2022 жылы Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде алауы тұтанатын Қысқы Олимпия ойындарына Қазақстан құрамасы 60 лицензия жеңіп алды.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, қазақстандық спортшылар спорттың жеті түрінен жолдаманы қоржынға салған. Атап айтқанда, бүгінге дейін жерлестеріміз шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек және конькимен жүгіру секілді спорт түрлерінен жолдама алып үлгерген.
«Олимпиадаға іріктеу жарыстары 2022 жылғы қаңтардың ортасында мәресіне жетеді. Ұлттық құрамаларға квота мен лицензияны бөлу 2022 жылдың 16 қаңтарында аяқталады», делінген ведомство хабарламасында. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада 4-20 ақпан аралығында өтеді. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ұйымдастырылған Олимпиадада Қазақстан 57 жолдама жеңіп алған болатын.