• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

«Әлемнің жарығын cыйладың сен маған...»

463 рет
көрсетілді

Халық қалаулысы Ана қадірі туралы ой толғайды

Әр адамның өзі құрмет тұ­та­тын құндылықтары бар. Бүгінде осы құндылықтар елеулі сынға салынып, тіпті, жаңаша пайымдалып жүр. Осы ретте нені өткен күнге қалдырып, нені өзімен бір­ге болашаққа ала баруды әр­кім өзі шешуі керек. Отбасы осындай мәңгілік құндылықтың бірі болып табылады. Әрине, шаңырақ құрған адамдар отбасына уақыт бөліп, қамқорлық жасайды, ұрпағына, балаларына ақыл-кеңесін береді. Бұл оңай емес. Фридрих Энгельс әйгілі «От­басының, жеке меншіктің жә­не мемлекеттің пайда болуы» атты еңбегінде отбасы адам­зат қауымдастығының ауыс­палы түрі деп жазған еді. Ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерге орай өзінің тыныс-тірлігінің түрін өзгертіп отырады. Бұрындары отбасы экономикалық негізге сүйенетін, оны діни ұстанымдар нығайтып келді. Ал қазір отбасынан игілік күтеді, бірақ оның берекесін арттырып, нығайтқылары келмейді немесе нығайта алмайды.

Әрине, мұның бәрінің себеп-салдарлары бар: күнделікті күйбеңнен, ерлі-зайыптылардың жеке-жеке жұ­мыс­бастылығынан олар сирек жүздеседі. Қа­зір­гі әйелдер экономикалық жағынан тәуел­сіз және олардың өзін өзі құр­меттеу сезі­мі күшті. Әлеу­меттік жәрдемақыларды кө­бей­туге болады, алайда, одан құн­ды­лықтар жүйесі өзгер­мейді. Дүниежүзінің әлеу­мет­танушылары мен демографтары материалдық жағдайдың жақсаруы – бала туудың азаюына әкеліп соқтыратындығын дәлелдеді. Қазіргі қоғамда керісінше көрініс қалыптасқан: ел бай болған сайын отбасында балалар саны азаюда. Отбасы қоғамның ардақты құндылығы болудан қалып барады. Сондықтан, бала туу да кемуде. Ендеше, шұғыл түрде тұтыну және рухани құндылықтар арасындағы айырмашылықты азайту керек. Өкінішке қарай, қазіргі экономика мен әлеуметтік инфрақұрылым бұл айырмашылықты одан әрі өсіруге жұмыс істеуде. Көп ретте материалдық молшылыққа өзекті маңыз беретін ата-ана­лардың өздері-ақ осы алшақ­тықтың өсуіне жағдай тудыруда. Бүгінде адам тек ақша тауып қана қоймай, жақсы кө­лік мініп, қымбат киім киіп, қоғамның бетіне шыққан адамдармен араласып, байлықтың арқасында өзінің басқа да осын­дай артықшылықтарын көр­сете отырып, қоғамдық құр­метке бөленгісі келеді. «Жұл­дыздар думанының», басқа да кең тараған сауық-сайран теле­бағдарламалардың көмегімен бұл «жаңа ақсүйектер» барлық тұрғындарға, әсіресе, жастарға өмір сүру «үлгісін» көрсетеді. Ал жастар «жолы болғыштарға» еліктеуге тырысады. Ал олардың, әдетте, балалары болмайды немесе отбасында, ең көп дегенде, бір ғана бала өсіреді.

