• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Елорда 20 Желтоқсан, 2021

ЖИТС: Үрейді білім жеңді

406 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова мен ЖИТС орталығының директоры Сәбит Әбдраимов АИТВ-мен сырқаттанушылық деңгейі және алдын алу шаралары туралы өткізілген онкүндік барысымен және жыл бойындағы атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Өткен ғасырда медицина ғы­­лы­мында проблемалардың бірі болған, жұрт атынан-ақ үрей­ленетін ЖИТС жұқпалы дер­ті бүгінде ғалымдар іздені­сі­нің нәтижесінде созылмалы сыр­қаттардың санатына енген. Бұл аурумен күресте бірінші кезекте халықтың, әсіресе жастардың хабардар болу деңгейін арттыру­дың маңызы зор. Өйткені адамдар­дың ауруын жасырып қашпай, емделуінің нәтижесінде АИТВ инфекциясын жұқтырғандар толыққанды өмір сүре алатын дә­режеге жетті. Яғни ЖИТС – емге көнетін аурулар санатында.

Бұл ретте бұқаралық ақпа­рат құралдары мен ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы кү­рес жөніндегі орталығы ма­мандарының бірлесе АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың әлеу­меттік қорғалуы мен құқық­та­рының сақталуына қоғамның назарын аударуының оң нәтиже беретінін өмірдің өзі дәлелдеуде. Бұрын адамдардың ЖИТС-пен ауырып ажал құшуы жөнінен дүние жүзі бойынша 8-орындағы дерт қазір 19-орынға ығысты. Дегенмен бұл ауруға деген назар бәсеңдейді деген сөз емес. Сол себепті ауруды анықтауға арналған талдамалар, экспресс-тесттер алу үзбей жүргізіледі. Мәселен, миллионнан аса халқы бар елордада мұндай талдауларды жүргізу деңгейі жоғары екен. Жан-жақтан келетін ішкі және сыртқы миграцияны есепке ала, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен тәртіп бойынша халықтың 10 па­йызын тексеруден өткізу қажет болса, Нұр-Сұлтан қаласында оның мөлшері 20-дан асты. Көбірек тексерген сайын аурудың анықталу мөлшері де соған сәйкес ұлғаяды. Ал оның неғұрлым тезірек анықталғаны әрбір ауру жұқтырушы үшін аса маңызды екені түсінік­ті. Қазіргі күні өзі АИТВ жұқтырғанымен дені құлантаза сау бала әкелген аналардың саны артты. Яғни соңғы 4-5 жылдың ішінде аурудың анадан балаға жұғуы тоқтады.

Бүгінде ғылымның дамуымен аурумен кү­рестегі терапия жолдары да жеңілдеді. Па­циенттер бұрынғыдай бірнеше дәрі емес, бо­йына барлық керектілерін жинастырған бір ғана препаратты пайдаланады. Емдеу тәсілін жеңілдетудегі жұмыстар бойынша ізденістер әлем бойынша жалғасын тауып, енді аптасына бір-ақ рет егу түрлері енуі де ғажап емес. Жалпы, айта кететін бір жайт, еліміз бойынша АИТВ жұқтыру жөнінен ерлер жағы басым. Мәселен, анықталғандар ара салмағын есептегенде, оның 79 пайызын ерлер құрайды. Бұл қоғамда ер балалар арасында тәрбие­ге көңіл бөлу қажеттігін көрсететін индикатор ма деген ойға келгенбіз. Өйткені барлық жұқ­тырушыны пайыздап екшегенде 20 мен 39 жас арасындағы ерлер арасында ауру жұқтыру 62,1 пайызды құраған. Бұл өте алаңдатарлық жағдай.

– Бұрын ауру жұқтырушы­лар ішінде жұмыссыздар басым болып келсе, қазір ­статистика өзгерді. Есептегі пациенттер­дің 52,7 пайызы жұмысы барлар, оның ішінде жоғары білімі барлар да өте көп. Негізінен ауру жыныстық қатын арқылы тарайды. Мә­селен, тіркелгендердің 80,5 пайызы – сондай қатынастан опық жегендер. Оның 21 пайыз­дан астамы бір жынысты – ер мен ердің арасындағы қатынастан жұқтырған. Халық­тың әртүрлі топтарын АИТВ-ға уақтылы тексе­ру нәтижесінде аурудың ерте 1-2 сатысында анықтау 83 пайызды құрағанын атап өту қажет, – дейді С.Әбдірайымов.