршыға МҰҚАНБЕКҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы