• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

Арулар алған асулар

370 рет
көрсетілді

Ардан аттап, иманды тас­тап, арамдықпен мал табатын зұлым сыбайлас жемқорларды құрықтайтын құрығы ұзын құқық қорғау органдары елімізде көп емес. Соның салдарынан ба сыбайлас сұмырайлар елдің ақшасын, бюджеттің қаржысын, адал адамдардың нәпақасын талан-таражға салуға келгенде заңға да, тәртіпке де мойын бұрмайды. Биліктегі лауазымын пайдаланып, өзі секілді жоғары тұрғандардың аузын майлап, ал қалтаны толтыру үшін төмендегілерді табаға қуырып, намысты таптап жүре береді. Алайда, олардың қара ниеттері әрқашан орындала бермейтіні анық. Өйткені, аққа Құдай жақ дегендей, жәбірленгендерді сыбайластардың сойылынан сақтап қала алатын адал адамдар да баршылық. Олар – әділдік үшін күресуші жандар. Әрине, олар туралы өте көп айтуға және жылы ілтипат қана білдіруге болады. Бірақ сыбайласқан жандардың да осал адамдар емес екенін ескерсек, ондайлармен күресудің өзі қаншалықты күрделі де, қатерлі екені түсінікті болады. Себебі, мемлекеттің ақшасын жымқыру үшін қолда жоғары лауазым және соған сай ауыз жаласқан бірмүдделі екі жүзді жандар сыбайлас болуы керек. Ал мұндайлардың жегенін желкесінен шығару үшін адалдық, әділдік керек деп заңға сай күресіп көріңіз! Қандай тосқауылға ұшырар екенсіз. Демек, әрі өз ісін білетін, жүрегі елім деп соғатын, заңды қатаң сақтайтын және оны бұзғандарды қорықпай жазалай алатын батыл да білікті мамандар қажет. Міне, біз бүгін солардың бірнешеуін халыққа таныстыруды жөн көрдік. Әрине, бұлар әдеттегідей екі басты жалмауыз айдаһарлармен күресуші алып тұлғалы ерлер емес, бірақ сол ерлердің ісін асыра тындыра алатын нәзік жанды әйелдер. Бұл орайда біреулер: «Әйел иығындағы погон – бұл әйелдердің қолынан келетін іс емес» дегенді айтады. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, тек погонды қыз-келіншектер ғана өзінің жеделдігі мен шыдамдылығы арқасында қауіпті жағдайда тез арада көмек көрсете алады екен. Бұл орайда Қаржы полициясының әйел-қызметкерлері аса ерекше таныстыруды қажет етпейді. Олар – еңбекте және қоғам өмірінде белсенді әрі отбасында аяулы арулар. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Мәселен, Қаржы полиция­сында қызмет ету агенттіктің тергеу департаменті басқармасы бастығының орынбасары Оксана Рахметулаеваның мінез-құлқына титтей де кері ықпал ете алмады. Ол – мейірімді, ақкөңіл адам. 15 жылдан аса өзінің күш-қуаты мен білімін Қаржы полициясына арнауда. 2013 жылғы желтоқсанда басқарма бастығының орынбасары лауазымына көтерілді. Ол барлық әйелдер сияқты махаббат пен түсіністікте тату-тәтті өмір сүріп, өркендеу мен орындалған үмітіне дән риза. Ал Агенттіктің кадрлар бас­қар­масы бөлімінің бастығы Элмира Омарованы Қаржы поли­ция­сының барлық қызметкері біледі. Өзінің жүктелген ауыр қыз­метіне қарамастан барлығын атқарып үлгереді. Әдебиеттегі жаңалықтарды қалт жібермейді, отбасына да уақыт табады. Бірнеше мәрте Агенттік басшылығы тарапынан марапатталды, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Мінсіз қызметі үшін» медалімен наградталды. Гүлнар Құсайынова құқық қорғау органдары қатарында 17 жылдан астам қызмет етуде. Бұл талғампаз және нәзік жан үлгі көрсетуге тұрарлық адам – әрдайым