Алматыда Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген «Шыңырау» фильмінің тұсаукесері өтті, деп жазады Egemen.kz.
Кинотуындының қоюшы режиссері әрі сценарий авторы Жаңабек Жетіруов. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.
«Осыдан тура он жыл бұрын, Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астана қаласында Жаңабек ағамыз түсірген, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолына арналған деректі фильмнің тұсаукесерін өткізіп едік. Енді міне, Әбіш ағамыздың повесі желісімен түсірілген тамаша көркем фильмнің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Әрине, пандемия болмаса, бұл фильм талай фестивальдерде жүлделі орындардан көрінетін еді. Соған қарамастан, «Шыңырау» фильмі 10-ға жуық халықаралық беделді кинофестивальге қатысып, көрермен мен киносыншылардың ықыласына бөленді», деді «Қазақфильмнің» вице-президенті Айдархан Әділбаев.
«Фильмнің тұсаукесерін 2019 жылы наурыз айында өткіземіз деп жоспарлап едік, алайда пандемияға байланысты басқа күнге ауыстыруға тура келді. Тіпті біздің фильмді алған кейбір фестивальдер де өткізілмей қалды. Бүгінгі тұсаукесерді ұйымдастыруға қол ұшын созған, «Қазақфильмге» және қазақ өнері мен мәдениетінің меценаты Жауғашты Нәбиевке алғысымды білдіремін», деді фильмнің режиссері Жаңабек Жетіруов.
«Бұл повесть 1982 жылы жазылған болатын. Көптеген режиссерлер түсіреміз деп үміттеніп еді, нәтижесінде Жаңабек ағамыз қолға алды. Ол кісі атамызбен бірнеше рет кездесіп, сценаридің алғашқы нұсқасын өзіне мақұлдатқан болатын. Өкінішке қарай, атамыз фильмді түсіру жұмысы басталғанын көрмей кетті. 2019 жылы Астанада «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында «Шыңырау» фильмі алғаш рет көрсетілді», деді жазушының немересі Абыл Кекілбаев.
Естеріңізге сала кетейік, фильмнің түсірілімі Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады.
Кинотуынды Дакка қаласында өткен 17-ші халықаралық фестиваль шеңберінде алғаш рет көрсетілді (Бангладеш, 2019). Бұл фестивальде отандық туынды «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар «Шыңырау» фильмі 37-ші Халықаралық Фаджр кинофестивальдің (Иран, сәуір, 2019 ж.), 28-ші Бүкілқытайлық «Алтын әтеш және жүз гүл» атты кинофестивалі (Қытай, қараша, 2019 ж.), Asian International Film Festival Arizona кинофестивальдің (АҚШ, желтоқсан, 2019 ж.), Kaaryat International Film Festival of India фестивальдің (Үндістан, желтоқсан, 2019 ж.), 24-ші Халықаралық Керала кинофестивальдің (Үндістан, желтоқсан, 2019 ж.), 13-ші халықаралық Sofia MENAR Film Festival (Болгария, қаңтар, 2021 ж.) сынды басқа да кинофестивальдердің конкурстық бағдарламасына қатысты.
Одан бөлек, бұл фильм 2019 жылы заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай Мәскеуде Қазақстандық кино күндері аясында көрсетілген болатын.