• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

114 жаста, Петропавл қаласында тұрады

349 рет
көрсетілді

  Үйге кіргеніміз сол еді, алдымыздан тұлымшағы желбіреп екі-үш жастағы сүп-сүйкімді қыз бала құлдыраңдап шықты. Мен танымайтын бұлар кім болды екен дегендей бетімізге аңтарыла қарап тұрды да, бір кезде бар дауысымен «әже-әжелеп» кері жүгіре жөнелді. Арғы жақтан «Тілі тәтті-ақ құлыным-ау, ақырын айтсаң да естимін ғой», деп айналып-толғанған дауыс естілді. Төргі бөлмеге оздық. Қос ғасыр куәгері кейуана диван үстіне жайғасқан. Жүз жыл ғұ­мыр­ды артқа тастап, жаһандану дәуі­рі­нің тыныс-тіршілігін ойына тоқып, бойына сіңірген қазақтың шүй­ке­дей ғана кемпірі отыр алдымыз­да! Осы уақыт аралығында қазан төңкерісі, азамат соғысы, кәм­пес­келеу, үркіншілік, аштық, саяси репрессия, зұлмат соғыс, одақтың тарауы, тәуелсіздіктің ақ таңы секілді домбыраның қос шегіндей тартылған тар жол, тайғақ кешудің азапты жолдары мен арайлы сәттерін бастан өткерген, жүзін айқыш-ұйқыш торлаған әжім іздері, маңдайға көлденең тартылған ойық сызаттар, еті қашқан тарамыс қолдар әлем картасын көз алдымызға әкелді. Бұған тағдырдың пешенеге жазған, бордай үгіп, еңсе езетін ауыр тауқыметі салдарынан ішке шер болып қатқан шемен ойларды қоссаңыз, 114 жыл бойы жасап келе жатқан оны шой темірден жаралған ба деп қаласың. Темір екеш темірдің өзі де тозады емес пе? Алайда, кәрілік қанша меңдесе де, аялы жанарынан мейірім шуағын өшіре алмапты. Жан-жағына нұр сәулесін себелеп, үйдің ішін жылылыққа бөлеп тұр. Алдында алты айлық сәби, айналып-толғанғанда іші-бауырына кіріп кете жаздайды. «Ұрпағымның жалғасы ғой бұлар, айы оңынан, күні солынан тусын. Тілегім қабыл болғай» деп күбірлеп қояды. (Кейін білгеніміздей ең кіші шөбересі Жандосты әлдилеп отыр екен). Бізді алғашқылардың бірі болып қарсы алған сәбиде манағы батылдықтың ізі де қалмаған. Жалғыз қорғаны тек әжесі секілді қолынан тарс қылып ұстаған күйі бауырына тығыла түседі. Бейкүнә жүзінен «бұл менің әжем» деген мақтану райы аңғарылып тұрғандай. Әжейдің әңгімесінен де, әжім торлаған әлпетінен де өмірдің тұщысынан гөрі ащысын, зейнетінен гөрі бейнетін, қызығынан гөрі шыжығын көп татқаны байқалады. Ғұмырнамасының әр кезеңі жайлы сөйлеп кеткенде жыры мен сыры таусылмас хикая тұңғиығына сүңгіп кеткендей әсер аласың. Тебіренбей, толқымай тыңдау мүмкін емес. Осыдан бір ғасырдай бұрын бір-біріне атажау қызылдар мен ақтар мал өсіріп отырған қазақ ауылдарына қынадай тиіп, сүттей ұйыған тірліктің ту-талақайын шығарған. Ит қорлыққа шыдай алмаған Бикамалдың ауқатты әкесі өзіне қарасты ағайындарды ертіп алып, Түмен жақтағы туыстарына үдере көшеді. Өзге шаңырақтың табалдырығын оң аяғымен аттап, келін болып түскен бұл бейбақ аңырап қала береді. Ол кезде асқар таудай әкесінен, асыл анасынан мәңгіге көз жазып қаларын білмеген еді. Содан бері бір кіндіктен өрбіген апасы Асылды, інісі Тоқсанбайды күтумен талай таңды ұйқысыз атырды. Шешесінің көзден кетсе де, көңілден кетпей жүрген алаң көңілін алдарқатқысы келді білем, кіші ұлы Жансары «Жди меня» және «Бармысың бауырым?» телебағдарламалары арқылы іздеу салған. Көзін еңбекпен тырнап ашып, Кеңес өкіметінің «отымен кіріп, күлімен шыққан: өгіз жегіп, жер жыртқан, егін егіп, масақ соққан, сиыр сауып, май айырған, трактор айдап, ұжымшардың малын баққан... Қашан зейнетке шыққанша ауыртпалық қамытынан бір босамаған. Соғысқа