жинақы, жарқын жүзді, қызметтік ұжымын ұтымды басқара алады. Кәсіпқойлығы мен сүйікті ісіне деген қайтарымдылығымен таңғалдырады. Атақ үшін емес, жүрек қалауы бойынша қызмет етеді, барлық жан-тәнімен жұмысына беріле отырып, сүйікті мамандығы мен жанұясына деген қамқорлығын біріктіре біледі. Гүлнар Ысмайылова жиырма жылдан аса құқық қорғау органдарында қызмет етуде. Оны қызметте тапсырылған іске деген жауапкершілігі, кәсібилігі, еңбекқорлық пен тәртіп сүйгіштігі даралап тұрады. Гүлнар қамқоршы жар және сүйікті ана. Сол сияқты тағы бір Гүлнар Әлі­ханова – қаржы полициясының полковнигі, құқық қорғау органдарында жиырма бес жылдан астам уақыт қызмет етеді, тәжірибелі қызметкердің бірі. Ол Қарағанды облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің есепке алу және талдау басқармасының бөлім бастығы. Алмагүл Мұсылманбекова – подполковник, қаржы полициясы органдарында 1998 жылдың шілдесінен бастап қызмет етеді. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша департаментінде жос­парлау және бақылау бөлі­мі­нің бастығы болып жұмыс іс­тейді. Алмагүл өз міндетін адал ат­қарғаны үшін бірнеше рет марапатталды. Бұған қоса өздерінің мол өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қызметкерлерді міндеттерін адал атқаруға үйреткен ардагер әйелдер – бүгінгі күні зейнеткерлер. Жұмыстың қиындығына мойымай, қызығына тоймай еңбек еткен ардагер әйелдеріміз қаржы полицейі болып қызмет еткендерін мақтаныш етеді. Мәселен, Бақыт Жұмасанова – полковник. Бақыт құқық қорғау органдарында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Ол қаржы полициясы органдарының ең тә­жірибелі кадр қызметкерінің бірі. Нұрзада Жасбұлғанова – подполковник, қаржы полициясы органдарында Ақтөбе облысы бойынша департаменттің кадрлар бөлімін басқарған. Алайда, көп жылғы жұмыс тәжірибесі барлық уақытын тек отбасына арнауға мүмкіндік бермейді. Нұрзада ардагерлер ұйымының құрылу кезеңінде филиалдың қажетті заң және банк құжаттарын жеке өзі ресімдеген. Қазіргі уақытта филиал мен «Нұр Отан» партиясының құжаттамасын жүргізеді. Қарғаш Жарлығақова – подполковник, қаржы полициясы органдарында құрылған күнінен бастап жұмыс істейді. Он төрт жылдан астам Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменттің Зайсан аймағы бойынша аймақ­аралық қаржы полициясы бас­қар­масында қызмет етті. Еңбек сіңірген жылдары үшін демалыста бола тұра, ардагерлер ұйымының қоғамдық өміріне белсене араласады, жұмыс тәжірибесімен бөлісе отырып, жас қызметкерлерге қол­дан келген көмегін көрсетеді. Бақытжан Әлпейісова – подполковник, қаржы полициясы органдарында 2001 жылдың сәуірінен бастап 25 жылдан астам уақыт жұ­мыс атқаруда. Бұрын ішкі іс­тер ор­гандарында қызмет еткен. Қа­ра­ғанды облысы бойынша де­пар­таменттің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға инс­пектор лауазымынан зейнет­кер­лікке шықты. Жұмагүл Нарымбетова қар­жы полициясы органдарында құ­рыл­ған кезінен бастап 14 жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Қ­ұқық қорғау органдарында 25 жылдан астам жұмыс істеді. Қызмет ету кезінде өзін еңбекқор, алдына қойған мақсаттарына жете білетін қызметкер ретінде көрсете білді. Арулар алған асулар жалғаса береді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».