Піл сауырлы Арқа төсінде кеңінен созылып жатқан Қарағанды облысында тәуелсіздік жылдары аз жол салынбады. Соның ішінде ең ауқымды екі жобаны бөле-жара айтуға болады. Мысалы, 1998 жылы Алматы-Астана күре жолындағы ұзындығы 192 шақырым болатын Гүлшат-Ақшатау жол бөлігінің құрылысы жүргізілді.
Бұл жобаға инвестиция шетелдік қаржы институттарынан бөлінді. Нақтырақ айтар болсақ, «Азия даму банкінен» 41 млн доллар мөлшерінде қаражат құйылды. Ал жол құрылысын екі қазақстандық фирма және Ұлыбританияның «Балфор Битти» және Түркияның «Менсел» компаниялары «Афдан» АҚ, «Жезқазған жолдары» АҚ-мен бірігіп жүргізді. Жол салу жұмыстары үш жыл қатарынан жүргізіліп, 2001 жылы сәтімен аяқталды.
Сонымен қатар 2001 жылы Қарағанды-Осакаров жол учаскесінде мердігер ретінде түрік фирмасы «Интес-Исот» жұмыс жүргізіп, халықаралық қаржы ұйымдары бөлген инвестицияны игілікке жаратты. Сапалы жол 2003 жылы толығымен пайдалануға берілді.
Одан кейінгі айтулы жобаның бірі – Осакаровка-Вишневка жол учаскесі болды. Мұндағы жұмыстарды отандық «Жезқазған жолдары» АҚ және «ЖелДорСтрой» біріккен мекемесі 2021 жылы бастап, 2003 жылы аяқтады.
Тағы бір ерекше атап өтер жоба – Қарағанды қаласындағы кіші айналма жол. Қазір бұл 7-ші магистраль деп аталады. Ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Бұл учаскенің құрылысы 2002-2003 жылдары жүргізілді. Жоба жұмыстарының 17 шақырымын «Қарағанды жолдары», қалғанын «Жезқазған жолдары» фирмалары атқарды. Айта кету керек, бұл жолдың салынуы облыс орталығы үшін аса маңызды болды. Себебі одан бұрын Қарағанды-Алматы күре жолымен жүрген автокөліктер легі қаланы қақ жарып өтетін. Енді олар қала ішінде кептелісті азайтып, ауасын ластамай, сыртпен айналып өте бастады.
Осы орайда, ұзындығы 88 шақырымды құрайтын Алматы-Гүлшат жол бөлігіндегі Гүлшат-Сарышаған учаскесінің құрылысын да тілге тиек ете кетуге болады. Бұл жұмыстарды халықаралық қаржы институттарының ақшасына «Ирдо» компаниясы жүргізді. 2001 жылы басталған жұмыс 2003 жылы мәресіне жеткен болатын.
Сонымен бірге Ақсу-Аюлы-Қарағанды, Ақсу-Аюлы-Ақшатау жол учаскелерінің салынуы да облыс экономикасы үшін маңызды рөл ойнады.
Жалпы, Қарағанды облысында ауылдар арасындағы жолдарды қосқанда, барлығы 12 440 шақырымға созылатын жол бар екен. Оның 2 785 шақырымы республикалық маңыздағы жолға жатады. Осы орайда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының директоры Айбол Бидайбеков мынадай мысал келтіреді. «Біздің елімізде жолдың 1 мың шаршы километрге орналасуы 35,6 шақырым екен. Ал бұл көрсеткіш Ресейде 44 шақырымға тең келетін көрінеді. АҚШ-та тіпті жоғары – 1 мың шаршы километрге орналасуы 670 шақырымнан келеді. Яғни бізге бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын арттыра түсу керек. Өйткені біздің жеріміз кең, елді мекендеріміз бір-бірінен алшақ орналасқан. Ал аудандар, ауылдардың арасын жалғайтын жолдар тым аз», дейді ол.
Иә, бұл сөздің жаны бар. Жаңа жол салу былай тұрсын, қазір облыстық маңыздағы біраз жолдар сапасының сын көтермейтіні де шындық. Дегенмен Қарағанды облысы бойынша жол құрылысы саласында серпіліс бар. Қазіргі таңда облыстың қалаларында, аудан орталықтарында, тіпті ауылдық елді мекендерде мүмкіндігінше жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Мысалы, былтырдан бастап Майқұдық елді мекенінде ұзындығы 10,5 шақырымнан асатын күре жол түбегейлі жаңғыртылды. Сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Теміртау қалаларында сала бойынша ірі жобалар жүзеге асты.
Қарағанды облысы