Бұл отбасына қатысты көп­теген проблемалардың біреуі ғана. Отбасылары үнемі берік пе? Өкінішке қарай, біздің елімізде жыл сайынғы ерлі-зайыптылардың ажырасу пайызы бұрынғыша жоғары. Отбасындағы, тұтастай қоғамдағы, адамдар қарым-қатынастарының, тәрбиенің, гендерлік теңдіктің маңызы мен құндылығына баға жетпейді. Ерлі-зайыптылардың ынтымағы бүкіл өмір сапасына әсер етеді. Ынтымақ болса, ырыс бар. Бұл бала тәрбиесіне де ықпал етеді. Балалар – өз ата-анала­рының айнасы. Ата-ана баласын бақытты еткісі келсе де, ол өмірді ата-анасынан көргенімен бағалайды. Отбасының рухани жағдайында өсіп, ер жеткен бала ересек өмір­­­ге ата-анасы бойына да­рыт­қан құндылықтармен аяқ басады. «Ұяда не көрсең, ұш­­қан­­­­да соны ілесің» дегендей, біз бала­ларымызға адами асыл қасиеттерді дарыта білуіміз керек. Ата-ана балаларына өздерінің жеке басы­ның қамын ғана ойламай, өзгелерге де бақыт тілейтіндей, қайы­рым­ды­лық, қамқорлық, мүдде­лестік тұрғысындағы адам­­гершілік тәр­биесін беруі керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы 7 наурызда Ақордада әйелдермен болған кездесуде: «Біз өз бабаларымыздың біз­дегі барлық жақсылықтарды: біз­дің достығымызды, біздің бауыр­мал­дылығымызды бойларына сіңіру мақсатында тәр­биеленуіне жауаптымыз» деп атап көрсетті. Мына даналықты естен шығар­майық: сатының төменгі баспал­дақтарына аяқ баспай, оның басына шығу мүмкін емес. Осыған байланысты, алдымен өзіңнің туған үйіңді, елің­ді, халқыңды сүймей тұрып, алда­ғы биік асқарларға ас­қақтай алмай­сың. Кезінде атақ­ты ойшыл Кант екі мәселеге: жұл­дыздар жамыраған аспанға және біздің ішкі дүниеміздегі адам­гершілік заңдылықтарға таңға­ла­тынын айтқан болатын. Біздің әрқайсымыздың бойы­мыздағы адамгершілік қасиет­тер табиғаттан дариды. Оны үнемі дамыту керек. Адам­­­герші­лік және әдептілік құн­ды­лық­тары төмендеген кезде адам­ның азғындыққа ұрына­тын­дығы сөзсіз. Егер осындай адам­гершілік қасиеттері әлсіре­ген адам отбасы құратын болса, ол жанұяның болашағы жақ­сы­лыққа бармайды. Егер біз балала­рымыздың бойындағы рухани құндылықтардың төмендеп бара жатқанына мән бермейтін болсақ, оның алдын алу шараларын жаса­масақ, болашақта сол балалар отбасының ұйытқысы болудан алшақтап, масылдыққа бой алдырады, тек өздерінің бас пайдасы үшін ғана өмір сүруге бейімделеді. Отбасындағы проблемаларды, бүкіл гендерлік саясаттағы проб­­лема деп қарау керек. Ал еркек пен әйелдің арасындағы қа­рым-қатынасты адамгершілік және тәлімдік тәрбие қасиеттері тұрғысынан бағалау қажет. Отбасы ол – өзара түсіністік пен өзара көмекке жету жолын­­­­­дағы біріккен еңбек, тіпті, біріккен бақыт. Отбасы – аға ұрпақ өкіл­­­де­­рімен – ата-анамен, ата-әже­мен, іні-қарындаспен, ағайын-туған­дармен бауырмалдық бай­­­­ланыс, мызғымас туыстық. От­басындағы берік қарым-қаты­нас тұлғаның жан-жақты тұрғыдан қалыптасуына, мынау құбылмалы заманда оның көзқарасының беріктігін қамтамасыз етеді. Отбасылық өмірдің басты заңдылығы – өзің таңдап қосылған адамыңмен тұрмыс құратыныңды естен шығармау. Біз ата-анамызды, аға-інілерімізді, әпке-қа­рындастарымызды, балалары­мызды таңдай алмаймыз, ал жүре­гіміз қалаған жанды көп ішінен таңдап, сүйіп қосыламыз. Біз қоса­ғымызбен қоса ағару үшін оны сүйеміз, оған сенім артамыз, алғыс арнаймыз, жақсысын асырамыз, бір-бірімізді демеп, қолтықтаймыз. Сөйтіп, өзгені бақытқа бөлейміз, өзіміз де ба­қытқа кенелеміз. Рерих ғарыштың ұлылығы ер азамат пен әйелге байланыс­ты депті. Бұл екеуі – тірліктің ті­регі. Бұл