Тәуелсіздік мерекесі маңғыстаулықтар үшін маңызды жаңалықпен толыға түсті. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Каспий жағалауындағы туристік хабты газдандыру жобасын мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл өз кезегінде аймақтың туристік әлеуетін арттыруға серпін бермек.
Үкімет басшысының алға қойған міндеттерін орындау шеңберінде «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының Құрық ауылында автоматты газ тарату стансасын орнатты. Газ тарату үдерісінің барлық талаптарына жауап бере алатын заманауи кешен өңір дамуын өркендетуге үлесін қоспақ. Осылайша «ҚазТрансГаз» ұжымы «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырынан «Жетібай – Құрық» магистральдық газ құбыры-бұрымының құрылысын да межелі мерзімінен бұрын жүзеге асырып отыр.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков және «Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Серікхан Байзақов қатысты.
Құрылыс жобасына сәйкес, Жетібай-Құрық магистральді газ құбырының жалпы ұзындығы – 85 шақырым. Заманауи үлгіде жарақталған автоматты газ тарату стансасы «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» магистральды газ құбырының 2-тармағына қосылған. Жаңа станса өңірдің табиғи газға деген сұранысын толықтай өтеуге қауқарлы. Әсіресе, ірі туристік кешендердің құрылысы жоспарланған Каспий теңізі жағалауын газдандыру үшін кешеннің маңызы ерек. Бұл туризм мен өнеркәсіп салаларын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жол ашады дейді мамандар.
– «ҚазТрансГаз» республика өңірлерін газдандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және бүгінгі іс-шара соның айқын дәлелі. Болашақта ірі туристік кешендердің құрылысы жоспарланып отырған Каспий теңізі жағалауын газдандыру жөніндегі жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Өйткені Қазақстандағы туризм – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытудың басым салаларының бірі. Бұл газшылардың индустриялық-инновациялық даму мен тәуелсіздікті нығайтуға қосқан үлесі болғандықтан, ашылу мерекесін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырдық. Автоматты газ тарату стансасының өткізу қабілеті сағатына 80 мың шаршы метрді құрайды. Яғни тәулігіне 1 млн 900 шаршы метр газды тұтынушыларға беруге әзір, – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ («ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы) техникалық директоры Серікхан Байзақов.
«ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының басты міндеттерінің бірі – отандық газ тасымалдау жүйесінің сенімділігі мен қуатын арттыру. Бүгінгі таңда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай газшылар еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, оның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ауқымды үлес қосуда. Техникалық талаптарға сәйкес газ құбыры-бұрымындағы жаңа АГТС жоғары жобалық өнімділікке ие, бұл облыстың табиғи газға деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
– Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында бұл жобаның ашылуы көпшілікті қуантып отыр. Туристік хабты дамытуға, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға газ тарату стансасының рөлі зор. Жоба Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына да серпіліс әкеледі деген үміттеміз. Маңғыстау облысының шырайлы орындары отандық туризмнің арнасын кеңейтуге қолайлы мекен. Каспий жағалауындағы демалыс аймақтарының инфрақұрылымын өркендету ісіне «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы зор үлес қосып жатыр. Туристік хабқа газ коммуникацияларының тартылуы осының айғағы, – дейді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев.
Сөз басында газбен қамту аймақтың даму қарқынын үдететінін айтып өттік. Көгілдір отын мәселесін түбегейлі шешу жағалау бизнесін жандандырып, Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына да септігін тигізбек. Әсіресе, табиғат жанашырлары саладағы жетістіктер экологиялық проблемаларды оңтайлы шешуге бағытталған батыл қадам деп есептейді. Экологиялық ахуал күрделене түскен қазіргі кезеңде табиғи газға көшу мәселесінің маңызы арта түсті. Әлем елдері мұның үнемді әрі тиімді тәсіл екенін әлдеқашан мойындаған. Қазақстан үшін де табиғи газға көшу үдерісін үдету өзекті мәселе болып отыр.
Елдің экономикалық ахуалы жақсарған сайын «көгілдір отынға» деген сұраныс арта бермек. Бұл, әсіресе, аумағы ұлғайып, халық саны еселеп өсіп жатқан аймақтарға тән құбылыс. Аймақтардағы елді мекендерді газдандыру жұмысы соңғы жылдары шешімін таба бастаған. Түкпірде жатқан ауылдарға да газ құбыры тартылып, тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көре бастады.
Есте болса, бұған дейін «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысында «Жетісай» және «Шардара» жаңа газ өлшеу стансаларын іске қосқан болатын. Заманауи құрылғылармен жабдықталған бірегей кешен газ сапасын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беріп, тұтынушыларды жылдың төрт мезгілінде газбен қамтамасыз етуге қауқарлы. Көгілдір отын сапасын саралаудың жаңа моделіне сай жарақталған нысандар «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының жемісті еңбегі. Бір айта кетерлігі, жаңа стансалардың шалғай аймақтарда орналасқандығына қарамастан, қажетті инфрақұрылымдық мәселелер толық шешімін тауып, жұмысшыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұдан кейін де ел өңірлерін газдандыру ісі қарқынды жалғаса бермек.