Жастар саясаты назардан тыс қалмай, оны үнемі жетілдіріп, қамқорлық жасап, жол көрсетіп отырған ел ғана болашаққа сеніммен қарайды. Жалпы, Қазақстан жастар саясатын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. 2019 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Жастар жылы» жарияланды. 2020 жылы волонтерлерге арналған жыл жүзеге асырылды. Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас Ұлттық жоба іске асырылды.
Жастарға қатысты мәселеде олардың жұмыспен қамтылуы өзекті. «Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», деген еді Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында жастар саясатын іске асыру барысына арналған жиын болды. Онда жастардың азаматтық белсенділігін бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігі туралы айтылды. Соның ішінде Президент талап еткен мемлекеттік қолдау істерінің әрбір жастың назарына қалай жетіп жатқандығы айтылды. Қазір облыс аумағында 14 пен 29 аралығында 98 910 жас азамат бар екен. Бұл барлық облыс халқының 18,2%-ын қамтиды деген сөз.
Ішкі саясат басқармасындағы Асқар Баймұқанов басшылық ететін жастар саясаты бөлімінің, аймақтағы 84 адамнан тұратын 14 жастар ресурстары орталығының, 2019 жылдан әрбір ауылдық округтерде енгізілген жастар ісі жөніндегі мамандардың ұйымдастыруымен түрлі бастамалар мен шаралар өткізілген. Облыста жастар ұйымдастырған 44 үкіметтік емес ұйым бар. 2021 жылы жастар ҮЕҰ-ға ішкі саясат басқармасы 47 млн теңгенің әлеуметтік тапсырыстарын берген. Облыс аумағындағы волонтерлердің «Асар» слеті, республикалық дебат турнирі, мүмкіншілігі шектеулі жастар мен жас отбасыларын қолдау жұмыстары осы тапсырыстардың негізінде іске асырылды. «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру да осы тапсырыстардың шеңберінде орындалды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өту аясында тиктокерлер мен граффитистердің, киберспортшылар мен воркаутерлердің арасында конкурстар ұйымдастырылды. Бұл шаралар әрбір қазақстандық жастың 30 жылдықтың ұлы дүрмегіне қатысты болуын көздеген. Не оқуы, не жұмысы жоқ NEET категориясына енетін жастар да назардан тыс қалдырылмай, оларға мамандардың ақыл-кеңестерін беру, вакансиялар жәрмеңкесі, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Жастарды қолдаудың, жұмыспен қамтудың үздік бағдарламаларының бірі «Дипломен – ауылға» бағдарламасы екені белгілі. Ауылға барған әрбір жас маманға 100 АЕК көлемінде көтерме өтемақы беріледі. Одан басқа 1,5 мың АЕК-ке дейін жеңілдетілген кредит алуына мүмкіндігі бар. Осы бағдарламаны солтүстікқазақстандық жастар тиімді пайдалануда. 1 қарашаға дейінгі мәліметке қарағанда оны 551 жас қолданыпты.
Ал жастарды жұмыспен қамтуды көздейтін «Жасыл ел» жобасы бойынша жазғы мезгілде 668 адам еңбекпен қамтылған. Олар орман шаруашылықтарына ғана емес, ауылдық елді мекендерге де жұмысқа орналасыпты. Алғашқы көрген еңбекақыларының көлемі 27-ден 60 мың теңгенің аралығында. Жастардың бизнеспен айналысуын қолдауға 2021 жылы 315 млн теңгенің 63 кредиті берілген. Одан басқа «Бизнес бастау» жобасы бойынша 195 млн теңгенің 340 гранты тапсырылған.
Солтүстік Қазақстаннан жастардың басқа елге қоныс аударуының көп екендігі туралы жиі айтылады. Алайда соңғы жылдары оның төмендеу динамикасы көрініс беруде. Егер 2018 жылы басқа елге қоныс аударған жастар саны 2 мың адамнан асса, биыл оның саны 800-ге түскен. Әрине, бұған жаман індеттің де әсері болды, бірақ мемлекет қолдауының артуы жастардың туған елде тұрақтануын арттырғаны сөзсіз.
Үстіміздегі жылдың басынан бері жастардың ресурстық орталықтары жаман індеттің қолбайлауына қарамай 18 мыңдай адамды қамтыған 1 700 шара өткізген. Олар негізінен саламатты өмір салтын құруға, құқылық мәдениетті арттыруға, ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз етуге, жастарға экологиялық тәрбие беруге бағытталған. Жаман індеттің өрлеуі кезінде шектеу шаралары артқан соң көптеген жиын онлайн форматта өткізілген. Осы орталықтың көмегімен үстіміздегі жылдың 10 айында 907 адам жұмысқа тұрғызылған. Ал орталықтардағы волонтерлер клубы жеті бағытта жұмыс істейді. Қазір олардың жалпы саны 10 мың адамнан асқан. Соның ішінде Ғ.Мүсірепов ауданының волонтерлер клубы «Волонтер жылының» қорытындысы бойынша республикадағы үздіктер қатарынан табылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Жастар арасынан белсенділігін шыңдап, көзге түсіп жүргендердің бірі Зарина Мавлянова. Ол тігіншілікті өздігінен үйренген. Бірақ түрлі шеберлік сабақтарына қатыса жүріп қазір мамандығын жетік меңгеріп алған. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 2019 жылы грантты жеңіп алып, өзінің алғашқы тігін машинасын сатып алыпты. Шеберлігін шыңдай білген қыз ұлттық стильдегі сәнді көйлектер, соның ішінде үйлену тойларына арналған киімдер тігуді игерген. Қазір тұрғындар оған ұлттық киім тіктіруге кезекке тұратын көрінеді. Еңбегі жанып биыл кәсіпкерлерді дамытудың «Даму» қорынан 5 млн теңге грант ұтып алған. «Бұл қаражатқа өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алдық. Қасыма тағы 2-3 жұмысшы алған соң тігін жұмысын жандандыра түсемін. Мемлекеттің жастарды қолдайтынына ризамын», дейді Зарина.
Солтүстік Қазақстан облысы