жерде отбасының тіре­гі – ер азаматтың, әкенің рөлі ерек­ше маңызды. Ол отбасының ұйытқысы – әйелді алақанға салып аялауға тиіс. Өйткені, ол – ана! Тіршілікте анадан артық, анадан асыл құндылық жоқ. Адамзат дүние жараты­­лы­сының бастапқы заңдылығы – еркек пен әйелдің жарасымдылыққа үндейтін мәңгілік махаббатының заңдылығын мойындауға тиіс. Міне, нақ осы нәзік де берік бастау­ларды тұғыр етпеген үдерістердің барлығының болашағы бұлыңғыр. Әйел затының міндеті – өзінің нәзіктігін сақтай отырып, әде­мілігін шыңдау, жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімдерінің жылуымен айналасындағы тіршілікті сүйіспеншілікке бөлеу. Әйел затының бойындағы төзімділік пен ерлік қасиеттері де отбасының береке-бірлігін арттыратын басты құндылықтардың бірі. Біз өмір сүріп отырған өрке­ниетке ер азаматтар иелік етеді деген тұжырым қалыптасқан. Анығында солай ма? Айналаңызға назар аударыңыз – бәріне әйел қожа! Ол бәріне үлгереді, қашанда қамқоршы әрі нәзік жанды әйел­дер айналасын өзіне баурап алған. Мұның сыры неде? Ерлер сонау матриархат заманынан бері осы феноменнің сырын түсінуге ба­рын салып келеді. Алайда, олар бұл жұмбақтың шешімін таба алар емес. Әйел табиғатын то­лық түсіну ер-азаматтар үшін жыл­дар өткен сайын күрделене түсуде. Мына бір жылдамдығы желмен жарысқан заманда әйелдер барлығына үлгереді. Бір мезгілде үш шаруаны: баласын тербетіп, ернін бояп, телефон арқылы болып жатқан барлық жаңалықты естіп-білу тек қана әйел құдіретіне тәуелді құбылыс. Немесе іс басындағы әйелдердің қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма бере отырып, кітап­ша­сына кешкі ас мәзірін жазып үлгеретін, жолдасының тамағын беріп, ертеңге киетін киімін үтік­теп, баласының үй тапсырмасын тексеріп, оқуына әзірлеп, отбасы мүшелерінің барлығына үл­кен жүрегінің жылуын беру тек қана аналық құдіретті бойына да­рытқан әйелдерге ғана тән қасиет. Зигмунд Фрейд отыз жыл бойы зерттегенде әйел жанының құпиясын аша алмағанын мойын­даған екен. Менің ойымша, тек Стендаль ғана «өзің сүйген әйелдің тіпті қаталдығы да жүрегіңді тебірен­тетін жылылыққа пара-пар» деген сөзі ғана ақиқатқа жақындаған сияқты. Ал философ Иван Ильин еркектердің бәрін ойландыратын осы сұрақты «әйел құпиясын өзіңнің сүйіктіңнің бойындағы нәзіктікті сезіне отырып түсінесің», деп тұжырымдады. Тұңғыш Президентіміз бұл мәсе­лені ерекше жүрекке жақын тұжы­­рыммен былай түсіндірді: Сіз­дер біздің өміріміздің гүлі болып табыласыздар – ер азаматтар әйелдер туралы не айтса да, әйелдер еркектерді әрқашан уысында ұстайды. Ер азаматтар өздерінің сүйік­­тілерінің сұлулығы мен нәзік­тігіне тәнті бола отырып, әйелді ең алдымен, аналық жүрек жылуымен жаратылысқа жан беретін ошағының ұйытқысы, шаңырағының панасы деп біледі. Әйелдің төзімділігі – үлкен құпия. Тек қана ана өзінің бойын­дағы қуатымен өмірге жаңа келген әлсіз шарананы пәрменді етіп шыңдай алады. Ана құдіреті деген – осы. Ана – Жаратқанның қам­қор­лығы мен жан шуағын бізге алды­мен жеткізетін адам. Өмірге кел­ген алғашқы сәттен бастап біз мұны ақылмен емес, жүрегімізбен сезінеміз. Ана – біздің алғашқы махаб­батымыз. Біз оны туғаннан сағын­дық, іздедік, оның дидарын көрген сайын қуанышқа бөлендік, бізді беймәлім болмыстың қауіп-қатер­лерінен ана ғана қорғай алатынын ұғындық. Біз ана дидарын сәбилік шексіз сүйіспеншілікпен мәңгілік жадымызда жаңғырттық. Нәрестенің ең алғашқы күннен ана махаббатына бөленіп өсуінің маңызы зор. Бұл сәбиді бағып-қағу үшін ғана емес, сонымен