Қостанайда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай «Түркі әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті. Тобыл төрінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған мәдени шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Башқұртстан Республикаларының өнерпаздары қатысты.
Жалпы, «Түркі әлемі» фестивалін алғаш ұйымдастырып, жөн-жосығын көрсетіп жолға қойып кеткен талантты күйші, Қостанайдағы қазақ оркестрін құрып, қалыптастырған марқұм Назымбек Молдахметов еді. Биылғы фестивальдың шымылдығын да облыстық филармонияның Назымбек Молдахметов атындағы халық аспаптар оркестрі ашты.
Қостанайлық көрермендер екі күн қатарынан қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін, көне саз аспаптарын заманауи бағытта қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттап жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, бауырлас Башқұрт елінен келген «Республика» отбасылық ансамблі, Ташкенттен келген «Нилюфар» тобы, Бішкек қаласының «Акак» ансамблі, Ыстанбұлдағы Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының ұстазы, опера әншісі Гюларам Балтаева, осы білім ошағының профессоры, кавалшы Жихан Йуртчуның өнерін тамашалады.
Гала концертте қазақ, түрікмен, түрік әндерін әуелеткен Гюларам Балтаева да көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ал Уфадан келген «Республика» отбасылық ансамблі «Орал таулары» атты импровизациялық композицияны тарту етті. Топ мүшесі Лейсан Зейнетдинованың айтуынша, отбасылық ансамбль құрамында бәрі бір әулеттен тараған 74 адам бар. Ансамбль жетекшісі, Башқұртстанның халық әртісі Миндигафур Зейнетдинов қобызбен қазақ күйлерін тартты.
Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садыков Қостанай халық аспаптар оркестрі орындаған бірнеше туындыға дирижерлік етті. Өнерпаздың айтуынша, «Түркі әлемі» сияқты маңызды халықаралық шаралар бауырлас халықтардың мәдени байланысын нығайта түседі.
Фестивальдың аяғына таман әлемнің әр түкпірінен келген өнер ұжымдары бірлесіп, Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмірлетті.
Қостанай облысы