Тұтынушылар құқығы – нарықтағы өзекті мәселе. Елімізде қаржы нарығы саласында құқығы бұзылғандардың өтінішін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарастырады. 2021 жылы агенттікке 27 мың өтініш келіп түскен. Соның 66 пайызы банктердің заңсыз әрекеттерімен байланысты екен.
Арыз-шағымның 30 пайызы микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ), 3 пайызы коллекторлық агенттіктердің белден басқан әрекеттеріне байланысты.
«Өтініштердің көпшілігінің мәні – проблемалық берешекті реттеу, оның ішінде берешекті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру рәсімдері арқылы реттеу, қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі ұсыныстарды қарау мәселелері», делінеді ведомство хабарламасында.
Агенттік жүргізген құжаттамалық тексерулер нәтижелері бойынша 93 қаржы ұйымына және 21 коллекторлық агенттікке жалпы сомасы 25,5 млн теңге болатын шара қолданылып, 54 жазбаша ұйғарым мен 87 әкімшілік жаза бекітілген. Сондай-ақ қадағалаушы азаматтарға тікелей кеңес береді.
«2021 жылы Call-орталық және жедел желі арқылы азаматтардан 5 570 қоңырау келіп түсті. Шамамен 5 мың қаржылық қызметтерді тұтынушымен кездесулер ұйымдастырылды, олардың мәселелері бойынша жан-жақты түсініктемелер беріліп, құқықтық қолдау көрсетілді. Агенттіктің жәрдемдесуі нәтижесінде банктер мен МҚҰ 6 мыңнан аса азаматтың қарызын қайта құрылымдады. Агенттік атқарушылық іс жүргізу рәсімдері шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады. Мамандар 1 305 сот отырысына қатысты, оның ішінде 1 100 талап-арыз бойынша шешім қарыз алушылардың пайдасына шығарылды», делінеді хабарламада.
Нарықтағы келеңсіздіктерді реттеу үшін агенттік Алматы қаласы әкімдігімен, 18 банк және 9 қоғамдық бірлестікпен, сонымен қатар коллекторлық агенттіктер қауымдастықтарымен меморандум жасасқан. Тұтынушылық кредиттеудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік банктер мен МҚҰ үшін, қарыз алушылардың төлем қабілетін міндетті түрде бағалау жөніндегі талап енгізген. Яғни кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Азаматтардың борыш жүктемесі қарыз алушы кірісінің 50 пайызынан аспайтын деңгейде шектелді.
«Биыл 1 қазаннан бастап банктер мен МҚҰ үшін міндетті, азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі заңнамалық деңгейде енгізілді. Енді банктер мен МҚҰ проблемалық қарыз алушылардың қаржылық жағдайын жеке тәртіппен бағалауға және мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау талаптарын айқындауға міндетті болады. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі заң жобасына төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда жеке тұлғалардың кредиттері бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу жөніндегі түзету енгізілді. Бұл норма тұтынушылық қарыздар бойынша төлеу мерзімі өткен жағдайда азаматтардың кредит берешегінің өсуін шектейді», деп хабарлайды агенттік.