• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2021

Мәулен Әшімбаев Алина Горгиумен кездесті

222 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Румыния Парламенті Сенатының Вице-президенті Алина Горгиу бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар кездесу барысында Қазақстан мен Румынияның парламентаралық қарым-қатынастарын одан әрі дамыту келешегін талқылады. Мәулен Әшімбаев тәуелсіздік жылдары екі ел арасында жоғары деңгейде сенімді саяси диалог орнағанын атап өтті.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан мен Бухарест арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға баса назар аударып отырғанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев екі ел парламенттерінің байланыстары бойынша да өзара тиімді ынтымақтастық жөніндегі бағдарды қолдау және ілгерілетудің маңызды екеніне сенім білдірді.

«Салалық комитеттердің түрлі маңызды мәселелер бойынша байланыстарына қарқын беру үшін консультациялар мен өзге де шараларды ұйымдастыруға болар еді. Сонымен қатар, біз жұмыс байланыстарын тереңдету және парламенттік қызмет тәжірибесін зерделеу үшін алдағы кезеңде онлайн және офлайн түрінде бірлескен бірқатар шаралар өткізе алар едік», деді Мәулен Әшімбаев.

Тараптар жүздесу барысында парламентшілердің өзара мүдделестік тұрғысында келешегі зор бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу мәселелерін де қарады. Ол – энергетика, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, құрылыс, көлік, фармацевтика, туризм және ауыл шаруашылығы салалары болып отыр.

«Ауыл шаруашылығында, оның ішінде табиғи өнім өндіруде ауқымды мүмкіндіктер ашылып жатыр. Қазақстандық сенаторлар «Органикалық өнім туралы» заң жобасын әзірлеген болатын. Қазіргі кезде бұл нарықта ұзақ мерзімді өсу үрдісі байқалады. Құжатта осы саладағы фермерлерді қолдаудың нақты шаралары көзделіп отыр. Қазақстанның агроөнеркәсіп секторы шетелдік инвестиция үшін тартымды болады деген сенімдемін. Сіздің елдің кәсіпкерлерін ынтымақтастыққа шақырамыз»,  деді Мәулен Әшімбаев.