• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 21 Желтоқсан, 2021

Қар барысына қамқорлық қажет

765 рет
көрсетілді

Болмысы бөлек жыртқыш аң – ілбістің (қар барысы) тұқымы жыл өткен сайын сиреп барады. Құзар шыңның басында тіршілік ететін түз тағысына табиғат-ана өзгеше бітім берген. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстандағы Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Бүгінде әлемде 4 мыңға жетер-жетпес ілбіс қалды деген дерек бар.

БҰҰ Даму бағдарламасы елімізде алғаш рет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп спут­ник­тік телеметрия арқылы ілбістерді таңбалауға кірісті. Жоба «Алтын-Емел» мемлекет­тік ұлттық паркі аумағын­да бас­талды. Ел Үкіметі мен Ғалам­дық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қолдауымен қанат қақ­қан баст­ама ерекше қорғаудағы жануар­дың мекендеу ортасы мен қоныс аудару жолдарын анықтауды көздейді. Ілбістердің қозғалысын қалтқысыз қада­ғалайтын қарғы спутник арқ­ы­лы мамандарға мағ­лұмат бе­ріп отырмақ. Екі жыл бойы жер­­серіктік байланыс ар­қы­л­ы барыс­тардың тіршілік ету ор­­та­сы анық­талып, бақылауда болады.

«Алтын-Емел» ұлттық паркін­де қар барысы өмір сүре­тін­дігі 80-90-шы жылдары жарияланған бірді-екілі ғылыми мақалада айтылғаны болмаса, осыған дейін толымды дерек болған емес. Тек ұлттық парк аумағынан қар барысының бой көрсеткені жөнін­де қысқа хабарламалар, шопандар мен парк қызметкерлері көр­ген жайлар ауық-ауық айтылып келді. 2020 жылы арнайы фото­тұзақтың көмегімен тау тағысы­ның бейнетүсірілімі алынған­нан кейін ғана сирек кездесе­тін жануардың шынымен де ұлттық парк аумағында тіршілік ететініне көпшілік көз жеткізді.

Бұған дейін «Алматы қорығы», «Көлсай Көлдері», «Іле Алатауы», «Жоңғар Алатауы», «Катон­қарағай» секілді ерекше қор­ғалатын аумақтар Қазақстандағы қар барысының белгілі мекендеу орындары ретінде аталып, «Ал­тын-Емел» ұлттық паркі ұзақ уақыт бойы осы ұлттық парктер­дің көлеңкесінде ғалымдар үшін беймәлім мекенге айналған еді.

Оған себеп, мұнда қар барысы туралы ғылыми зерттеулер соңғы уақытқа дейін жүргізілмеген. Алайда екі жыл ішінде қорық қызметкерлері мен зоолог-ғалымдар алған қар барысының фото-бейне түсірімдері «Алтын-Емел» ұлттық паркі Қазақстандағы қар барысының бүкіл популяциясын сақтауды және қалпына келтіруді қамтамасыз ететін негізгі ошақ екенін көрсетіп отыр. Таяуда ғана «Алтын-Емел» қорығындағы барысқа салынған радиобақылауды Қазақстан мен Ресей ғалымдары бірлесе орнатқан. Алдағы уақытта Жетісу жә­не Іле Алатауы, Алтай және Батыс Тянь-Шань аумақтарында тағы алты спут­никтік қарғы орнату жоспарлануда.

– «Алтын-Емел» ұлттық паркінде ілбістің табылуы нағыз ғылы­ми сенсация деп атауға болады. Өйтке­ні өлкенің бүкіл тарихында және ұлт­тық парктің құрылғанынан бастап ілбістің бой көрсетуі ресми құ­жатталмаған. Күзет аймағында қар барысын осыдан шамамен 30 жыл бұрын парктің шопандары мен мемле­кеттік инспекторлар көрген. 1997 жыл­дың қысында қар барысы Қатутау тау­ларымен шекарадағы Ақтау тауларында кездесті, ал 2000 жылдың қаң­та­рында Ұзынбұлақ шатқалының жанында барыстардың жұп іздері та­былған. Кейінгі хабарламалар бойынша барыс Шолақ, Дегерес тауларында, яғни бұрынғы кездесу орындарынан әлдеқайда батыста жиі бой көрсете бастады. 2008 жылдың ақпан айында ұлттық парктің мемлекеттік инспекторы Е.Нүсіпов қар барысын Қыбырай шатқалында кездестірген. Қатты желде барыс тауешкілердің соңынан еріп төмен түскен. Сол жылдың сәуір айында инспектор Талды шатқалында қар барысын тағы да кездестірді. Барыс өзі өлтірген тауешкінің жанында 200 метр биіктікте отырған және атпен жақындап келген мемлекеттік инспекторға айбат шеккен. Сол жылдың мамыр айын­да Жұрынды шатқалында шопан сиырдың өлексесінің жанында отырған қар барысын көрген. 2010 жылы барыс Сарыбастау ауданында «Алтын-Емел» асуы арқылы өткен, бұл МҰТП қорғау аймағында «Алтын-Емел» тауларында қар барысының және өзге де жануарлардың көші-қон дәлізінің болуын көрсетеді, – дейді «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев.

