Qazaqstan Team республикалық жастар ұйымының белсенділері «Елдіктің жеті тұғыры» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Іс-шараға аға және жас ұрпақ өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, спортшылар мен кәсіпкерлер қатысты.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін негізгі бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының жиынтығын ұсынған болатын. Аталған тақырыпқа байланысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің модераторы Qazaqstan Team республикалық жастар ұйымының жетекшісі Олжас Сүлейменов болды.
Спикерлер ретінде Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Уәлихан Бахретдинов, ҚХА кеңесінің мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, Нұр-Сұлтан қаласының WT таэквондо федерациясының вице-президенті Арал Садықов, Munarat мектепке дейінгі білім беру жобасының негізін қалаушы Еркебұлан Амантаев, «Қара Шаңырақ» РҚБ жетекшісі Баян Ахатай, sabaq.online платформасының директоры Бөгенбай Серікбай қатысты.
А.Садықовтың пікірінше, спорт «Елдіктің жеті тұғыры» қағидатындағы өте маңызды сала, өйткені саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кепілі. Өз сөзінде Б.Ахатай «Қоғамның барлық саласының бастауында тұнық тәрбие – мәдениет тұрғанда ғана қоғамның көші түзеледі. Ал тәрбие тал бесіктен екенін ескерсек, көп құлыпты ашатын бір кілт аналардың қолында. Сондықтан аналардың тәрбиесі мен білімі, мәдениеті ұштасқанда ғана саналы бала, сапалы ұрпақ қалыптастыра аламыз», деді.
«Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің дамуы, отбасы мен салт-дәстүр құндылықтарының бастапқы қадамы болып табылады», деді Е.Амантаев.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның жастары алдында Қазақстанның іргесін нығайту әрі дамыту міндеті тұр. Бұл биік мұратты түсіну және оның орындалуына күш-жігерін қосу өскелең ұрпақтың басты тарихи және саяси жауапкершілігі», деді У.Бахретдинов.
«Біз еліміздің одан әрі дамуына үлес қосуға тырысамыз. Ал «Елдіктің жеті тұғырының» маңыздылығын жастарға жеткізу – біздің парызымыз. Елбасы өз үндеуінде бізге, келешек ұрпаққа, жастарымызға осындай жауапты миссияны жүктегеніне өте қуаныштымын. Qazaqstan Team таланттарды анықтау алаңы болып, сол арқылы жастар саясатын күшейтеді деп сенеміз», деп түйіндеді Олжас Сүлейменов.
Айта кетейік, Qazaqstan Team бірлестігінің негізгі мақсаты – жастардың волонтерлік қызметін танымал ету, ұйымдастыру және үйлестіру.