кеткен құдай қосқан қосағы Айтмолланы зарыға күткен. «Қара қағаз» келсе де, өлдіге көпке дейін сенбеген. Одан қалған жалғыз тұяқ Ерғалиды тістелеп жүріп өсірген. Кейін Бірмағамбет деген жамағайынына әмеңгерлік жолмен атастырылып, Әнуза деген қызы, Жансары деген ұлы дүниеге келеді. Бұлардан тараған ұрпақ – бір қауым, бір ел. 40-қа жуық немере, шөбере, шөпшек сүйіп, өмірбақи еш қиындық көрмегендей, тек бақыт құшағында тербетілгендей күй кешіп жатқан жайы бар. Ешқайсысын бөлектемейді, алаламайды. Десе де, немерелерінің басы Бейбіт, тұңғыш шөбересі Назгүл, алғашқы шөпшегі Алдияр жанына ерекше ыстық. Төлбасыға теңеп, іш тартып тұратыны бар. – Көп жыл Жамбыл ауданын­дағы Суаткөл деген жерде тұрдық. Үлкен келінім Зайра мені ширек ғасырға жуық мәпелеп күтті. Одан кейін қаладағы кіші келінім Ләззаттың қолына көштім. Онымен де әй-шәй дескен жоқпыз. Қос қарашығым маңдайымызға сыймай кетті. Қазір немерем Назбектің қолындамын. Не ішем, не жеймін демеймін. Осы халге жеткізген Нұрсұлтан баламнан айналдым. Еліміз тоқ, заманымыз тыныш. Ең үлкен бақыт осы, қарағым! Жүзден ассам да, көкірегім ояу, ақылым түзу. Темір жәшігің күнде самбырлап сөйлеп тұр. Тыңдаймын. Жақсысына қуанамын, жаманына ренжимін. Басқа қолдан не келеді? 9 мүшел жасаппын. Тіпті, одан 5 жыл асып барады екенмін. Туған айым – наурыз. Балаларым құжат бойынша биыл 114-ке толасың дейді. Ұзақ ғұмыр берген, шөпшек кө­ру­ге жазған Алла тағалаға ризамын. Бә­рі бір Жаратқанның қолында ғой. Көр­ген бейнетімді ескеріп, зей­не­тін де қызықтай тұрсын деген шығар, – дейді ол. Жүріс-тұрысы ширақ. Бертінге дейін ине-жіпті өзі са­бақ­тап, құрақ көрпе жасаумен айна­лы­сып келсе, ендігі ермегі – шөбе­ре­лерінің бал тілін қызықтау. – Атың кім? – деп сұрадық әлгі әже­сінің бауырында жабысып отырған сары үрпек балапаннан. – Шамшырақ. Әжем қойған,–де­ді ақы­рын айтса да мақтаныш үн­мен. Осы кезде әңгімеге Назбек ара­лас­ты: – Әжеміз қазақтың әдет-ғұ­рып­тары мен салт-жоралғыларына жүй­рік. Құлаққа жағымды, көңілге қонымды, ұнамды, әуезді тамаша есімдерді табанда таба қояды. Қандай мәселе болсын алдымен әжемізге жүгінеміз. Төртінші ұр­па­­ғы – шөпшегіне Алдияр деген атты өзі қойды. Ол қойған есім­дер Бейбіт, Назгүл, Назбек, Жұл­дыз­ай деп жал­ғаса береді. Жаңағы әлдилеп, тер­бетіп отырған ең кіші шөбересіне Жандос деген атты да өзі таңдады, – деді ол. – Немене деп жүретін бесінші ұр­­па­ғы­ңыз немене көруге жазсын! – дедік қоштасарда кейуанаға. – Айтқандарың келсін! – деді есікке дейін шығарып салып тұрып. Қолында – Жандос. Жетегінде – Шамшырақ. Екеуін алма-кезек құшырлана иіскейді. Шамшырақ асүйге қарай жүгіріп кеткен. Тез оралды. Қолында жарты банан. Әжесіне ұсынып жатыр. «Же, тісің жоқ қой», деп қояды. Далаға шықсақ, әжесіне банан әкелуді тапсырады, дейді қарияның қас-қабағына қарап, үстіне қылау жұқтырмай жүрген Алтынгүл есімді алтын келіні. Бәріміз кішкентай балдырғанның кіршіксіз адалдығын кейуанадан дарыған жақсы тәрбиенің біріне жорыдық. Жол бойы бес жанның құр­қыл­тайдың ұясындай пәтерде тұрып жатқаны ойымыздан шықпай қой­ды. Қазақстан түгіл әлемде осы жас­қа жетушілер қатары некен-саяқ. Олай болса, жергілікті билік та­рапы­нан 114 жасқа толғалы отыр­ған әжеміздің жанын жадыратар, қаба­ғын күлімдетер игілікті қа­дам­дар жа­салып жатса, үлкен сауап болар еді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Петропавл.