бірге, оның бойында да осындай сүйіспеншілік қасиеттерді қалыптастыру үшін қажет. Сәби­дің анасымен алғашқы қарым-қатынасы – болашақ өмірде алатын адамгершілік тәжірибенің бастауы. Анаға деген сүйіспеншілік біз ойлағаннан әлдеқайда әсермен бойды баурайды. Кішкентай кезіңде бұл – табиғи сүйіспеншілік. Ананы сүю үшін ешқандай күш-пәрмен қажет емес. Алайда, біз ер жеткен сайын бойымызда ана­ны жақсы көру, құрметтеу сезімі күшейе түсуі керек. Барша Қазақстан халқы жақсы көретін, сүйіп шырқайтын әнде айтатындай, Ана – бізге әлемнің жарығын сыйлаушы. Бұдан артық баға болмақ емес. Өкінішке қарай, ата-анасына қатал қарайтын, олардың мұң-мүддесіне немқұрайлы мінез танытатын ұл-қыздар да жоқ емес. Олар үшін ана бейнесі көрші тұратын әйел бейнесінен артық емес. Осы ретте алаңдатарлық бір мәселе, қазіргі балалар әдебиетінен де ана бейнесі жоғалып барады. Ана бейнесі бүгінгі балалар әдебиетінен кейінге ысырылып қалған. Бүгінгі газеттер мен журналдар да ана туралы жазбайды, теледидарда аналар туралы жан тебірентерлік бағдарламалар жоқ. «Литературная газета» өзінің беттеріне «Ана туралы сөз» деген айдар ашты. Біздің еліміздегі аудандық, облыстық және республикалық газеттер де содан үлгі алса, ана тақырыбын тұрақты жазып тұрса, жаман болмас еді. Ана тақырыбын асқақтата көтеріп, ата-анасын ардақтайтын ұл мен қыздың тәжірибесін кең таратқан газет бұдан барынша ұтар еді. Өмір тоқтаусыз аққан өзен сияқты. Мұхитқа қарай ағылған өзен суының бастауы оның ағы­сына әсер етеді. Біздің анамыз, анамызға деген махаббатымыз дамылсыз сарқыраған өзен ағысы­­­­ның бастауы сияқты. Оған деген сүйіспеншілігіміз, ақ тілегіміз осы бастаудан нәр алады. Осы ретте мен өзімнің анамды үнемі айрықша ризашылықпен есіме аламын. Мен үшін ол – әрқашан өмірімнің шамшырағы. Менің анам өте ізгі, ұяң да жанашыр адам еді. Оның дауыс көтеріп сөйлегенін немесе ұрыс-керіс жасағанын естіп көрген емеспін. Ол өшпенділікке қарсы өктемдік жасаған емес. Мек­теп бетін көрмесе де нағыз зиялы адам болды. Зиялылықтың нәрі жүрек­те ғой. Мұны ешбір универси­тет­те оқытпайды. Бұл – тәңірдің сыйы, отбасынан дарыған тәрбие тәлімі. Мына бір оқиғаны есіме алсам, жанарыма жас үйіріледі. Бір уақыттарда біздің ауламызда қарлығаш ұя салған болатын. Ұяда үш балапаны бар еді. Кейде сарыауыз балапандар ұядан құлап түседі. Қарлығаш-ана оларды ұяға қайта көтеріп салады. Әлсіз балапандар тағы да құлайды. Қар­лығаш-ана тағы да көтереді... Уа­қы­ты келіп, сарыауыз балапандар ұядан қанаттанып шықты. Олар көк аспанда қалықтап, ұшып кете барды. Ұя бос қалды. Бірде мені анам шақырып алып: «Толя, қарлығаш пен оның балапандары есіңде ме?» деп сұрады. «Иә, есімде!» дедім мен. Сонда анам «Міне, сендер де осы балапандар сияқ­ты боласыңдар. Сен, Юра және Витя үшеуің ертең-ақ қанаттанып, алыс­қа ұшасыңдар. Алайда, туған ұяла­рың­ды ұмыту­шы болмаңдар!» деді. Біз гендерлік теңдік жайлы айтқанда оның тамырына бойлауы­мыз керек. Ал оның тамы­ры – ана, оның жарқын бейне­сі. Өз анасын сүйетін ұлдан, менің ойымша, ешқашан басқа әйелге қол көтеретін жексұрын шық­пайды. Ал анасынан тәлім алған, оның жүрек жылуын бойына дарытқан қыз бала ешқашан қатыгездікке бой алдырмайды. Ол өзінің Әйел, Ана атты болмысына адалдығын танытады. Ана – әлемнің ең қымбат құдіреті. Ендеше, осы бір ардақты да аяулы бейне алдында бас иейік! Анатолий БАШМАКОВ, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Парламент Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы.   АСТАНА.