• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Желтоқсан, 2021

Германия: Жаңа үкіметтің құрамы бекітілді

352 рет
көрсетілді

Германияда Ангела Меркельден кейінгі жаңа кезең басталды. Өткен аптада елдің жаңа үкіметі жасақталды. Сондай-ақ 16 жылдан кейін канцлер орынтағына жаңа саясаткер жайғасты. Осылайша, Социал-демократтар өкілі Олаф Шольц қызметіне кірісті.

Қазіргі таңда Министрлер кабинеті құрамында 16 министр бар. Бір қызығы, соның тең жартысы әйел. Қыркүйекте өткен сайлауда жеңіске жеткен SDP  атынан 7 министр тағайындалса, 5 лауазым «Жасылдар» партия­сына бұйырды. Еркін демократтар (FDP) атынан 4 министр бекітілді.

Естеріңізде болса, қыркүйекте Германияда парламенттік сайлау өткен болатын. Дауыс санау нәтижесі бойынша солшыл ба­ғыт­­тағы Социал-демокра­тия­­лық партия (SDP) жеңіске жет­ті. Бұған дейін билікте басым дауысқа ие болып келген Хрис­­тиан-демократиялық одағы (CDU) екінші орынға тұрақтады.

Социал-демократтарға элек­торат­тың 25,7 па­йызы дауыс берді. Екін­ші орын­дағы Христиан-демо­кра­тия­лық партиясын халық­тың 24,1 па­йызы қолдаған. Осы­лайша, 16 жыл бойы Бундестагта көпшілік мандатты иеленіп келген CDU жеңіліске ұшырады.

Үшінші орын «Жасылдар» партиясына бұйырды. Олардың еншісіне бюллетеньдердің 14,8 па­йызы тиесілі. Бұған дейінгі сай­лауға қарағанда, аталған пар­тия көбірек дауыс жинады. Сөй­тіп Бундестагтағы мандат санын екі есеге көбейте алды. Бұл не­міс халқының қоршаған ортаға алаң­дай бастағанын көрсетеді.

Сонымен үш айға созылған келіссөздер нәтижесінде канцлер сайланып, министрлер каби­неті бекітілді. Осылайша, Олаф Шольц бастаған саясаткерлер алдағы уақытта Германияны алға жетелей бермек.

Ол бұған дейін Гамбургтің мэрі қызметін атқарды. Сондай-ақ Меркель үкіметі кезін­де қаржы министрі болып еңбек етті. Екеуі екі партияның өкілі екеніне қарамастан, О.Шольц қызмет жолында Меркельдің көшбасшылық стилін бойына сіңірді десек артық айтқандық емес. Ол өз ісін жетік білетін қарапайым прагматик ретінде танылды.

О.Шольц мырза А.Меркельдің шын ізбасары екенін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде анық аңғартты. Ол өзінің де, А.Меркельдің де Германияның солтүстігінен екенін атап өтті. Жаңа канцлердің бұған екпін беруінің сыры мынада. Әдетте Германияның солтүстігін мекендегендер оңтүстіктегі отандастарына қарағанда мінезі біркелкі екені белгілі. «Мен осы уақытқа дейін бағытымызды айқындаған солтүстік-шығыс неміс мента­лите­тін жалғастырғым келеді. Саясатымызда көп өзгеріс бол­май­ды», деді О.Шольц. Ол сон­дай-ақ қызметте болған кезін­де көп­теген ірі дағдарыс­ты ең­серген А.Меркельге құрметін жеткізді.

Президенттің Беллевю са­райын­дағы резиденциясында өткен салтанатты іс-шарада Гер­мания басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер жаңа министрлерге алда қиын міндет күтіп тұрға­нын жеткізді. «Сіздер қазір еліміз үшін және 82 миллионнан астам тұрғынның жауапкершілігін мо­йындарыңызға аласыздар. Сай­лауда жауапкершілікті басым бағыт етіп белгіледіңіз. Осындай міндеттеріңіз қиын уақытқа тап келді. Парламенттегі коалиция көп прогреске, көп реформаға және көп өзгерістерге жетуге ниетті екенін қолдаймын.

Күмәнсіз, Германия климат­тың өзгеруі немесе цифрландыру, халықаралық бәсеке немесе көші-қон сияқты үлкен қиын­дықтармен бетпе-бет келіп отыр. Сіздердің алдағы уақытта атқа­ра­тын жұмыстарыңыз еліміз­дің болашақ келбетін қалыптас­тырады», деді Ф.Штайнмайер.

Іс-шарадан кейін Германия Министрлер кабинетінің мүше­лері бекітілді. Вице-канцлер әрі Экономика және қоршаған ор­таны қорғау министрі болып «Жасылдар» партиясының өкілі Роберт Хабек тағайындалды. Аталған партияның жетекшісі Анналена Бербок ендігі жерде Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Еркін демократтар партиясының жетекшісі Крис­тиан Линднер Қаржы министрі болды.