Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (19-1, 15 КО) өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып салды.
Канаданың Монреаль қаласында өткен айқаста Жүкембаев бокс жанкүйерлеріне аса қатты танымал болмаса да, өте тәжірибелі мексикалық Хуан Хосе Мартинес Альвареспен жұдырықтасты. Мартинес кәсіби шаршы алаңда 38 жекпе-жек өткізіп, соның 28-інде жеңіске жеткен. 20 мәрте кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған. 10 айқасында қарсыласына жол берген.
Жекпе-жекті отандасымыз өте қарқынды бастады. Ә дегеннен қарсыласын соққының астына алған Жүкембаев 40 секундта Альваресті нокдаунға түсіріп үлгерді. Артынша Мартинес тағы бірнеше мәрте ауыр соққы алған соң төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Сөйтіп жерлесіміз мексикалық боксшыдан 69 секундта-ақ басым түсті.
Бұл – Батыр Жүкембаевтың карьерасындағы 18-ші жеңісі. Кәсіпқой бокстағы карьерасын осы Канадада бастаған отандасымыз бұған дейінгі бір жекпе-жегін АҚШ-та өткізіп, тұңғыш рет жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болып еді. Енді, міне, Канадаға қайта оралып, жеңісті жолын жалғады.