Жер бетінен жойылуға шақ қалған жыртқышты «Алтын-Емел» қорығынан кездестіргендер көрген-білгенін аңыз­дай айтады. Мәселен, 2017 жылдың көктемінде шопандардың бірі «Алтын-Емел» асуынан қар барысының өлексесін тапқан. Суретке сәйкес, құлаған жа­нуар Түркістан сілеусініне ұқсағанымен шопан жануардан барысқа тән белгілер байқаған. Ал 2018 жылдың күзінде Қаратас жерінде тағы бір шопан барыс­пен бетпе-бет кездесіп, малшының қос иті онымен таласқан. Араға жыл салып, 2019 жылдың 9 желтоқсанында қар барысы Матай тауындағы шатқалда шопанның құлынын жеп кеткен. Шопандар бір жыл өткен соң тау бөктерінен қар барысын көргендіктерін тағы да хабарлаған. Мал­шы­лардың сөзіне қарағанда, барыс­тардың жылқы малына шабуыл жасауы қайталанып отырған.

Айталық, 2020 жылдың сәуірінде Матай тауларында қар барысы тағы да шопанның құлынына шабуыл жасап, тамағын орып кеткен, мал иесі үстінен түскендіктен жыртқыш құлынды жеп үлгермеген. Осы жылдың ақпан айында дәл сол шопан барыстың мияула­ғанын естіген. Парк басшысы бұл – ұрғашы­сын іздеген еркек барыс екенін айтады. Кейіннен, 2021 жылдың наурыз айында­ғы фототұзаққа түскен ұрғашы барыс пен оның екі марғауы әлгі еркек барыстың отбасы деген болжам расталып отыр.

Тірі жан тіршілік етпестей көрінетін құзар шыңдар мен тау мұздықтарын мекен еткен бұл аңның тарихына қатысты аңыз-әфсаналар жетіп артылады. Ежелгі парсы елінде барысты аңшылық үшін қолға үйреткен деген дерек бар. Түрік тілінен тәржімалағанда «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деген мағынаға сая­ды. Халқымыз жыртқыштың өмір сүру салтына қарап «тау барысы немесе қар барысы» деп атап кеткен. Мысық тұқымдастар санатына жататын жыртқыш аңның дене тұрқы 125-135, биіктігі – 60, құйрығы бір метрге дейін жетеді. Шұбатылған ұзын құйрығы тым сезімтал әрі аса сақ жануардың басқан ізін жасырып, қауіп-қатерден сақтайды. Ілбісті тау қабы­ланынан даралап тұратын да осы ұзын құйрығы болса керек. Ірілерінің салмағы 30-40 кило тартады. Денесінде сақина тәрізді қара дақтары бар, жүні қалың жыртқыштың түсі теңбіл-шұбар, көк сұр.

Нақты құжатталмағанымен, ұлттық парк аумағында қар барысының бой көрсетуі туралы деректер аз емес. Былтыр тамыз айында парк қызметкерлері Д.Базарбеков пен Ж.Жанпейісов дүрбі­мен шатқалдардың бірінен қар барысын көрген. Сондай-ақ барыстың іздері, тастардағы сызаттар, соқпақ, зәр шығару нүктелері, жатуға арналған жартастың астындағы ойықты тапқан. Алайда арақашықтықтың алыс болуына байланысты барысты суретке түсіру мүмкін болмапты. Арада екі ай өткен соң Шолақ тауында парк қызметкерлері орнатқан фототұзаққа түнгі уақытта қар барысының суатқа келген алғашқы фотосуреттері мен бейнелері алынған.

– Барыс су ішті, содан кейін фототұ­заққа қызығушылық танытып, оны табанымен түртті. Кейінірек телім бастығы Д.Базарбеков пен мемлекеттік инспектор Ж.Жанпейісовтің 2020 жылдың тамыз айында орнатқан фототұзағынан қар барысының суреті мен бейнесі алынды. 2021 жылғы 30 қаңтарда Зоология институтының бір топ қызметкері А.Грачев, С.Сапарбаев, Е.Байдаулетов Матай тауының сағасынан 400-450 метр шатқал түбіндегі жол жиегінен қар барысының қардағы ізін тапты. Үш бір­дей фототұзақ орнатылып, жолға жақын жерден бүкіл қар барысы отбасының күтпеген кездесуі тіркелді: ұрғашы, екі ере­сек барысымен. Бұдан кейін де қыз­меткерлеріміз барыстың ізін бірнеше рет байқады. Ұлттық паркте қар барысының нақты саны әлі белгісіз, бірақ фотобейнелерге сүйенсек, барыстың 10-ға жуық дарақтары болуы мүмкін, – дейді Қуат Байтұрбаев.

Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша «Қар барысы мен экожүйені қорғау жөніндегі трансшекаралық ынты­мақ­тастық», «Ғаламдық маңызы бар экожүйені сақтау және тұрақты басқару» жобалары жүйелі жұмыс істеп келеді. Қар барысын ғана емес, оның таралу айма­ғын қамтитын бірегей жобаларға халық­аралық ұйымдар тарапынан едәуір қаржы бөлінген. Бірнеше жыл қатарынан Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп келе жатқан «Қар барысы мен оның экожүйе­сін қорғау» халықаралық форумы Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мамандарын бір мақсат аясында жұмылдырып, ортақ проблеманы оңтайлы шешу мәселелері сан мәрте талқыланған.

«Алтын-Емел» ұлттық паркінде қар барысы негізінен сібір тау ешкісімен қорек­тенеді. Көктемде ешкілер ашық жайы­лымға түскенде, қар барысы олармен бірге түседі. Төлдеу кезінде барыс­тар аналық тауешкілерге жақын жүріп, олар­­ды өз жемтігіне айналдыратыны анық­талған.

Бабаларымыз биіктікті сүйетін бекзат аңның қасиетін әу бастан жоға­ры бағалаған. «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақ­стан мұраты» бөлімінде Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев: «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына ай­налады және дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін қар барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде жол­барыс туыстас болғанымен, барыстың өзіндік ерекшеліктері басым. Бұл – өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғыр­­лығымен, жасқануды білмейтін тәкап­пар­лығымен, батылдығымен, айла­лы­ғымен дараланатын барыс болмақ» деп киелі жануарды мемлекетіміздің символына балаған болатын. Барыс бейнесі Ал­маты қаласының төлтаңбасында да бейнеленген.

«Қазақстандағы қар барысының популяциясын зерттеу және қорғау елдің биоалуантүрлілігін сақтау үшін үлкен құндылық болып табылады. Бірлескен жұмыс арқылы біз осы жыртқышты елде зерттеуде айтарлықтай жетістіктерге жет­тік. 2010-2020 жылдары республика­да жаңа мекендеу орындары тіркелді, сондықтан қоныс аудару жолдарын анықтау осы түрдің қазақстандық популяциясын зерттеу және сақтау бойын­ша одан әрі шаралар қабылдау үшін маңызды», дейді БҰҰ ДБ-ның Қа­зақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Қар барысы Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енгізілген және тіршілік ететін барлық 12 елде, соның ішінде Қазақстанда да сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түр мәртебесіне ие. Олардың азайып кетуінің басты себебі – қашаннан табиғат заңын бұзуға бейіл тұратын адамдар. Өткен күндер еншісіне көз жүгіртсек, қар барысы қауіпті жыртқыш саналғандықтан, жыл бойы оған аңшылық құруға рұқсат берілген кезеңдер де болған. Мәселен, XX ғасырдың басында жылына 1 мың теріден артық емес көлемде аулауға рұқсат берілген. Кейбір деректерге сүйенсек, 1910 жылға қарай қол жеткен тері саны 750-ге жеткен. Ал жүзжылдықтың ортасында бұрынғы Кеңес Одағы аумағында бұл сан бірнеше ондыққа дейін азайып, тіпті қолға түскен жануар үшін сыйақы беріліпті. Сол кезеңдерде аса бағалы аңның терісі бар-жоғы 3 рубльге бағаланған деген де дерек бар. Мұндай аяусыз аулау әрекеттері табиғат тағысын адамнан аулақтатып, санын күрт кеміткен. Іс насырға шауып ілбістердің жоғалып кету қаупі туа бастағанда Табиғатты қорғау халықаралық одағы жыртқышты Қызыл кітапқа енгізіп, оны аулауға түбегейлі тыйым салған.

Алайда осы саланың шетінде жүрген ғалымдар әлемде сирек кездесетін аңдар­ға қатысты браконьерлік әрекеттер әлі де тыйылмай тұрғанын айтады. Бей­­рес­­ми мәлімет бойынша, қазіргі таң­да барыс терісі шамамен 10-15 мың дол­ларға бағаланады. Сирек кезде­сетін аңды аулағандар әр елде түрлі­ше жа­заланады. Тіпті кейбір елдерде қомақ­ты айыппұлдан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бізде мұндай іске барғандар 5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, қылмыстық іске тартылады. Дегенмен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мамандарының айтуынша, елімізде аталған аңды аулауға қатысты мұндай құқықбұзушылық әрекет ресми тіркелмеген.